Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Нұржамал МЫРЗАМҰРАТОВА, Кітапханашы – рухани қазынаның шырақшысы...

Нұржамал МЫРЗАМҰРАТОВА, Кітапханашы – рухани қазынаның шырақшысы...


 Кітапхана – ғасырдан ғасырға адамзат тарихы керуенінің көшін бұзбай келе жатқан парасаттылық пен білімнің, рухани байлық пен біліктіліктің киелі ордасы.
Қаладағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы – өңірдегі осындай кемел шаңырақтың бірегейі. Онда оқырмандардың рухани сұранысы қаншалықты қанағаттандырылып жүр? Облыстағы кітапхана ісінің жұмысы қалай? Аталмыш кітапхана директоры Нұржамал Мырзамұратовамен осы мәселелер төңірегінде ой бөліскен едік.
Көнеден жеткен көркем дүние
 Елімізде қазіргі таңда "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында бірқатар іргелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәдениет саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жағымды жаңалықтар жетерлік. Елбасы бастамасымен латын әліпбиіне көшу, цифрландыру үрдісі жүзеге асырылуда. Осы бағыттар бойынша кітапханада қандай шаралар атқарылып жатыр?
         – Елбасының аталмыш мақаласы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Сан ғасырдан қатталып жеткен ұлттық құндылықтарымыз бүгінгі ұрпаққа кітап арқылы жетіп отыр. Жастардың бойында ұлттық сананы ояту, қазақы болмысты, рухты сіңіру мақсатында күн сайын тәлімі мол тағылымды шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, "Кітапханаға кітап сыйла!" акциясы, "Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы" атты кітап көрмесі, "Туған жер – тұнған тарих" танымдық кеші, "Мәңгілік ел және ұлы дала құндылықтары" тақырыбында дөңгелек үстел сынды өзге де шараларға оқырмандар белсене қатысты. Сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу ісі қарқынды түрде жүзеге асуда. Бұл өзгерістің маңыздылығын қоғам қажеттілігі әлдеқашан мойындап қойған. Бұл бағытта біз өз жұмысымызды бастап та кеттік.
         Қоғамдық сананы жаңарту бағдарламасы аясында "11-ші аймақ латын әліпбиіне көшеді" деген тақырыппен өте ауқымды кітап көрмесін көпшілік назарына ұсындық. Онда оқырмандар бізде сирек қордағы ертеректе латын графикасында жазылған кітаптар, мерзімді басылымдармен жақын танысуға мүмкіндік алды. Негізінде, біз сирек қордағы құнды кітаптарды бұлай көпшілік алдына жиі шығара бермейміз. Бар-жоғы бір-екі данадан сақталған мұндай өте тарихи маңызы бар еңбектер кейде осындай үлкен шараларда қолды болып кетіп жатады. Сондықтан кітапхана меншігіндегі мұндай құнды дүниелерге аса жауаптылықпен қарағанды жөн көреміз. Сонымен қатар, кітап сөрелерінің айдарын латын графикасына ауыстыру сынды істер жалғасын табуда. Өз кезегінде мұндай қарапайым бастамалар оқырман назарының жаңа әліпбиімен тез танысып, бейімделуіне айтарлықтай ықпал етпек.
         Бүгінде халықтың рухани азығын заманауи жолмен насихаттауда кітапханалардың өрлеу, жаңару кезеңін қалыптастырып, оқырман талабына сай жұмыс жасау мүмкіндіктерін ашу – басты міндет. Бұл тұрғыда сіз басқарып отырған мәдени нысан осы талап үдесінен қаншалықты шығып отыр?
         – Біз барынша жаңа заман үндестігіне сай тиімді әрі сапалы қызмет түрін ұсынуға тырысып келеміз. Электронды кітапхана құру және құжаттарды сақтау мақсатында атқарылып жатқан кітапхана қорын цифрландыру ісі – осындай алғышарттардың бастамасы. Қазіргі таңда бізде қор сақталымын қамтамасыз ету үшін тарихи және ғылыми құндылық болып табылатын сирек кітаптар мен өлкетану бағытында 6 мыңнан аса кітап сандық жүйеге өтті. Сондай-ақ, оқырмандар электронды каталогтарды қолдану арқылы өзіне қажетті кез келген мәліметке енді электронды нұсқада оңай әрі жылдам қол жеткізе алады. Қандай бастаманы қолға алсақ та біз, әуелі, осы оқырмандар сұранысын қанағаттандырып, заман талабына сай жұмыс жасауды басты міндет етіп отырмыз.
         – Ал, кітапхана ісінің заманауи технологиямен сабақтастығы қалай?
