Қолайсыз үйде тұрып жатқан қызылордалық 150 отбасыға пәтер беріледі
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табыстары төмен көп балалы және толық емес отбасыларға, мүмкіндіктері шектеулі балалары бар отбасыларға тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру туралы тапсырмаларын орындау жөнінде жұмыс кеңесін өткізді, - деп хабарлады primeminister.kz сайты.
Премьер-Министрдің айтуынша, Үкімет пен әкімдіктер аталған бағытта жұмыстарды жүргізіп жатыр. Биыл мамыр айында көп балалы отбасыларға пәтерлер беріле бастайды. 5 жыл ішінде жалпы 28 мың пәтер берілмек. Баспанаға мұқтаж көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесі арқылы тұрғын үй займдарын берудің жеңілдікті тетігі әзірленді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр баспананың қолжетімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
Кеңес барысында Қызылорда облысының халықтың әлеуметтік әлсіз тобының тұрғын үй мәселесін шешудегі тәжірибесі ерекше аталып өтті. «Баламекен» жобасы аясында Қызылорда облысының әкімдігі көп балалы отбасылардың баспана мәселесін шешуді көздейтін Б. Өтемұратовтың жекеменшік қорымен бірлесіп өтеусіз негізде берілетін үйлерді салуды бастады.
Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев пен Қор директоры М.Айтмағамбетов жобаны іске асыру туралы ақпарат берді. Жұмыс комиссиясы Қызылорда қаласы бойынша қолайсыз тұрғын жағдайларында өмір сүріп жатқан 150 отбасыны анықтады, оларға пәтерлер берілетін болады: 50 отбасы жергілікті бюджет қаражаты есебінен баспанамен қамтылады, 100 отбасы «Баламекен» жобасы аясында баспанаға ие болмақ. Жалпы алғанда, Қордан үйлердің құрылысын қаржылай қолдауға 450 млн теңге бөлінген.
Облыс әкімдігінің деректеріне сәйкес, 1 шаршы метр тұрғын үйдің құны 70 мың теңгені құрайтын болады. Үйлер осы жылдың 1 қыркүйегіне қарай пайдалануға беріледі. Бұған қоса, белгіленген мерзімге қарай қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары (электр қуаты, газ, су, телефон байланысы, автожолдар және т. б.) аяқталады, сондай-ақ әрбір отбасыға 6 сотық жер телімі бөлінеді.
Бұдан өзге, Қызылорда облысының көп балалы отбасыларының ішінен аз қамтылған отбасыларға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға қосымша 3,6 млрд теңге бөлінді. Бұл 470 пәтерді құрайтын 10 үйді салуға жол ашады. Жалпы, биыл облыста 1966 пәтерді құрайтын 45 көпқабатты тұрғын үй салынады, олардың басым бөлігі мұқтаж азаматтарға бөлінеді.
Кеңес қорытындысын шығара отырып, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин халықтың әл-ауқатын жақсартуға бизнес өкілдері де өз үлестерін қосуы керек екенін айтты.
«Қайырымдылық – игілікті іс», — деп Премьер-Министр, Қызылорда облысының оң тәжірибесін пайдалануды тапсырып, бизнес өкілдерін әлеуметтік әлсіз отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету жобаларын іске асыруға шақырды.
Кеңес қорытындысы бойынша Қызылорда облысының әкімдігі мен «Болат Өтемұратов қоры» жекеменшік қоры арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.