Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Қожабек ЖАППАСБАЙ: Ат баптау – телегей теңіз ілім...

Қожабек ЖАППАСБАЙ: Ат баптау – телегей теңіз ілім...

    Арғымақ текті халқымызда сонау көне дәуір тезінде қалыптасқан атбегілік дейтін өнер бар. Ол – жүйрік жылқыны таңдап-танып, баптап бәйгеге қосып, бабын табатын адам. Бұл туралы Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарламалық мақаласында да кеңінен айтылады. Дәл бүгінгі күні осы текті өнерден қол үзбей, өрге сүйреп келе жатқан қызылордалық Қожабек Жаппасбай есімді атбегіні осындағы мұқым жұрт түгел таниды. Өткенде сәті түсіп, ақсақалды арнайы іздеп барып жолыққанымыз бар. Ат баптау, тұлпар тақырыбы төңірегінде емен-жарқын әңгіме өрбіттік. Үйіне енген бойда-ақ арғымақтар галереясына тап болғандай күй кештік. Қабырғаның бәрі сәйгүліктер суретімен тұнып тұр. Ал, атбегінің жеке кабинеті құдды бір жәдігерлер көмбесі ме дерсің. Мұнда ат әбзеліне қажетті құрал-саймандардың бәріне бөлме төрінен лайықты орын беріліпті. Тіпті, ер-тұрман ілінген ілгіштердің өзі жылқы бейнесінде жасалғанын көріп, тәнті болдық. Атбегінің бұл талғамына қарап, Қамбар ата піріне деген ерекше құштарлығын анық аңғардық.
         – Сіздің бүгінге дейін жинаған құнды жеке коллекционерлік заттарыңыздың бәрі осында сақталған секілді. Бұл іспен айналысып келе жатқаныңызға қанша жыл болды?
         – Негізі, мұны қызығушылықтан туған коллекционерлік іс деуге келмес. Себебі, бұл – менің, балаларымның күнделікті тұрмыста тұтынатын басты құрал-жабдықтары. Сосын өзі осы кәсіптің жолында, ізінде жүрген адам, осы түлікті бар ынтасымен жақсы көретін жан мұндай дүниелерге ешқашан бей-жәй қарамайды. Әрдайым іздестіріп, сақтап, жинап жүреді. Күнделікті қолданған сайын ерінбей сүртіп, тазалап осылай үйге әкеліп іліп қоямын. Күнде осылай қайталанады. Ал, қорада жатса, дәл бұлай мұнтаздай күйінше сақталмас еді. Атадан қалған кәсіп, жалғасқан мұра болғандықтан көзімді ашқалы бері осымен айналысып келемін. Қазір қолымда тұрған мына күміс ер-тұрман сонау XVIII ғасырға тиесілі. Өзбекстанда жасалыпты. Менің қолыма Қарақалпақстандағы бір жолдасым арқылы 1987 жылы түсті. Ұлымның сүндет тойына арнайы алдыртқан едім. Мына ер-тоқымды (ілулі тұрған қазақы ерді нұсқап) әкем марқұм 1946 жылы сол кездегі ел арасында аты мәшһүр Бөжек деген мылқау ұстаға тапсырыспен ырым етіп соққызса керек. Бір жылдан соң дүниеге мен келдім. Содан бері бұл ер менімен қатар жасасып келеді.
         – Ер-тұрманды әкеңіз жасатқанына қарағанда ол кісі де жылқыға бір табан жақын болып тұр ғой. Сонда арғымаққа деген сіздің қызығушылығыңыз бен іңкәрлігіңіздің оянуына әкеңіз ықпал етті ме?
