Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жаңа жобалар жарқын істерге жетелейді

Жаңа жобалар жарқын істерге жетелейді

   Сыр өңірінің орталығы – Қызылорда сан түрлі кезеңдерден өткен, биік белестерді бағындырған, талай тарлан тұлғаларды түлеткен тарихи қала. Қазіргі таңда қос ғасырлық тарихы бар шежірелі шаһардың даму даңғылындағы жолы айрықша. Бүгінге дейін сан алуан игілікті істер жүзеге асты. Алда да атқарылатын шаралар аз емес.
Биыл қала көркін аша түсетін бірнеше жоба көпшілік көзайымына айналмақ. Жібек жолы даңғылында жалпы ауданы 87 мың шаршы метрден асатын аумаққа аллея, скверлердің эскиздік жобасы әзірленген. Сондай-ақ, "Сыр-ана" кешеніне қайта жаңғырту, абаттандыру шаралары жүргізіліп, көпшіліктің сүйікті орнына айналмақ. Ал, Тұңғыш Президент саябағы мен Рәміздер алаңы аралығында жалпы көлемі 36 гектарды құрайтын жаңа демалыс саябағы биыл мамыр айында ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Осының барлығы қала тұрғындары мен қонақтарының жайлы демалуына қолайлы жағдай туғызады.
– Қала бюджеті жыл басынан бері 21 пайызға өсті. Оның ішінде білімге – 41, құрылысқа – 18, коммуналдық шаруашылық саласына – 14 пайызы бағытталды. Жыл көлемінде қала кәсіпкерлерінің өз қаражаты есебінен 73 нысан іске қосылды. Нәтижесінде мыңнан аса жаңадан жұмыс орны ашылды. "Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі" бағдарламасымен "Мерей", "Ақмешіт" мөлтек аудандарындағы кәріз су құбырлары қайта жаңғыртылды. Қалаға қарасты елді мекендерге ауыз су құбыры тартылды. Қазіргі таңда республика көлемінде Қызылорда – қалаішілік су құбырлары 70 пайызға жуық толық жаңарған, таза жер асты ауыз суын тұтынып отырған бірден-бір қала, – деді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Қала халқының қарқынды өсуіне байланысты Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру де нәтижелі жүзеге асуда. Былтыр қаланың Бас жоспарына түзетулер енгізілді. Облыс орталығының аумағының көлемі екі есеге артты. Жаңа жоспар негізінде облыс орталығының аумағы 20 мың 582 гектарға ұлғайған. Шаһар басшысының айтуынша, қала шекарасындағы мұндай өзгеріс халықтың жаңа қоныстану аймақтарын қалыптастыруға ықпал етпек. Ал, жеке тұрғын үй құрылысы жаңадан ашылған "Бәйтерек" тұрғын ауданына қарай дамып, көп қабатты тұрғын үй Сырдария өзенінің сол жағалауында салынады.
    – Айта кетейік, бұған дейін "Арай", "Сабалақ", "Эдельвейс" саяжайында қала аумағына қосылу, жол, ауыз су, жарық мәселелері өзекті болып келген еді. Енді қаланың бас жоспарындағы өзгеріске сәйкес аталған саяжайлар қала аумағына енгізілді. Қазіргі таңда осы аумақтарға тиісті қаржы бөлініп, кезең-кезеңімен инженерлік инфрақұрылымын дамыту шаралары жүргізілуде, – деді Н.Нәлібаев.
Сондай-ақ, қала әкімі жыл сайын қала бюджетінің басым бөлігі білім саласына бағытталып жүргендігін жеткізді. Білім сапасын арттыру, үш ауысымдық мектептерді жою мақсатында жаңа ғимараттар ел игілігіне айналды. Мәселен, былтыр Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Тасбөгет кентінде 140 орындық жаңа балабақша кішкентай өрендерге есігін айқара ашты. Мемлекеттік цифрландыру бағдарламасы бойынша қала мектептерінің компьютермен жабдықталуы, интернет желісіне қолжетімділігі, электронды күнделік жүйесіне қосылу көрсеткіші де жоғарылай түсті. Көрсетілген қолдау мен ұстаздардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде қалада былтырғы оқу жылында мыңнан аса түлек мемлекеттік грант иегері атанған. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен облыс көлемінде ең үздік нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінің санын арттыру бағытында Жаппасбай батыр көшесі бойында 600 орындық жаңа мектеп биыл пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, сол жағалауда, "Арай" ықшам ауданында, "СПМК-70" ауданында, Қызылжарма елді мекенінде, "Саяхат" аумағында мектеп ғимараттарын салу үшін жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, бүгінде мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Ал, "әл-Фараби" көшесіндегі №261 мектептің жанынан 150 орындық қосымша ғимарат салу шарасы да назардан тыс қалмаған.
Баспасөз мәслихатында қала әкімі кезекте тұрған тұрғындарды жер телімімен қамтамасыз ету мәселесі төңірегінде назарда ұстауға тиіс бірнеше жәйтті де тілге тиек етті. Өздеріңізге белгілі, бүгінге дейін «Бәйтерек» мөлтек ауданынан 2005 жылдары кезекке тұрған азаматтарға жер телімі табысталды. Дегенмен, аталмыш аумақта берілген жер теліміне ие болған кейбір тұрғындар қазіргі таңда оны пайдаланусыз қалдырып отыр. Осы тұрғыда қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев үш жылға дейін берілген жер телімдерін тұрғындар өз игілігіне айналдырмаса, мемлекет кері қайтарып алатындығын ескертті. Ал, кезекте тұрған азаматтар жер учаскесіне заң жүзінде қол жеткізеді. Ешқандай алып-сатарлық болмайды. Сондықтан тұрғындардың ыждаһаттылық танытып, берілген аумақты өз қажетіне игеріп алуы тиіс. Баспасөз мәслихатында журналистер тарапынан қала басшысына көптеген сауалдар қойылды. Оған қала әкімі жан-жақта жауап берді.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
16 ақпан 2019 ж. 942 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 450 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам