Тасжарған гүлдей көктеген өнер
Қайырымдылық – адамға тән қасиеттің ең асылы. Жаныңдағы жанға жақсылық жасау, тілеулес болу кейінгі ұрпаққа үлгі етуіміз керек өнегенің ең озық үлгісі. Осындай үлгіні арқау еткен тағылымы мол шараның бірін №11 мектеп-лицейі ұйымдастырды. Мектеп директоры Батырбек Әбиевтің бастамасымен С.Майқанова атындағы мәдениет үйінде «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық кеш өткізілді.
Шара жас әнші Бақдәулет Әбілдаұлының шығармашылығына арналды. Жиырма жастың желкенін керген өнер иесі 2015 жылы жазатайым көлік апатына ұшырап, сал болып қалған. Тағдыр сынағына мойымаған жас өнерпаздың ұмтылыс-ізденісі көп. Өзі тұратын Сырдария ауданына қарасты Тереңөзек кентінде отырып-ақ, өнерін өңірімізге танытуда.
– Өзінің орындауындағы әндерді әлеуметтік желіде жариялап, жастар арасында танымал болып үлгерген өреннің өнеріне қызыққан мектеп оқушылары ұстаздарына өздері ұсыныс тастаған. Өз кезегінде мұғалімдер осындай кештің өтуіне ұйытқы болып отыр, – дейді №11 мектеп лицей мұғалімі Мақпал Нәріпбаева.
Сонымен қатар, «Жас Отан» жастар қанаты өз үлесін қосқан. Ән кеші жастар санасына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастыруды, өмірді бағалай білуге тәрбиелеуді мақсат етті. Жас талантты қолдауға келгендер де өз лебізін жеткізді.
– Бір-біріне жанашыр болу, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске атсалысу – әрбір адамның азаматтық парызы. Болашақта еліміздің өркендеуі үшін білімді, өнерлі жастар керек екенін ескерсек, оларға дұрыс нұсқаушы болу маңызды. Анығында, адам көкейіне қонған өнер тасжарған гүлдей бәрібір көктеп шығады. Тағдырдың қатал сынағына түссе де, мойымаған, өмірге құштар өнер иесінің шығармашылығына сәттілік тілеймін, – деді қалалық білім бөлімінің бас маманы Гаухар Құдайбергенова.
Кештің басты кейіпкері Бақдәулет Әбділдаұлы өз кезегінде оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Алға қойған мақсатымен бөліскен ол жақын күндері жаңа ән жаздыратыны жайлы жаңалығын жеткізді.
Қашанда өнерімен көзге түсіп жүрген жас бұл шаруаны жер аяғы кеңіген соң іле-шала қолға алмақшы. Бұған біз де қуанып қалдық. Қаншама тағдыр тауқыметі алдынан шықса да қайырымы мол адамдардың қолдауын сезініп, өмірге құштарлығы күшейе түскен Бақдәулет егемен еліміздің ертеңі бүгінінен де шырайлы болатынына сенімді.
– Елімізде өз өмірін жақсартамын деген адамға қолдау жасалуда. Біз бұған шынайы алғысымызды білдіреміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үйлер салуға, олардың өз ісін ашуларына, шығармашылықпен айналысуларына деген қамқорлықты айқын сезініп отырмыз. Бүгінгі шараның өзінде қаншама адам рухани азық алды, – дейді ол.
Өз өмірі жайлы сыр бөліскен ол бала күнінен өнерге, әнге жақын болыпты. Әнші ағаларының әндерін бір тыңдап, жаттап алатын. Өсе келе мектептегі іс-шараларға қатысып, сахнаға жиі шыққан.
Ән кешінің барысында да жас әнші көрерменді «Өлшеулі өмір», «Әке-ана», «От жігіт», «Шүкір ет» секілді салмақты әндердің байсалды әуенімен тербеді. Сонымен қатар, ҚР мәдениет қайраткері Үміт Медеуова, кәсіпкер әйелдер ұйымының мүшесі Баян Бектұрғанова секілді өнер иелері әннен шашу шашты.
Ал «Жылы жүрек жастар» еріктілер тобының жетекшісі Сағатбек Қуанышбайұлы жас өреннің шығармашылығына қолдау білдіру үшін арнайы келген.
– Тағдырынан таяқ жесе де табанын бақыттан тайдырмайтын жандар болады өмірде. Бақдәулет Әбілдаұлы – көңіліне қаяу түссе де, жүрегін кір шалмаған сондай бірегей болмыс иесі. Қоларбаға таңылғанына қарамастан сау адамнан бетер еңбек етіп, өнерін шыңдауда. Бірқатар облыстық, республикалық байқауларда бақ сынап, өрелі өлең мен әсем әннің әуезін кетірмей орындап жүр. Бізді жадыраңқы күлкісімен жылы қарсы алғанда «апырай, өмірге осынша нұрлы көзбен қарауға болады екен-ау» деп таңырқадық, қайсарлығына тәнті болдық, – дейді ол.
Шара соңы №11 мектеп-лицей оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Биболат Сәтжан.