         – Әкем неше жыл ұстаздық қызмет етсе де, атбегілік кәсібін тастамаған. Өмірінде атқа мініп өткен қазақтың бірі. Торжорға деген атақты жорғасы болған. Мен тәй-тәй басқаннан-ақ ол кісі жылқы үстінде мені үнемі алдына міңгестіріп өзімен бірге алып жүретін көрінеді. Бір күні сол жорғасын ерттеп жатып, менің жылқының артқы аяғын құшақтап, бауырында тұрғанымды көріп, зәресі ұшып кетіпті. Ол кезде мен 2 жасар бала екенмін. Сөйтіп, жануарды алдап-сулап, мені аман-есен құтқарып алыпты. Мен осылай кішкентайымнан аттың бауырында өсіп, 10 жасымда бәйгеге шаптым. Өзімнің ұлым да тура 10 жасында бәйгеге қатысты. Мектеп бітірген соң мал дәрігерлік мамандығын игеріп, Сырдария ауданында 30 жылдай ветеринарлық дәрігер болып қызмет жасадым. Ал, атбегілік менің өмірімнің бір бөлшегі болып қала берді. Одан ешқашан қол үзген емеспін. Сенің бар ішкі жан-дүниеңді ұғатын бұл жануарды қалай жақсы көрмейсің? Әлі күнге дейін таңертең тұрғанда қорадағы тұлпарымды қасы-көзін сүртіп, сипамай, таңғы асқа отырмаймын. Онсыз ас батпайды. Бұл мен үшін әдетке айналған.
         – Демек, атбегілік өнер де қанмен келетін қасиет болды ғой...
         – Әкем көзі тірісінде Луговой ат зауытынан төрт мың сомға ақалтеке сатып әкелді. Ол кезде бұл баға су жаңа "москвичтің" құнымен тең. Соның алғашқы құлынын "Немеремді міңгізерсің" деп маған тарту етті. Оны өзім желдіріп, өзім күтіп-баптадым. Ат баптаудың түркімендік әдісі болса керек, жем салынған ыдыстың түбін жерден жарты метрдей тереңдікке көмеді екен. Сонда ат жемді жеу үшін шұңқырға басын созып, еңкейе-еңкейе алдыңғы аяғының қолдау еті, мойны өседі. Бәйге аты осылай қалыптасады екен. Осылай ат баптауды үйреніп, әуелі аудандық бәйгеден бастадық.
         – Әрбір ат жаттықтырушының өз әдісі бар. Дегенмен, қазір тәжіриелі атбегілердің қатары сиреп барады. Олардың көпшілігі ат жаратудың жетік тәсілін біле бермейді. Осы орайда бұл саладағы тәжірибеңізбен бөлісіңізші.
         – Мұның бәрін негізі жария ете бермеймін. Бұл да құпияның бір түрі ғой (күліп). Атты бүгін жем-шөбін, суын беріп, кездірген соң ертесіне онымен кәдімгі жолдасыңдай сөйлесесің. Қас-қабағына, тұрысына қарайсың. Кешегі жүрістен шаршағандығы білінсе, онда бүгінгі дайындығыңды жеңілдетесің. Ал, жылқы ойнап, көз жанары жайнап тұрса, жасап жатқан бағытың дұрыс деген сөз. Кешегі жаттығуыңа тағы да жүктеме қоса түсесің. Бастысы, жануарды титықтатып, шаршатып алмауың керек. Жетектеп, ойнақтатқаным болмаса, еркінен тыс күш салмаймын. Демек, атты еліктіріп дайындауың шарт. Сосын өте қатты семіртпеген абзал. Ал, семіз жылқыны жаратуда әуелі оны мұздай суға жалдаймын. Суға айдап, жүздіремін. Содан соң жұқа жабу жауып, 10-12 шақырып жерге жүргіземін. Осындай жаттықтырудан соң 10 күннен кейін-ақ аттың денесі, іші тартыла бастайды. Бәйге күні жақындаған соң екі мәрте терін аламын. Яғни, қалың жабумен шауып келгеннен соң сексеуілдің оты жанған темір пеші бар жабық қораға кіргізіп, есігін тарс жауып, қамап тастаймын. Үстіндегі қалың жабуға қоса, тағы да бас жағына киіз бүркеледі. Сонда ыстықтан жылқының бойындағы бүкіл қатқан тер жібіп, су болып тұяққа қарай ағады. Сол тұяққа аққан терді бақылап отырып, оны әлсін-әлсін саусақтың ұшымен жалап отырамын. Әуеліде бой-бой болып аққан тер таңдайыңды қуырардай кермек, дәмі өте ащы болады. Құдайдың құдіреті, әлгі моншақтаған тер ең соңында қара судың дәміндей тұп-тұщы болып шыға келеді. Демек, бұл аттың бүкіл өн бойы қатқан терден арылып, тазарды деген сөз. Сөйтіп, бастан-аяқ ыстық сумен жуамын. Үстіне құрғақ жабу кигіземін де далаға біршама уақыт желдіремін. Сонда әбден терін алған жылқының денесі кәдімгі жас баланың терісіндей жұп-жұмсақ жібектей болып шыға келеді. Ал, кейде біз ойлағандай тер де шықпай, біраз әбігерге салатыны бар. Ондай кезде жем салынған дорбаны тұмсығына іліп тастаймын. Сол кезде онсыз да бүркеніп тұрған мал дорбамен тұншығып, бусана бастайды. Оның үстіне қалтадағы жемді жеймін деп-ақ жанталасып құйыла терлейді. Мұны қазақта "қамау тер" деп атайды. Бәйге жарысқа он және үш күн қалғанда осылай екі мәрте тер аламыз. Міндетті түрде арасына бір жеті уақыт үзіліс жасалуы қажет. Осылай бәйге атын жаратуға тура 40 күндей уақыт кетеді. Ал, қазіргілер асығыс-үсігіс, бас-аяғы он күннің ішінде жаратады. Одан жылқыға үлкен күш түседі.
