Өнер академиясы ашылады
Қорқыт атаның күйлері мен Сыр сүлейлерінің шығармалары дүниежүзілік музыкалық аудиоэнциклопедияға енді. Мыңжылдықтарға ұласқан мақамсаз өнерді насихаттап жүрген әнші-жыршылардың халықаралық деңгейдегі жетістіктері аз емес. Дәстүрлі өнердің әлемдік өркениеттегі мәртебесін биіктету үшін кәсіби тұрғыда дамыту қажет. Сыр өңірінің өнер жанашырлары аймақта қазақ дәстүрлі өнер академиясын ашу туралы бастама көтерген болатын.
Осы ретте ұлттық өнерді насихаттау және жас өнерпаздарға қолдау көрсету мақсатында Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің базасында өнер академиясын ашу көзделіп отыр.
– Ол шамамен 250 студентті қамтиды. Балалар колледж, бакалавр, магистратура деңгейінде өнер-білімді игеріп шығады, – деді облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Сыр елінің мәдени бренді – Қорқыт ата мұраларының БҰҰ жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық мәдени мұралары тізіміне енуін мәдениет саласының ең басты жетістігі ретінде атап өтті. «Осы орайда қызылордалықтар қолдап жатса, 27 қарашаны «Қорқыт ата күні» ретінде белгілеуді ойластырып отырмыз», – деді ол.
Жастар жылын тиісті деңгейде өткізу үшін кешенді іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді. Оған салалық құрылымдар 28 жаңа жоба ұсынды. Жалпы, қазіргі кезде облыс халқының 24%-ін аталған санаттың өкілдері құрап отыр. Соңғы бес жылда жұмыссыз жастардың деңгейі 5,1%-тен 4,2%-ке төмендеді. Ал NEET санатындағы үлесі 9,3%-тен 7,5%-ке азайды.
2018 жылы бірқатар ауылдық клуб, облыстық мемлекеттік архив ғимараттары пайдалануға берілді. Архив қызметкерлері қазіргі уақытта бүкіл құжатты электронды нұсқаға көшіруге күш жұмсауда. Ақпан айында өтетін республикалық жас ақындар айтысы осы жылдың еншісіндегі айтулы шара қатарында. Ол Әйтеке бидің 375 жылдығына байланысты ұйымдастырылады. Ал түркітілдес елдер өкілдерінің қатысуымен Босния-Герцеговинада болатын классикалық камералық оркестрлер фестиваліне облыстық филармонияның камералық оркестрі қатыспақ.
Биболат Сәтжан.