Тәрбиеші
«Айсұлу апайға барамын...». Біздің үйдегі әрбір таңда балаларым осылайша бүлдіршіндер ұясына қадам басады. Айару мен Нұриддин бақшадағы апайын жақсы көргені сондай оған деген махаббаты анық сезіліп тұрады. Бұл тәрбиеші Айсұлудың бүлдіршіндерге шынайы көңілінің дәлелі шығар.
Әрбір баланы бақшаға кірген сәттен күліп қарсы алу, оларға жылы сөзін айтып, мейірім төгудің өзі бір ғанибет. Осындай мейірім арқылы қоғам алдында зор құрметке ие боласың.
Тәрбиеші мамандығын қиындығын сол кәсіпті таңдаған, осы жолда еңбек етіп, тер төгіп жүрген жан ғана түсінеді. Қызығы мен қиындығы мол аталмыш мамандық иесінің жұмысы туралы бір ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өз ісіне жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан олардың еңбегі ұшан-теңіз. Сондай жанның бірі – Сырдария ауданы, Бесарық ауылындағы «Бөбек» балабақшасының тәрбиешісі Айсұлу Қаршығаева. Ол топқа кірген әр баланы жылы шырай мінезімен күліп қарсы алады. Бір мезетте әр үйдің еркесімен тілдесу – сырт көзге ғана оңай көрінер. Айсұлу мамандығының қиындығына қарамастан осы саланы қалады. Себебі, көңілі тап-таза ақ қағаз тәрізді балаларды жаны сүйді. Бұл қызметті абыроймен атқарып келе жатқанына да биыл алты жылдан асты.
– Баланы қалай шимайласа солай қалыптасады. Яғни, алғашқы тәлім-тәрбие, адамгершілік қасиеттер – оның өмір парақтарының алғашқы беті. Сол үшін тәрбиешіге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Топтағы әрбір бала ашылмаған сыр, құпия. Әрқайсысының мінезі әртүрлі. Бір бала жылдам болса, екіншісі баяу, барлық нәрсені байыппен жасағанды жақсы көреді. Ал үшіншісі өзімен-өзі отырғанды жаны сүйеді. Солардың мінезіне сәйкес жұмыс жасауға тырысамын. Біздің мамандық балаға деген махаббатсыз болмайды. Мен оларды жақсы көремін. Әрбір ісіне, сөзіне түсінушілікпен қараймын, – дейді Айсұлу.
«Баланы ең әуелі мейір-шапағатқа, одан соң ақыл-парасатқа, ақырында нағыз пайдалы ғылымға, еңбекке баулы» деген екен Абай атамыз. Тәрбиеші Айсұлудың бойынан осы қасиеттерді анық көруге болады. Кәсібін шын жүрегімен жақсы көретіні көзіндегі оларға деген мейірімділіктен байқалады. Қамқорлық, жанашырлық, шыдамдылық, шынайы және әрдайым шығармашылық ізденісте болу оның бойынан ізгі қасиеттерден табылады.
– Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Себебі, тек қана бала, еш нәрсеге де алаңдамай мейірімділікке сенеді. Кішкентай алақанын қойып, өз құпиясын айтып, маған сенім артады. Пәк көңіл бүлдіршіндер маған қуаныш, шаттық сыйлайды. Осы сенімнің болуы – әр тәрбиешінің бақыты. Біздің жұмыс күрделі де, қызықты. Шынын айтсам, кейде жұмыстан соң үйге келгенде, қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ, сол өткізген күнді талдай отырып, балалардың маған деген ықыласын, ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарын бір сәт еске түсірсем, шаршағаным тез ұмытылады, – дейді ол ағынан жарылып.
Абай атамыз «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады, біріншісі – ата- анадан, екіншісі – ұстазынан, үшіншісі – құрбысынан» деген екен. Өз мамандығын жетік игерген Айсұлу оларды педагогикалық негізде тәрбиелейді. Әр сабағында қазақ ертегісінен талдау жасап, шынайы өмірден мысал келтіреді. Бүлдіршіндермен бірге билейді, ән айтады, сурет салады. Оның нәтижесі де жоқ емес. Өткен жылы тобындағы балалар республикалық жарыстарда биіктерден көрінді. Мәселен, «Шабыт» білім беру-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Қауіпсіз жол» тақырыбында өткізілген республикалық сурет байқауында балғындар алғашқы орындардан көрінді. Сонымен қатар, «Біздің сүйікті ертегіміз» атты сырттай өткізілген республикалық интернет-байқауында бүлдіршіндері жүлделі орындарға ие болды.
Ал Айсұлудың жасаған жұмыстары елеусіз қалған емес. Осы жылдар ішінде “Үздік тәрбиеші – 2018” байқауында өзінің жаңашылдығымен кәсіби шеберлігін көрсетіп жүлделі ІІ орынмен марапатталды. «Ziat» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Тәрбиеші болу – бақыт» атты мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметкерлеріне арналған республикалық сайыста ІІІ орынға ие болды. 2018 жылы оның еңбектері ерекше еленіп, республикалық ғылыми-педагогикалық орталығынан Құрмет грамотасымен және «Шығармашылық ұстаз» төсбелгісімен марапаталды.
Айсұлудың өмірден түйгені – ең бірінші қоғамға мейірім керек. Сондықтан да бүлдіршіндерге мейірім төге отырып, биік белестерге жетуіне жауапты екенін ешуақытта естен шығармайды. Әрбір баласы үшін аянбай еңбек етіп, одан жақсы бала шығаруды мақсат етеді.
«Жақсының жақсылын айт, нұры тасысын» дейді. Расында, қазіргі қоғамда бүлдіршіндерді ұрған, соққыға жыққан тәрбиешілер әлеуметтік желілерді шарлап кетті. Біз тек жамандықты көреміз. Соларды көрсетіп, насихаттаймыз. Сол үшін да арамызда жақсы жандар бар екенін насихаттап, оларды үлге ету қажет.
Бүлдіршіндерді өз баласындай жақсы көретін, оларға ерекше мейіріммен қарайтын тәрбиешілер әсте жоқ емес. Біздегі мақсат – бір ғана Айсұлудың жұмысын көрсету арқылы тәрбиешілерге деген жақсы көзбен қарауды сезіну. Өмірде жақсы адамдар да бар. Тек пейіліміз түзу болса болғаны...
Айтолқын АЙТЖАНОВА.