         – Ес білгелі атқа мініп, жылқы жаратып келесіз. Қазіргі кезде атбегілердің жорға баптауда жіберіп жүрген кемшіліктерін атай аласыз ба?
         – Қазіргілер атқа жолдас деп қарамайды. Көпке топырақ шашпайын. Бірақ, бүгінде көбісін дүниеқұмарлық жеңіп кеткен. Жылқының жағдайы ойына кіріп-шықпайды. Тек бар мақсаты – жүлдеге тігілген дүниеге ие болу, алғаш болып қол жеткізу. Қайтсек те, озуымыз керек дейді. Сөйтеді де, жоғарыда айтқандай асығып-аптығып аз уақыттың ішінде баптап, бәйгеге қосады. Алаңға шығар алдында дәрі егетін бапкерлерді де көрдім. Бұл – жануарға жасалған үлкен қиянат. Бойындағы дәрінің әсері бар сәйгүлік бет-алдына қарамай өлім етіп шаба береді. Шаршағанын білмейді. Ақыр соңында өліп тынады. Соның салдарынан жүректің қабы жарылып кетіп, ұшып түскен тұлпарға талай мәрте куә болдым. Қарап тұрып, жаның ашиды.
         – Бүгінде қаржысы бар азаматтар ағылшын аттарына қызығып, қымбат құнына қарамай сатып алып жатыр. Сонда біздің жылқыға қарағанда шынымен олардың бәсі жоғары болғаны ма?
         – Олардың жүрегі қазақ аттарынан екі есе үлкен, қадымы бір жарым есе адымды, кең. Біздікінің тұрқы қысқа. Дегенмен, олар жақын қашықтықта ұшқырлық танытқанымен, алысқа шыдамдылық таныту жағынан қазақы жылқыдан шыққан жүйріктерге қарағанда әлдеқайда әлсіздеу. Ал, біздің жүйріктердің кезінде екі, тіпті үш күн бойы тоқтамай шабатыны болған. Қазір енді екі-үш күндік қашықтыққа межеленген бәйге де жоқ қой. Ары кетсе 25 шақырымнан аспайды. Сондықтан қысқа шабыста көсіліп жүйткитін ағылшын сәйгүлігіне құмар шығар.
         – Жүйрік аттарды ұстайтын азаматтардың барлығы бірдей жылқы малының бабын тап баса бермейді. Сондықтан көбісі атбегі жалдауға мәжбүр. Сіз де сондай қалталылардың сәйгүлігін ақысына жаратып берген кездер болды ма?
         – Жоқ, текті өнерді тиынға пұлдау – мен үшін жат дүние. Дегенмен, мұндай ұсыныстардың болғанын жасырмаймын. Бас тарттым.
         – Шашасына шаң жұқтырмай мыңнан озып келер жүйрікті жылқының сырын білетін адам ғана көзбен жазбай таниды. Өзіңіз ат сатып аларда не нәрсеге аса мән бересіз?
         – Мен жылқыны жиі сатып аламын демеймін. Себебі, өзімнің қорамдағы жануарлардың тұқымымен-ақ ат баптап жүрген кісінің бірімін. Бірақ, түбінде жорға болатын ат бір көргеннен-ақ белгілі. Көз жанарына дейін өзі адамды ыстық тартып тұрады. Шабысты сәйгүліктің танауы, алқымы, қолтықтың асты кең болады.    
         – Жылқы да адам сияқты. Бір атасына бір атасы жақындай қалса, қаны бұзылады, азып кетеді деп жатады. Бұл қаншалықты рас?
         – Толықтай рас. Төрт түліктің бұл түрімен айналысатын кез келген адам ұстап отырған атының қай айғырдан тарағанын білуі шарт. Қазақы жылқы айғырларының өзі ұрғашы құлынын 2-3 жасқа толғаннан соң басқа үйірге қуып жібереді. Мұның өзі бұл жануардың тектілігін көрсетеді.
         – Қазақ "Жабыдан айғыр салма жалды екен деп, жарақтап мінер ат тумайды" дейді. Сонда осындағы жабы жылқы тұқымының осалы болғаны ма?
         – "Жабыдан жүйрік шықса, жылқы жолдас емес" деген де бар. Бірақ, жабыдан да жүйрік мыңнан бірінде шығады екен. Ел аузында баяғыда бір қазақ Түркіменстанға барып, бәйгеге қосса, жабысы жалғыз келіпті деген де әңгіме бар. Десе де, жабы бәйгенің аты емес. Бұл – қазақтың еті мен сүті үшін өсіретін жылқысы. Бірақ, ұзақ жолға, үйірге өте шыдамды. Кезінде Ақсақ Темір, Шыңғысхан әскерлерінің астындағы атының көбісі осы жабыдан болған деседі.
         – Бәйгеге түскен жорғаның оқ бойы озып келуіне шабандоздың да өз үлесі бар екені мәлім. Оған қойылар талап-міндет бар ма?
         – Әуелі, ат үстіндегі бала астындағы жануардың тілін түсіне білуі шарт. Қызбалыққа салынбай, аттың өкпесін қыспауы керек. Қай жерде қамшылап, қай тұста аттың басын іркуді де меңгеруі тиіс. Сосын шабандоздың мейлінше жеңіл болғаны дұрыс. Көбіне, 42 келіге дейінгі салмақтағы бозбалалар таңдалады. Ал, ер-тоқым 2-3 келіден аспағаны абзал.
         – Тұлпар тектілігі, киесі, қасиеті туралы ел аузында сақталған қызықты әңгімелерді өте көп білесіз. Оқырманның ойында жүрсін деген ниетпен бір-екеуін әңгімелеп беріңізші.
         – Орыстың бай дворяндары ағаштан екі қабатты үй салғанда, төменгі жағын міндетті түрде ат қораға арнайтын болған. Жоғары бөлігін өздеріне үй ретінде пайдаланған. Себебі, жылқы зәрінің пайдасы ұшан-теңіз екенін олар сол уақыттың өзінде жетік біліпті. Төменгі қабаттағы жылқылардың зәрі буланып, оның иісі еден арқылы жоғары өтіп, айрықша ауа бөліп тұратын көрінеді. Ал, бұл зәр иісі өз кезегінде адамдардың қан қысымы, жүрек ауруының алдын алған деседі. Сосын жылқы малы ешқашан жағадан, тайыз жерден су ішпейді. Ол кешіп барып, ең тұнығынан, ең мөлдірінен жұтқанды жаны сүйеді. Тұлпардың тазалығының өзі осында жатыр. Ал, қамшы қасиетін сөз етсем, оны қазақ қашанда төріне іліп, қадір тұтқан. Ертеректе ата-бабалармыз жаңадан бас қосқан жас жұбайлардың неке төсегінің маңдайына осы қамшыны іліп қойған. Оның себебі – бұзылмас серттің символына айналған оны некенің беріктігіне әрдайым тілеулес болып тұрады деген сенім қалыптасқан. Сондай-ақ, батыр бабаларымыз бұрын қамшы өрімінің арасына 4 елі қорғасын қосып өрген. "Жау бөрік астында" деп аяқ асты дұшпан бетке келгенде ат үстіндегі батырларымыз ешқашан қапыда қалмаған. Қорғасын қосылған қамшымен періп келіп қалғанда әлгі пәтшағардың маңдайы қақ бөлінетін көрінеді. Міне, осылайша қайыс қамшымен-ақ ержүрек бабалар төске шапқан дұшпанға тойтарыс беріп отырған.   
    – Уақыт бөліп, емен-жарқын әңгімелескеніңізге рақмет, ата!
Сұқбаттасқан Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
05 ақпан 2019 ж. 2 071 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 440 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам