Ұлттық қолөнер құдіреті
Наурыз – қазақы болмысымызды танып, ұлттық ұстынымызды ұлықтайтын мейрам. Бұл мақсатта қызылордалық жұртшылық жыл сайын бірқатар байыпты істерді жүзеге асырып келеді.
Жыл басы – қауышу мерекесі құрметіне орай қаладағы ірі сауда орталығы – "Arai city mall" кешенінде өткен "Қобыз үні" атты республикалық қолөнер шеберлерінің көрмесі осы сөзімізді айшықтай түсетіндей. Ұлттық мәдениеттің мәйегін ұлықтаған ауқымды шарада домбыраның қос шанағынан күй төгілтіп, асқақ әнді әуелеткен бөріктілер мен наздана күліп, бұрала басқан көріктілердің билері жанарларды жаулады. Ауылдың алты ауызы айтылды. Қызық қызықтап, сауықты тамашалап жүрген көпшілік бабадан қалған текті өнер түрлерімен жақын танысып, көзге сұлу көрініп, көңілден шыққан бұйымдарды қалтаға қонымды бағамен сатып алып та жатты.
Күмбірлеген күйдің көркем сазының аясында әсем әдіптелген бөрік, жаулық, кимешек, орамал, сәукеле, көйлек, қамзол, шапан сынды көздің жауын алатын костюм үлгілері көпшілік назарына ұсынылып, ұлттық киімдер шеруі таныстырылды. Қазақы нақышта киінген қыз-келіншектер мен ер-азаматтар бір-бірімен қол алысып, төс қағыстырды. Бір-біріне ақ еден алғысын жаудырды. Бір сөзбен айтқанда, бұл шара – қазақы жомарт қалып пен дарқан пейілдің дара нұсқасы болды.
Ал, бұл кеште сауда орталығының төменгі қабаты әп-сәтте ұлттық құндылықтардың құдды бір көмбесіне айналғандай. Он саусағынан өнер тамып, темір мен ағаштан түйін түйген шеберлердің небір төл туындылары көпшілікті еріксіз тәнті еткені рас. Қараған жанарды баураған қызылды-жасылды құрақ көрпелер, жылтыр моншақ, әсем тастармен көмкерілген бүрмелі көйлектер, тектілікті әспеттеген киіз-текеметтер, илеуі қанған мал терісінен жасалған белдік, қамшы-қайыстар, туған өлке табиғатының сұлулығын сырлы бояу ұшында көркемдей түскен картиналар, тіпті сонау қадым заманның құмық үнін бүгінмен ұштастырған қобыз, домбыра аспабы мен кәдесыйлары бәрі-бәрі осында төрден түгел орын алыпты. Осыған қарап-ақ, ата-бабамыздың рухани-мәдени өнер түрлеріне ежелден-ақ бай, епті екенін аңғардық.
Ал, сонау Алматы, Шымкент, Түркістан қалалары мен облысқа қарасты барлық ауданынан 40-қа тарта қолөнер шебері осындай құнды дүниелерін аталмыш шараға арнайы әкелді. Таныстырды, жасалу әдіс-тәсілдерімен бөлісті, тәжірибе алмасты. Солардың бірі Алматы қаласынан келген ұста Дәркембай Шоқпарұлы атындағы қолөнер музейінің директоры – Дәулет Шоқпаров.
– Менің әкем – Дәркембай ұста, зергер, аспаптанушы. Ол тіпті, ағашпен қатар, жез, темір, мыс секілді түрлі түсті металл өңдеудің де шебері. Осындай бесаспап кісі болған. Біз жастайымыздан сол өнерді бойға сіңіріп өстік. Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде мәдени-танымдық шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Бүгінгі шара да соның бір көрінісі. Өзім қолөнер музейін басқарып отырғандықтан қазіргі таңда қолөнер туындыларына деген халықтың ерекше сұранысын көріп қуанамын. Сондай-ақ, шетелдік қонақтар да біздің ер-тұрман, ат-әбзелдері мен түрлі кәдесыйларымызға қызығушылық танытып, алып кетіп жатады, – дейді жақсының жалғасы.
Ал, Түркістан қаласынан келген ағаш шебері Дәурен Міншәріпов мұнда бір топ қобыз бейнесін әспеттейтін кәдесыйларымен қатар, ұлттық болмысымызды айғақтайтын күрделі композициялық туындаларын да ала келіпті. Мәселен, "Тұғыр" деп аталатын композициясында бабалар үні – қобыз, екі ішектің құдіретін танытқан – домбыра, қазақ қасиет тұтқан – бесік, бұрымы белінен түскен бойжеткеннің сұлулығын еселей түскен – шашбау бұйымдары түгел көрініс тауыпты. Қарап тұрып, мінсіз шеберлік пен ұстаның қиял жүйріктігіне тәнті боласың. Бір туындының өн бойында тұтас қазақтың ұлттық таным-мәдениеті сыйып тұрғандай. Негізі, түп-тамыры Жаңақорған топырағынан тарайтын Дәурен шебердің бұл кәсіппен айналысып келе жатқанына 10 жылдан аса уақыт өтіпті. Қара ағаш, үйеңкіні иіп жасап, нарқобыз, қылқобыз, домбыра аспаптарын жасауда алдына жан салмайды. Тіпті, жасаған аспабы сарнап жөнелетін бұл шеберді музыкант мамандардың өзі арнайы іздеп келіп, тапсырыс беретін көрінеді.
Өңкей мықтылар мен қолы алтын шеберлер өзара бақ сынасқан ұлттық құндылықтар бәйгесінде шымкенттік Бейісбековтер шеберлер орталығының қолөнершісі Берік Бейісбеков гран-при жүлдесін қанжығаға байлап қайтты. Бір отбасыдан Қазақстан суретшілер одағының – 7, қолөнершілер одағының 5 мүшесі шыққан өнерлі әулет көп жылдан бері осы кәсіп аясында ұлттық мұраны насихаттап келе жатыр. Мал терісін өңдеп, ат әбзелдеріне қажетті құрал-саймандар мен белдіктер, ою-өрнекпен қаспеттелген былғары қойын қалталар жасап жүрген шебердің бүгінде өзінің тұрақты тұтынушылары да жоқ емес.
Сондай-ақ, керемет дүниелер көпшілікке ұсынылған тағылымды шарада мүмкіндігі шектеулі жандар да өз қолөнер туындыларын таныстыруда ерекше белсенділік танытты. Солардың бірі – қызылордалық Күлсін Арзымбетова туабітті дертке шалдығып, арбаға таңылған жан ұзақ уақыттан бері тоқыма тоқу ісімен айналысады. Түрлі түсті жіптерді шақпақтап, әп-сәтте фабрика өнімдерінен кем түспейтін тоқыма киімдер тігіп шығатын ол бұл істен ерекше ләззат алатынын айтады. Оның көздің жауын алатын дүниелері бұл жолы байқау қазыларының да назарынан тыс қалмады. Сөйтіп, олар шебердің өнерге деген құштарлығы мен төл туындыларын жоғары бағалап, бірінші орынға лайық деп тапты.
Осындай самсаған керемет пен құнды дүниелер ұлықталған көрме сауда орталығында кешке дейін жалғасты. Тұрғындар көрмені емін-еркін аралап, ұлттық ойындарды да тамашалап, балалар – мәре-сәре. Жыл басы есіктен еніп, айнала мамыражай күйге енгені сезіліп-ақ тұр.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.