ШИ ТОҚЫҒАН ШЕБЕР
Қазақ халқында кең тараған ұлттық өнердің бірі – ши тоқу. Күнделікті тұрмыс пен шаруашылық қажеті үшін бұл құндылық қазірге дейін кеңінен пайдаланып келеді.
Шиелі ауданына қарасты Жиделіарық ауылдық округінің тұрғыны Зылиха Қалендер шағын ғана елді мекенде аталмыш кәсіптің арқасында көптің алғысына бөленуде. Оны ауылдастары он саусағынан өнер тамған шебер иесі деп біледі.
Сырдария ауданындағы Тартоғай ауылында дүниеге келген ол мектеп қабырғасында жүргенде-ақ бейнелеу өнерін жақсы меңгерді. «Бала күнімде сурет салғанды ерекше ұнататын едім. Кейіннен ши тоқуды үйрене бастадым. Бүгінде осы өнермен айналысқаныма 15 жылдай уақыт болды» дейді жастық шақты еске алып.
Ежелден келе жатқан бұл кәсіп халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Ши тоқудың өзі – бір әлем. Заман талабына сай өрнектерді түсінікті және қарапайым етіп тоқуды қолға алған ол шидің қаншалықты пайдалы екендігіне кеңінен тоқталды.
–Аталмыш өнер бұрын көшпелі және жартылай отырықшылдықта тіршілік еткен Орта Азия халықтарына көне заманнан белгілі. Күнделікті тұрмыс пен шаруашылық қажетіне тоқылған ши қазірге дейін кең түрде пайдаланылып келеді. Оны киіз үйдің құрамдас бір бөлігі ретінде кереге сыртына тұтуға, үйдің ішіндегі аяқ-табақ, ошақ басын қоршап қою үшін де қолданады. Тоқылған шиді киіз үйдің есігінде ұстауға да пайдаланады. Сонымен қатар, үйге төселген киіздің ылғал тартып бүлінбеуі, тез тозып қалмауы үшін төсеніш ретінде киіз астына төсейді. Оны құрт жайып, тары сүзу үшін де қолданғаны белгілі. Тығыз тоқылған шиді күннің суық кезінде киіз үйдің керегесіне тұтқан. Оның үйдің жылы болуына әсері тиген. Жаймашуақ күндерде туырлықты жоғары түріп қойып, үй ішін салқындатуға да жақсы, –деді Зылиха Амануллақызы.
Шебер өзіне ұнаған бейнені қалай жүзеге асырады? Алдымен сызбасын жасап алады. Содан соң оған сәйкес жүнді бояйды. Жасаған бұйым көлемі жағынан үлкен немесе кіші болса да, оған кететін бір уақыт. Бастысы, ол нағыз еңбекті қажет етеді. Ши бұйымының жалпы сырт көрінісіне қарай ақ ши, ораулы ши, шым ши болып үш топқа бөлінеді. Мұндай ши түрлері қазақ арасында әрқайсысы өз орнымен түрлі мақсатқа пайдаланылады. Айталық, қабығынан тазартылған ақ шиді ірімшік, құрт жаю үшін, сондай-ақ, үйдің төбесін біртегіс сылауға ыңғайлы болуға қолданады. Ұзына бойы түсті жүнмен немесе жібекпен оралған шым ши – киіз үйдің сәнді жиһазының бірі. Ал, әр жерінен аралатып оралатын шиді орама ши немесе ораулы ши деп атайды.
Сондай-ақ, шиді жаңа өрнек суретімен тоқудың айтарлықтай өзгешелігі болады. Алдымен оны орайтын үлгі жасалуы тиіс. Орайтын жіптердің түсі осы үлгідегі өрнектер суретте сәйкес болуы керек. Шидің бір шеті жұқа, екінші жағы қалың болып кетпеуі үшін орайтын шидің түп жағымен шашақ жағын үнемі кезектестіріп, алмастырып салып отыру керек. Ши тоқитын жіпті екі қабаттап, ширатып, бірнеше домалақ етіп дайындайды: ол салмақты ету үшін темірге немесе тасқа орайды.
«Негізі, шидің түрі көп. Тек оның түрін, пайдалысын тиімді қолданып, меңгере білу керек» деді шебер сөз арасында. Осы кәсіпті нәсіп еткен Зылиха апа біраз жетістікке де қол жеткізіп келеді. Ол –Қазақстан шеберлер одағының мүшесі. Оның шығармашылығы елімізде жоғары бағалануда. Айталық, Астана қаласының 10 жылдығы мен Алматыда өткен халықаралық саяхат көрмесінің, «Гагарин көктемі» сынды шаралардың төрінен Зылиха апаның туындылары орын алды. Сондай-ақ, ол бас қалада өткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі Қызылорда облысының мәдениет күндері кезінде ұлттық өнерді насихаттауға атсалысты.
Өрнектелген өнерімен өз отбасын бақытқа бөлеп отырған ақжаулықты ана 5 бала тәрбиелеуде. Оған қоса кейіпкеріміз үйірмеден дәріс береді. Арасында тапсырыс қабылдап, халық игілігі үшін еңбек етіп келеді. Міне, көнеден қалған ұлттық өнерді заманауи үлгіде тоқып, әлі күнге дейін жаңғыртып отыр.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.