Биыл Қызылордадағы 15 мың ауыл тұрғынының тілегі орындалады
Қазалы ауданы аумағындағы Сырдария өзенінің «Әлсейіт» өткелінің орнына жаңа темірбетон көпір салынуда. Халық көптен күткен көпір биыл пайдалануға беріледі.
Қазалы халқының 90 пайызы Сырдарияны жағалай қоныстанған. Сол себепті, ел үшін көпір мәселесі өте өзекті. Мәселен, дарияның «Әлсейіт» учаскесіндегі қалқымалы көпірдің жағдайы алаңдатарлық. Көктем және күзде сең жүргенде халықтың аудан орталығына қатынауы қиындайды. Қыста дарияда мұз қатар сәтте өткелді алып тастауға тура келеді. Ал «Әлсейіттің» қалқымалы көпірін дарияның арғы бетіндегі Бекарыстан би, Жалпақ, Майдакөл, Түктібаев, Қожабақы, Аранды ауылдарының сегіз мыңнан астам халқы пайдаланып отыр. Арал ауданының Қызылжар, Қосжар, Жетес би, Аманөткел, Жаңақұрылыс, Қаратерең, Бөген елді мекендерінің халқы да, балықшылар да осы өткел арқылы қатынайды. Осыдан-ақ, «Әлсейіт» өткелінің маңызын түсінуге болады.
Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе Кеңес дәуірінен бері шешімін таппаған. Алайда, Арал теңізін қалпына келтіру бағытында қолға алынған САРАТС жобасының аясында тұрғындардың тілегі орындалды. 2016 жылдың соңында «Әлсейіттегі» көпірдің құрылысы басталды. Жаңа көпір аяқталса, Қазалы ауданының жеті ауылы мен Арал ауданының алты ауылындағы 15 мың адам жол азабынан құтылады.
Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевтың айтуынша, көпірдің құрылысы жүріп жатқанына бір жылдан асты.
«Құрылысқа 2017-2018 жылдарға 1 миллард 565 миллион теңге жұмсалды. 2019 жылға көпір құрылысына 1 миллиард 127 миллион теңге қаржы бөлінді. Амандық болса, биыл халық көпірдің игілігін көреді деп жоспарлап отырмыз», – дейді аудан басшысы.
Көпірдің ұзындығы 220 метрге созылмақ. Ені – 12 метр. Көлік жүретін екі жолақты жолы да, жаяу жүргіншілер жолы да бар. Көпір салмағы 180 тонна болатын көлікті көтереді.
Осы өткелден өтетін ауыл тұрғындары көпір құрылысын тарихи сәтке балап, қуанып отыр.
«Көпірдің салынып жатқанына бәріміз қуаныштымыз. Шындығында, бұл мәселе елді әбден әлекке түсірді. Енді бұл қиыншылық артта қалады деп үміттеніп отырмыз», - дейді Майдакөл ауылының тұрғыны Қуаныш Ерімбетов.
Ал Еңбек ардагері Базарбай Нағыманов көпірдің құрылысы салынып біткеннен кейін де оның тарихи атауын сақтап қалуды ұсынып отыр.
«Заманында Әлсейіт батыр болған. Жер дауын, жесір дауын шешіп, елді бірлікке шақырып отырған. Ел аузында сақталған әңгімеге сүйенсек, қыс қатты әрі ұзаққа созылып, көктемгі жаңбырға ұласқан. Сырдария арнасынан асып, дарияны жағалай қоныстанған ауылды түгелдей су шаяды. Сұлутамға (қазіргі Әйтеке би кенті) қатынас қиындайды. Осы ауыртпалықтан елді Әлсейіт құтқарады. Ол қайық жасатып, жол жүрген адамдарды өзеннен өткізуді ұйымдастырады. Сол жер «Әлсейіт қайығы» аталып кетті. Осы жерге заман талабына сай көпір салынып жатқаны қуантады. Ендігі біздің тілегіміз сол көпір болашақта елдің алғысына бөленген Әлсейіт бабаның есімімен аталса дейміз», - дейді еңбек ардагері.
Айта кетейік, САРАТС-2 жобасы аясында Қазалы ауданы аумағында тағы бір қалқымалы көпірдің мәселесі шешілмек. Қазіргі таңда дарияның Қарлан учаскесінде көпір салу үшін техникалық экономикалық негіздеме алынып, жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Бұдан басқа, Қожабақы-Бекарыстан би аралығындағы «Аяған» көпірі жөнделіп жатыр.