Баладан артық бақ бар ма?
Бүгінгі қоғамда бауыр еті баласынан безінген безбүйрек ата-аналар кездеседі. Қуанышқа орай, жетім баланы өз қамқорлығына алып, оларға ата-аналық махаббат жылуын сыйлап жүрген отбасылар бар. Алтын жүректі жанашыр жандарға мемлекет қолдау көрсетуде. Соңғы жылдары баланы жаңа отбасына бейімдеудің бір түрі – патронаттық тәрбие жолға қойылды. Патронаттық – ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларды алуға ниет білдірген отбасыларға тәрбиелеуге беру. Оны бала асырап алумен шатастыруға болмайды. Бұл жоба елімізге 2004 жылы енгізілді. Балалар үйіндегі өрендерге үкімет қаншалықты жағдай жасаса да, ата-ананың мейірім шуағына жетпейді. Сондықтан да жүрегі кең, тұрмысы тәуір азаматтар балалар үйінен қамқоршылыққа, патронатқа бала алып жатса, елімізде жетім жастың саны азаяр еді. Бұл үрдіс аймағымызда кеңінен өріс алды. Жетім көздің жасын сүртуге көптеген кісілер көмек қолын созды. Өткен жылы облыста 891 жеткіншек тіркелсе, соның 797-і отбасылық тәрбиеге берілген. Біраз жыл бұрын өңірдегі балалар үйі жабылып, оның 80 тәрбиеленушісі «Атамекен» ауылына көшкен болатын. Бүгінгі таңда аталған мекемедегі балғындар саны 2 есеге қысқарған. Жалпы соңғы жылдары сырбойылықтардың интернаттық ұйымдардан бала асырап алу көрсеткіші едәуір артқан. Бұл көңілге қуаныш ұялатады.
Бала асырап алу қиын ба ?
Дегенмен, «бала асырап алудың жұмысы көп, сан мың құжат жинатып, әуреге салады» деген сөздерді де естиміз. Осы жөнінде Қызылорда қалалық білім бөлімінің жетекші маманы Гүлмира Ақжігіттен сұраған едік:
– Бала асырап алу үшін жинайтын құжат саны көп деуге негіз жоқ. Патронат кісінің психикалық аурудан не нашақорлықтан аулақ екендігі тексеріледі. Сонымен қатар, отбасының тұрақты мекен-жайы мен бала асырай алатындай жалақысы болуы керек. Мұндай ниеттегі азаматтардан талап етілетін қажетті құжаттар саны көп емес әрі оларды алудың өзі аса қиындық тудырмайды. Тек ниет болса болғаны. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар біздің ұдайы назарымызда. Бүгінде қаладағы осындай жағдайды бастан өткізіп жүрген 419 баланың 351-і қорғаншылық, 68-і патронаттық тәрбиеде. Ал 45 патронат тәрбиеші бар, – деді Гүлмира Ақжігіт.
Патронат аналарға ай сайын мектеп жасына дейінгі бір бала үшін – 9 АЕК, мектеп жасындағы бір бала үшін – 10 АЕК көлемінде қаржы төленеді. Сонымен қатар, ол кісідегі өрендердің жағдайы тексеріліп тұрады. Осы уақытқа дейін теріс пиғылда болған кісілер кездескен жоқ. Балалар сол ата-аналардың тәрбиесінде болғанына ризашылығын білдіріп жатады. Осындай мүмкіндіктер арқылы әр баланың жүрегіне отбасылық махаббат пен жылу сыйлауға болады. Алайда, әрбір сәбиге тек өз ата-анасының мейірімі қажет.
Жат жұртта жабырқайма жас жаны...
«Кімде-кім Алла ризалығы үшін бір жетімнің басынан сипаса, оның қолы тиген әр тал шашы сайын жақсылық болады» деген сөз бар. Ақмарал Малбағарова да осындай игі жақсының бірі. Ол он бес баланы бауырына басып, олардың бәріне бірдей құшағын ашты. Дегенмен, көпшіліктің көкейінде бір сұрақ қалады. Пәк көңілді сәбилердің жас жаны жат жұртта жабырқай ма? Бұл сұрақты он бес балаға шексіз мейірімділік танытып отырған Ақмарал апайға қойғанды жөн көрдік.
– Қанша жерден шынайы көңілімізбен оларды жақсы көргенмен, өзінің туған әке-шешесіндей бола алмаймыз. Ол анық. Дегенмен, мен оларды жақсы көремін. Олар оны анық сезеді. Бір-бірінен бөліп-жармай тең қарауға тырысамын, – деп бастады әңгімесін ол.
Әкесінен ерте айырылған Ақмарал анасы екеуі өмірдің ащы-тұщы сәттерін көп көрді. Олар қиындықты бірге жеңуге тырысты. Сондықтан ол әке-мен ананың орны бала үшін қаншалықты қастерлі екенін шын жүрегімен сезетін. Сол үшін де сәбидің көз жасын көргісі келмейтін. Жылаған әрбір балаға қолдау білдіріп, арқасынан сипауға ниет етті. Ақмаралдың бұл ізгі тілегін анасы құп көрді. Себебі, қызы жалғыз өскендіктен көпбалалы болса екен деп тілегі бар еді. Осылайша, анасы мен жолдасы оған қолдау көрсетті.
– 2009 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған Шәмшия және орыс ұлтынан Артем есімді екі баланы бауырыма бастым. Туған ұлым Қайратқа оларды жатырқамай, туған бауыры ретінде қарауды түсіндірдім. Ол түсіністік танытты. Соған қуандым. Өз баламнан кем көрмей, бәріне бірдей аналық махаббатпен қарадым. Одан кейін аналық жүрегіме екі қыз баланы, сосын кәріс ұлтынан 3 ұл, 1 қызды қамқорлыққа алуды бұйыртты. Екі қыз ес білген шақта үйге келді. Бүгінде екеуі де отбасы құрып, өз алдына шаңырағын тіктеді. Олармен хабар алысып, амандық білісіп тұрамыз. Екі балам 18-ден асты. Бірақ, олар менімен қалуды дұрыс деп шешті. Одан бөлек 11 балам қаладағы №212 мектепте білім алып жүр. Барынша аналық қамқорлығымды көрсетуге тырысып келемін. Қазір 15 өренді тәрбиелеп отырған көпбалалы анамын, – деді Ақмарал.
«Жетім көрсең жебей жүр» деген аталы сөзді жүрекке таңған қос жұп рухани тәрбиенің бүгінде жемісін көруде. Отбасындағы балалардың барлығы қоғамнан өз орнын алуға тырысады.Үйдің үлкені Қайрат жоғары оқу орнын бітіріп, әскерге аттанды, Артем дәнекерлеуші мамандығы бойынша білім алуда. Ал Шәмшия шаштараз ашып, жеке кәсібін бастаған. Одан кейінгі Настя, Карина, Виктория, Мөлдір есімді қыздары би өнерімен айналысады. Өздері құрған «Ақмарал» би тобымен үлкен байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Әнші ұлы – Рамазан да түрлі конкурстарда өнер көрсетіп, өз мүмкіндігін дәлелдеп келеді.
Қазір қатыгез қоғам дейміз. Адамдар бір-біріне жатбауыр болып барады. Осындай уақытта өзгенің ұл-қызын тәрбиелеу оңай ма? Ол өзегінен шыққан өз перзенті түгілі өзгенің де баласын бауырына басып, ата-аналық мейірімін төгіп, сәбилерді бағып-қағып өсіруде. Сәбилер үйіндегі көздері жәутеңдеген балақайларға жаңа отбасы сыйлап, үміт беруде.
– Кез келген адамзат өз биігінен көріну үшін өз отбасына қызмет жасауы керек. Отбасы қоғамдық құрылымның тобы, алғашқы ұясы. Қоғамның негізгі мақсаты – адамдарды бақытты ету, ал мұның өзі – терезесі тең, керегесі кең, берік отбасыға байланысты. Сондықтан да осы құрған отбасымның балалары биіктерден көрінсе екен деп тілеймін. Ең алдымен олардың тәрбиесіне мән беремін. Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» дейді. Білім мен тәрбие қатар жүруі керек деген ұстанымдамын. Теріс бағытта әрекеттерін байқасам, мектеп психологтарымен жұмыс жасап, оң жолға түсуге бағыттаймын. Мектеп мұғалімдері балалардың оқу үлгерімі жақсы екенін айтады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген дана сөздер текке айтылмаса керек. Менің еңбегімнің нәтижесі балаларым арқылы бағаланады. Сол үшін де болашақта мені мақтан ететіндей ана атанғым келеді. Алдағы мақсатым – оларды аяғынан тік тұрғызу. Ешкімнің ала жібін аттамай, жақсы өмір сүруін қалаймын. «Балалар үйінен шықты деген» сөзді естемесе екен, – дейді ақ жүректі ана Ақмарал.
Расында, Ақмарал «ата-анам келіп қалар» деп үміттене қарайтын балалардың көңілін түсінеді. Тек өмірде осындай бейкүнә сәбилердің жапа шегіп жатқанына күйінеді. Әке-шешесінің қателігі үшін, жаңа туылған пәк көңілді сәби не үшін зардап шегуі қажет. Сол сәбиді дүниеге әкеліп, жылатқан мейірімсіз жандарға неге шара қолданбасқа?...
Аялы алақанды аңсайды...
Өмір-өзен тоқтаусыз ағып жатыр. Ол біреуді терңіне тартады. Сол сәтте қол ұшын беріп, тура жолды нұсқаған адамнан ардақты жан бар ма? Алла тағала адамға күтпеген жайттарды кездестіреді. Біреу сәбиге зар, біреу баладан безіп жүр. Жақында ғана әлемторды жаңа туған сәбиін қоқысқа тастап кеткен жаңалық елді дүр сілкіндірді. Бұл алғашқы жаңалық емес. Осы тектес жайттар бүгінгі қоғамда белең алып барады.
Кей жандар тоқтықты, кейбіреулер жоқтықты көтере алмауда. Ата-анасының жіберген қателігін бейкүнә сәбилер тартуда. Кейбіреулер бір балаға зар болып жүргенде екіншісі неге бауыр еті баласын кеудесінен итереді? Тоғыз ай бойы құрсағында көтерген ана неге сәбиінен бас тартады?
Қоғамда қатыгездік көбейді. Дегенмен, қазақ – жетім мен жесірді жылатпаған халық. Бүгінгі қоғамда жетім балалардың болуы өзекті өртемей қоймайды. Сол үшін де балалар үйі болмасын, деп патронаттық тәрбие беру арқылы әр баланың толыққанды отбасында өсуіне мүмкіндік жасалды. Осы арқылы дүние есігін ашпай жатып жетімдіктің ащы дәмін тататын еліміздегі балақайлардың саны азайса деген үміт бар. Дегенмен, әрбір бала өзінің туған әке-шешесінің аялы алақанын аңсайды. Жетімдіктің құрығына ілініп, ата-ананың аяулы алақанын сезіне алмай екі көзі телміріп күтіп жүрген олар мейірімі шексіз жандардың махаббатына бөленсе екен. Ал патронаттық тәрбиеге алам деушілердің көздегені қаржы емес, шын мәнісінде де балаға деген сүйіспеншілік пен махаббат екеніне сенім мол. Расында, сәби –Тәңірдің беріп тұрған сыйы. Баладан артық бақ бар ма?
Айтолқын АЙТЖАНОВА.