Киіз туырлықты, ағаш уықты Алашпыз

Көненің көзін кие тұтқан
Қалаға қарасты Белкөл кентінің тұрғыны Мәрзия Құлмышова есімді әжейді де дәл сондай қазыналы қарттың бірі десек қателеспейміз. Жасы алпыстың асқарынан асқан ақжаулықтының көздің жауын алатын жасауымен жасақталған киіз үйді жалға беріп, кәсіп көзі етіп отырғанына жиырма жылға жуық уақыт өтіпті. Ұлттық болмыстың иісі аңқитын құндылықты көздің қарашығындай сақтап отырған әжейдің сарайында бүгінде барлығы 6 киіз үй иін тіресіп жинаулы тұр. Расымен, таң қалдым. Біреу не екеу емес, бақандай алты киіз үй қып-қызыл сүйегімен дайын тұр. Ал, үйінің бір бөлмесі құдды бір тігін шеберханасындай. Себебі, кейуана киіз үй жабдықтары мен жасауының барлығын дерлік осында өзі тігеді екен. Кестелейді, тоқиды, сан түрлі оюмен өрнектеп, әйтеуір, небір кереметті әп-сәтте әзірлеп шығады.
Шебер әжейді үйіне арнайы іздеп барғанымызда ол кісі көктемнің кемпіршауағында киіз үй жабдықтарының кем-кетік тұсын түгелдеп, тігіп отыр екен. Айналасында күнге жарқыраған қызыл мақпалдай сырлы уықтар мен керегелер бір-біріне қаланып, жүретін жолдан әріректеу жерге барып жиналыпты. Шамасы, қоймадағы жүк бүгін тағы бір жаңа ағаш үймен толыққанға ұқсайды.
– Біз Өзбекстаннан осында 2003 жылы қоныс аудардық. Туған елге қадам басар тұста өзіммен бірге 8 қанат боз үйді ала келдім. Кезінде қысы-жазы тұтынып, жайлы тұрақ еткен дүнием еді. Елге оралғаннан кейін де сол үйді қайта жабдықтап құрып жүрдім. Уақыт өте келе қызығып, жұрттың керек етпей тастаған киіз үй сүйектерін аз-кем тиынға пұлдап сатып алып, өзім ішіне жасауларын тігумен айналыстым. Сөйтіп, бір жылы екеу, келесі жылы үшеу етіп, біртіндеп киіз үй санын көбейте бастадым. Жақында 7 және 10 қанатты үйді тағы әкелдім. Бұл өзі осындай бір қызық дүние. Өзіне еліктіріп, баурап, тартып тұрады. Шаршап отырсам да, кейде қолыма қалай ине-жіп ұстағанымды өзім де сезбей қаламын. Қазір енді әне-міне дегенше Ұлыстың Ұлы күні есігімізден енгелі тұр. Әдемі жасауымен киіз үй сұрап келетіндер өте көп. Сондықтан күні бұрын осылай әрқайсысының кем-кетігін дұрыстап, жуып-тазалап отырған жайым бар. Бір жағынан, ұлттық байлығымызды жастарға дәріптеу, көрсету болса, екінші жағынан бұл да бір тіршілік қамы ғой, – деп бастады әңгімесін көпті көрген әжей.
"Қолы іс білген құм үстінен кеме жүргізер" демекші шебер әжей бір түйеге жүк болатын киіз үйдің барлық жасауын көз майын тауысып, түгел өзі тігіп шыққан. Көздің жауын алатын қызылды-жасылды дүниелер дөңгеленіп жиналып, қаз-қатар тізіліп тұр. Мұнда қошқармүйізді текеметтен бастап, шаңыраққа үш жерден байланып, керегеге асылатын – желбау, уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып тағатын, өрнекті жалпақ құр – басқұр, үзіктің екі жиегінен екі немесе үш жерден айқастыра тартып керегеге байлайтын жалпақ терме бау – үзікбау, керегенің іргесінен уықтың ортасына дейінгі жерді, үзік кереге басынан шаңырақ шеңберіне дейінгі аралықты жауып тұратын – туырлық сынды қолдың ісмерлігі мен асқан шыдамдылықты, ұқыптылықты қажет ететін қолөнер туындыларының барлығы тоқыма жіппен кестеленіп, ою-өрнектеп әспеттеліп өте шебер жасалған. Нағыз он саусағынан өнер тамған деп осындай шеберлерді айтса керек, сірә... Мінсіз, қараған жанар бір сәтте кестежіп бедеріндегі көркемдікпен түйісіп, айнала одан әрі сұлулана түсетіндей.
Пайдасы мол жәдігер

Расында, біздің киіз үйдің құрылымдық ерекшелігіне назар аударсаң, жинақылығы мен ыңғайлылығы өз алдына, сәулеттік сырт пішіні ерекше сұлулығымен дараланып тұрады. Ал, көші-қонға лайықталып жасалған ол жығып-жиғанда жалғыз-ақ түйеге жүк болған. Сонау жаугершілік заманда бабаларымыз аяқ астынан дұшпан келе қалса, алқам-салқам жатқан етегін тез жиып, ауыл-аймақ түгел қас қаққанша бел асып кетуіне де осындай киіз үйлердің септігі орасан болған деседі. Ал, бұл дүние қаһарлы қысқа да төтеп беретін тұрғын үйге айналуымен қатар, қазіргі төрт бұрышты бөлмеге қарағанда ауа тазаруы 5-6 есе тезірек болатынын ғалымдар заманауи архитектурадағы ғылыми жетістіктерімен дәлелдеген. Ғалымдардың бұл жорамалын аталмыш құндылықтың қыр-сырын жатқа білетін біздің кейіпкеріміз де қуаттайды. Оның айтуынша, қазақтың ағаш үйінде тері, ағаш, жүн, мақта сынды табиғи өнімдер ғана болғандықтан, онда адам денсаулығына зиянды заттар атауымен жоқ. Сондай-ақ, бұрышы болмаған соң ауа тез алмасып, түндік пен кереге астынан шығып кетіп отырады екен. Халқымыздың данышпандығы қайда жатыр десеңізші...
Құндылықты қалай ұлықтаймыз?
Сонымен қатар, Мәрзия әжей сөз арасында бізде киіз үй жасайтын шеберлердің жоқтың қасы екенін де тілге тиек етіп өтті. Көбіне, оның сүйектерін жасау Қарақалпақстанның Шымбай қаласында жақсы жолға қойылған екен.

Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.