Әлеуметтік көмек – мұқтаж отбасыларға
Халық табысының артуы күнкөріс деңгейіне әсер ететіні белгілі. Ал, нарықтық заманда қалталы болу ақшаға деген тәуелділікті жеңілдетіп, тұрмыс сапасын жақсартуға септігі мол екенін аңғарамыз. Елбасы еліміздің орнықты дамуын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Қашанда ұтымды ойлар мен жаңғыру жолында басымды бастамаларды да ұсынып келеді. Мәселен, «Нұр Отан» партиясының съезінде халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрмыс жағдайын жақсартуға байланысты басты басымдықтарды анықтады. Көп балалы және аз қамтылған отбасыларды жіктеп, нақтылау үшін тапсырмалар берілді. Соған байланысты аймағымызда арнайы комиссия құрылып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың жағдайымен танысты.
Біздің өңірде 35 мыңнан астам көп балалы ана бар. Олардың ішінде кәмелетке толмаған төрт және одан көп баласы бар отбасылардың саны 18 мыннан асады. Бүгінгі күнге дейін 2356 отбасының тұрмыстық жағдайы зерттелген. Оларға қажетті көмектер анықталған.
– Үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан 70 пайызға, яғни 14849 теңгеден 20789 теңгеге дейін көтеріледі. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаған кезде отбасының жиынтық табысынан көп балалы отбасыларға және «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерімен марапатталған көп балалы аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар, сондай-ақ балаларға арналған мүгедектігі бойынша жәрдемақыларжәне стипендия алып тасталады. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардың балаларына 18 жасқа дейін, оқыған жағдайда 23 жасқа дейін ай сайын 20 789 теңге кепілдендірілген көмек төленетін болады, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Айта кететін жайт, осыған орай сұратылатын құжаттарды оңтайландыру арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау рәсімі жеңілдетіледі. Бұл үшін Е-халық ақпарат жүйесі пайдаланылады. Яғни, ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған жағдайда халықты жұмыспен қамту орталығы немесе ауылдық округтердің, кенттердің әкімдері тиісті мемлекеттік органдардан қажетті құжаттарды сұратып алдыратын болады.
Ал, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыстық бойынша департаментінің басшысы Төреахмет Жолымбетовтің сөзіне сүйенсек, аймағымызда өткен жылы әлеуметтік төлем алушылар саны – 296,4 мың адам болса, оларға тиісті қаржылар төленген. Одан бөлек республикалық бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы тағайындалған адамдардың саны 91586 жанды құрап отыр.
– Өткен жылы 2352 азаматқа алғашқы рет мүгедектік топ анықталды. Оның ішінде 1812 қызмет алушыға композиттік қызмет көрсетілді. Бұл алғашқы мүгедекке шыққандардың 77 пайызын құрайды. Мүгедек болып танылған 1647 ересек адамдар ішінде 1395-і жұмысқа жарамды жаста болса, 252-і зейнеткерлерді құрайды, – деді ол.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.