Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Жарық дүниені жүрегімен сезген

Жарық дүниені жүрегімен сезген

     Жаратқан кей жандардың мүмкіндігін шектегенмен, ерік-жігерін шымболаттай шыңдап, берік етеді екен. Мүмкіндігі шектеулі дейміз-ау... Жо-жоқ, әсте де олай емес. Себебі, олардың өмірге деген құлшынысы біз ойлағаннан да ерекше, арманы да тым биік. Кейде өзгелер игере алмаған істі осындай жандар дөңгелетіп, еңсеріп әкеткенде расымен тәнті боласың.    Біз сөз еткелі отырған Әсел Төребаева да – дәл осындай қайсар жанның бірі. Кішкентайынан көру мүмкіндігінен айырылып, зағиптықтың күйін кешкеніне 25 жылдай уақыт өтіпті. Сәтсіз ота салдарынан қос жанарын қараңғылық тұмшалаған ол бүгінде мұның бәрін тағдырдың жазуы деп мойынұсынған. Кейде жан сарайын көңілсіздік жайлап, жабырқаған сәтте «Алла адамды бармен де, жоқпен де сынайды» деген бір ауыз сөзден жұбаныш табады. Иә, расында, Әселдің тағдырға деген наласынан гөрі, аузында шүкірі көп. Әрбір атқан таңына тәубе етіп, болашаққа зор үмітпен қараудан танбайды. Бір күні жап-жарық дүние жарқ етіп, алдынан ақ күн туатынын да іштей бір құдірет сездіртетін сыңайлы.
    Ол кезде мен небәрі 4-5 жас шамасында едім. Балабақшаға баратынмын. Бір күні апайым әжеме менің үнемі балалардан кеш қалып, заттарымды таба алмай абдырап қалатынымды айтып, көру қабілетімді тексертіп алуын өтініпті. Содан қалаға келіп, дәрігерге көрінгенімде олар көзіме ақ түскенін айтып, жедел түрде ота жасатуға кеңес берген екен. Сөйтіп, маған ешқандай да терең зертханалық тексерусіз ота жасалып, нәтижесінде қос бірдей жанарымнан әп-сәтте айырылып қалдым. Бала күнімде бұл кемшілік айтарлықтай әсер ете қоймаса да, бойжете келе оның кері ықпалын сезіне бастадым. Алғашында өмірге өкпелесем, қазір шыдамды болуды үйрендім. Десе де, мен мұны ешқашан тағдыр тәлкегі деп қабылдаған емеспін. Оны тек уақытша қиындық, сынақ шығар деп ұғындым. Мүмкін, мені осы қиындықтың соңында үлкен жақсылық күтіп тұрған шығар деп ойлаймын, – дейді Әсел бізбен әңгімесінде.
Шындығында, құмырсқадай беліне арқалаған тағдыр жүгін қайыспай көтеріп жүрген қаршадай қыздың қайсарлығын көріп, қара нардай күшіне қайран қалдым. Дәл қазір көз алдымда шынашақтай бойжеткен отырғанымен, мен ой-өрісі толып, көпті көрген жанның сабырлық мен имандылыққа толы, жан баласына титімдей болса да өкпе-реніші жоқ риясыз әңгімесін естідім. Естідім де, кейде ойдағы істің орайы кеткен сәтте ақтаңдап төске шауып кететін біздікі апыр-ай, тіпті де күпірлік екен-ау деген ойға келдім. Ал, Әселдің тал шыбықтай ғана бойында қысы-жазы міз қақпай жата беретін маңғаз даладай шыдамдылық, құрыш болаттай төзімділік біте қайнапты. Әлде, өмірін өнермен өрнектеген соң ба, әйтеуір, жанына жуықтаған адамға жылу мен жайлылық сыйлап тұратын ерекше қасиетін аңғардым. «Көзі соқыр емес, көкірегі соқыр жаманнан сақтан!» деген сөздің растығына тағы бір мәрте көз жеткендей болды.
Қазіргі таңда ол сыңғырлаған нәзік даусымен құлақ құрышын қандырып, көпшілікті әуезді әнімен әлдилеп жүр. Бүгінде оның әр концерт сайын асыға күтіп отыратын өз тыңдарманы бар. Үнемі ізденіп, талантын шыңдап, өнер өресін өрістетіп жүретін Әселдің жаһұт жырлары да ерекше. Адамға күш, ерік-жігер беретін оның қуатты әндерінде жылаңқы әуен, қайғы-мұңға тіпті де орын жоқ. Керісінше, туған жер, өмірге деген құштарлық, анаға деген махаббат, Отан тақырыптары ерекше леппен, ерекше екпінмен жырланады. Сөзі мен әнін де өзі жазып, өзі орындайтын Әсел тіпті көңілде өрілген келісті өлеңін орыс тілінде де өрнектей беретін қасиетке ие. Табиғат оған осындай дарын беріпті. Өнердегі бесаспап жан деп осындайды айтса керек, сірә. Өмірінің әрбір сәті өлең өзегінде тізбектелген оның жыр-жауһарлары осыдан бірер жыл бұрын өнегелі істі мұрат еткен жомарт жандардың арқасында кітап болып жинақталып, жарыққа шықты. Ал, әсерлі әуенмен көркемделген кей туындыларын облыстық филармониядағы әріптестері де қосыла шырқап жүрген жайы бар.
Мен кейде өзімді жолы болған бақытты адамға балаймын. Себебі, менің айналамда қас-қабағымды бағып, өнеріме қолдау білдіріп отыратын жанашыр жандар өте көп. Ұжымда да, отбасында да дәл осындай қамқорлықты ерекше сезінемін. Әйтпесе, өмірден теперіш көріп жүрген жалғыз мен емес қой. Біздің қоғамда мен секілді тағдырлас жанның талайы бар. Өзімді жоғары бағалағаным емес. Дегенмен, олардың барлығында мен секілді өнерімді, өзімді бағалайтын жақындары көп емес. Сондықтан бұл тұрғыда өзімді әлдеқайда бақытты сезініп, сағымның сынуына жол беруге ешқандай да құқым жоқ деген ойға келемін. Шүкір. Бұрын жұмысыма Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауылынан қатынайтынмын. Жақында ғана баспанаға қол жеткізіп, сүйіншілі болып жатырмын. «Орда» бағдарламасы бойынша үй алып, сол жағалаудың тұрғыны атандым. Енді бар уақытымды біржола өнерге арнауға бір қадам да болса, жақындай түстім деген ойдамын, – дейді ол сөз арасында қуанышты жаңалығымен де бөлісіп.
Осы орайда айта кетейік, Әселді осындай кездесулер мен концерттік жиындарға жетектеп, сахналық костюмдеріне дейін бірге таңдап, әрдайым қолдау білдіріп жүрген анасы – Фатима Толыбаеваның еңбегі бір төбе. Біздің кейіпкеріміздің бүгінге дейін қандайда да бір жетістікке жетіп, жігерінің құм болып жасымай, аяғына тік тұруына себепкер бірден-бір жан болса, ол кісі – осы анасы. Бұл жолы да әдеттегіше Әселмен бірге ере келген ақжаулықтының жүзінен «Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма кірсін» дейтін бауыр етіне деген шын тілеулестігін анық аңғардық.
Алда – бір үміт. Біз де  ананың тілеуі, баланың арманы орындалса екен деп іштей тілеп қайттық. Кім білсін, бір күндері жап-жарық дүние аяқ асты жарқ ете қалса... Өмір дегенің тосынсыйға толы емес пе?..
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.      
12 наурыз 2019 ж. 1 220 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам