Жаңа жоба кімге тиімді?
Бүгінгі таңда елімізде ақпараттық технология жедел дамуда. Қағазбастылықтан арылу, электронды түрде жұмыс жасау білім саласының жүйесіне де енді. Соның бірі ретінде 2016 жылдан бастап барлық білім ошақтарында электронды күнделік енгізілуін айтуға болады. Жаһандық желідегі kundelik.kz сайты арқылы оқушының ата-анасы баласының сабақ үлгерімі мен үй тапсырмасын онлайн түрде қадағалайды. Дегенмен, жобаны қабылдаған күннен бастап сыни-пікірлер, түрлі көзқарастар айтылды. Бүгінде мұғалімдер мен ата-аналар да күнделіктің электронды нұсқасына үйренді. Тіпті, оның қағазбастылықтан арылуға мол мүмкіндік екенін де айтатындар бар.
Kundelik.kz ІТ компаниясының мəлімдеуінше, бұл жоба ата-ана, оқушының басын бір желіде қосатын автоматтандырылған жүйе. 2018 жылдың дерегіне сүйенсек, елімізде 6 мыңнан аса мектеп оған тіркелген. Ал 2 жарым мыңнан аса білім ошағы толықтай осы желімен жұмыс жасайды.
Күннен-күнге заманауи технология дамып келеді. Ал көштен қалмай, ілгері жылжу – біздің міндетіміз. Жаңа жоба бойынша Сыр өңірінің ұстаздары қаншалықты жұмыс жасауда? Бұл сауал көпшіліктің көкейінде жүргені анық. Айтулы жобаға облыстағы барлық мектептер атсалысты. Жоба қолданысқа енгеннен бастап, ұстаздар мен ата-аналар электронды күнделіктің ұтымды сәттерін ұғына бастады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аталмыш мәселеге орай нақты тоқталып өтті. Ол аймақтағы барлық мектептер күнделіктің электронды жүйесінде жұмыс жасайтынын алға тартты.
– Бұл жоба енгізілген мектептерге үнемі мониторинг жүргізіліп тұрады. Осы іске облыстың білім ошақтары белсенді қатысты. Бүгінде электронды журналдар қадағаланып отырады. Мұғалімдер толықтай қосылған. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар өз деңгейінде жүзеге асуда. Сонымен қатар, ауыл мектептерінде интернет жылдамдығына қатысты мәселе жоқ. Ауылдағы білім ошақтарында оны жобасын енгізерде осы мүмкіндіктердің бәрі ескерілді. Осыған орай, 8096 дана компьютер жаңартылды, – деді ол.
Қазіргі уақытта өңірімізде «Күнделік» электронды журналдар ақпараттық жүйесіне 124 мектеп пен 1 колледж қосылған. Бұл жүйе ата-ана мен мұғалім арасындағы тікелей байланыс болып саналады. Соңғы көрсеткіштер бойынша «Күнделікті» 173 мыңнан, астам тұрғын, оның ішінде 12803 мұғалім, 99565 оқушы мен 62958 ата-ана пайдалануда. Осылайша, бүгінде электронды күнделікті пайдалану бір жолға қойылып, салаға серпін беруде.
– Электронды күнделіктің мүмкіндігі көп. Тек қана баға қою емес, мұғалім мен ата-ана арасында жақсы байланыс орнатуға болдаы. Оқушы келмей қалса, берілген тапсырмаларды ата-ананың чатына салып жібереді. Оқушылар жарыстарға барса да тапсырмаларды онлайн орындау арқылы сабағын жалғастыра береді. Түрлі білім ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік бар. Желі арқылы басқа мектептің балаларымен достасуға да болады. Жалпы, күнделіктің тиімділігі – мұғалім, ата-ана және бала арасындағы қарым-қатынасының жылы көрініс табуында, – деді № 264 мектеп-лицейдің директоры Ұлболсын Маханова.
Бүгінгі күннің талабы – осы. Ал, талапты орындамай, көштен қалуға әсте болмас. Дегенмен, ауылдық жерлердегі кейбір тұрғындардың бұл мүмкіндікке қолы жете бермейтіні анық. Сондай
Сырдария ауданы, Бесарық ауылының тұрғыны Нүргүл Сыздықова:
– Бұрын балам үйге келгенде күнделігіндегі жақсы бағаларды көріп, қуанып қалатынбыз. Солай үнемі қадағалап отыратынмын. Қазір электронды күнделік жобасы кейде қиындық туғызады. Интернет желісіне қосылмағандықтан, ұялы телефоннан дұрыс кіре алмаймын. Ауылдағы бірқатар ата-ананың айтатыны осы. Негізі баламыздың сабақ үлгерімін қадағалап тұруға тиістіміз. Сондықтан да бұл жобаға да етіміз үйреніп, жақын арада игеріп алатын шығармыз, – дейді ол.
Расымен де, үйінде интернеті жоқ отбасылар үшін қиындық тууы мүмкін. Сондықтан мұндай ата-аналармен сынып жетекшілері және мектеп әкімшілігі келісіп, мәселені шешуі керек. Себебі, енді «Күнделік» жобасы енгізілген білім беру мекемелерінің жаңашылдықтан бас тартып, кейін шегінуіне жол жоқ.
– Қағаз күнделіктер мен журналдар қолданыстан алынып тасталды. Онымен жұмыс жасауға мектептер міндетті емес. Себебі, министрліктің бұйрығы орындалуы тиіс, – деді М.Мелдебекова.
Жалпы, электронды күнделік кімге тиімді? Жаңа жобаға жауапты «Күнделік» ЖШС-нің өкілдері оқушы, мұғалім және ата-ана үшеуінің бірлігі арқылы білім беру жүйесінің сапасын арттыру екендігін алға тартады. Ал мұғалімдер қағазбастылықтан құтылады.
Қалай десек те жаңа жүйе өз нәтижесін көрсетуде. Алдағы мақсат – осы мәселеге қатысты орын алған олқылықтардың оң шешімін тауып, электронды күнделіктің баршаға қолжетімді болуына жағдай жасау.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.