«Барселона» «Реалды» ойсырата жеңді

Барселонада өткен бірінші ойын 1:1 есебімен аяқталған еді. Қарымта ойын 27 ақпанда Мадридтің "Сантьяго Бернабеу" стадионында болды, есеп 3:0. Барлық гол екінші таймда соғылды. "Барса" сапындағы Луис Суарес дубль авторы атанды: Уругвай құрамасының сұрмергені 50-минутта және 73-минутта "Реал" қақпасынан саңылау таба білді. Ал 69-минутта "Реал" қорғаушысы Рафаэль Варан өз қақпасына гол салып алды. "Валенсия" және "Бетис" жұбының мықтысы "Барселонамен" финалда кездеседі. Севильяда өткен бірінші ойын 2:2 есебімен аяқталған еді, ал жауапты ойын 28 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Астана уақыты бойынша түнгі 2:00-де өтеді. Кубок финалы 25 мамырда өтеді. Наурыздың 3-не қараған түні "Реал" мен "Барселона" тағы да "Сантьяго Бернабеу" стандионында кездеседі. Бұл Испания чемпионатының 26-айналымы аясында, Астана уақыты бойынша 1:45-те басталады. 57 ұпаймен каталондық команда көш бастап келеді, ал мадридтіктер 48 ұпаймен үшінші орында.
kaz.tengrinews.kz