         – Бізде кітапхана ісін дамытуда инновациялық бағыт жақсы жолға қойылып келеді. Келушілерге дәстүрлі қызметпен қатар, электронды қызмет түрлері де көрсетіледі. Мәселен, кітапхана сайтының өзі оқу залы секілді. Бәрі қолжетімді. Сайтқа кіру арқылы кез келген адам өзіне қажетті мәліметпен қанық бола алады. Онда құжаттарды электронды жеткізу, кітап мерзімін онлайн режимінде ұзарту, виртуалды анықтама қызметі, "Сырдария электронды кітапханасы" сынды ресурстар іске қосылған. Ал, мұндай электронды қызмет түрлерінің ұтымдылығы сол – уақыт тиімділігін былай қойғанда, өз кезегінде қордағы жалғыз данадағы басылымдар мен кітаптарды тозудан, зақымданудан, оқырман қолында жүріп жоғалып кету қаупінен сақтайды. Компьютерлер, ондағы ғаламтор қолжетімділігі мен жылдамдығын арттыру сынды шаралар жүзеге асырылуда.
         – Қазір қоғамдық пікір белсенділері арасында "Кітапхананың бәрін дерлік сандық жүйеге көшірудің қажеті жоқ. Себебі, оқырман ешқашан кітапхананың оқу залын босатпауы керек" деген көзқарас та жиі айтылып жүр. Осыған сіздің алып-қосарыңыз бар ма?
         – Әрнәрсенің де екі ұшы барын ұмытпауымыз керек. Мәселен, маған кейде бұл пікірдің де жаны бар сияқты көрінеді. Менің өзім қысқа-қысқа ақпарат, соңғы жаңалықтармен тез арада таныс болу үшін ғана ғаламтор сайттарын пайдаланамын. Ал, үлкен танымдық немесе тарихи, әдеби бағытта жазылған дүниелерді бәрібір де кітап беттерін парақтап отырып оқығанға жетпейді. Бір жағынан, көзбен көріп, қолмен ұстап оқыған дүние адам жадында ұзақ уақыт сақталатын секілді. Заманауи технологиялары бізден әлдеқайда дамып кеткен шетелдердің өзінде кітап оқу ісі қалыс қалмаған. Тіпті, ол жақта қандай да бір бизнес жолында мол табысқа жету үшін әуелі кітап оқудан бастайтын көрінеді. Демек, кітап – тек қана рухани бұлақ көзі емес, табыс пен байлыққа жетудің де бағдаршамы деген сөз. Біз көп жерде том-том кітап парақтап отыруды қазіргі заман ағымы көтермейді, уақыт тапшы деп жатамыз. Ал, шындығында келгенде, мұның бәрі жәй ғана сылтау екенін өзіміз де іштей жақсы білеміз. Оған бастысы тек ынта болса, болғаны.
Жаңашыл істердің жемісі көп
         – Қазіргі таңда кітапханашыны мәртебелі мамандық ретінде бағалайтындар қатары аз. Бұл тұрғыда жас талапкерлердің арасында аталмыш мамандықты өз жүрек қалауымен оқып жатқандар қанша?
         – Өкінішке орай, қазіргі жастар арасында кітапханашыны ең төменгі мәртебедегі мамандық ретінде бағалап жататыны рас. Мұндай көзқарастың қалыптасуына мүмкін, аталмыш мамандық иелерінің жалақы мардымсыздығы да әсер ететін шығар. Жасыратыны жоқ, олар ай сайын ас та төк айлық алады деп айта алмаймын. Бірақ, сонда да іс ісіне адал, жауапты мамандарды көріп қуанамын. Демек, бұл мамандықта өз жүрек қалауымен келгендер ғана жемісті қызмет етеді. Біз бәрін сырттай кесіп-пішкенге шеберміз. Ешкімнің шаң басқан архив ақтарып, сарғайған кітап бетін парақтап отырғысы келмейді. Ал, шындығына келгенде, олардың күн сайын, әрбір секунд, минутын рухани байлыққа толы көмбенің ортасында өткізетінен бейхабар.
         Қазір біз кітапхананың имиджін жаңартумен қатар, кітапханашылар біліктілігіне аса мән беріп отырмыз. Кітапханашы жәй ғана кітап оқып, уақытын өткізіп, үйіне қайтады деп ойласа, қателеседі. Себебі, бүгінгі кітапханашы – менеджер, ол – бағдарламашы, ол – психолог, ол – ойы зерек, қиялы ұшқыр, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдаған, оқырмандарға білім мен қажетті ақпараттың тиімдісін демдеп беріп отырған рухани қазынаның шырақшысы. Тіпті, ауылдық жерлердегі кітапханашылардың өзі сол ауыл-аймақта өтіп жатқан мәдени шаралар мен жаңалықтарды интернет желілеріне ыждаһаттылықпен жүктеу арқылы жергілікті репортёрдің қызметін атқарып отыр.
         – Кітапханаға жас оқырмандарды тартуда қандай тың, креативті жобаларды қолға алып отырсыздар?
         – Шығармашылықпен айналысатын жастардың басын қосу мақсатында "Жауқазын-ғұмыр" атты жас ақындар клубы ашылды. Өнер бөлімінде сурет салу, мүсін жасау, фортепиано, домбыра үйірмелері және АРТ-студия жұмыс жасайды. Тіпті, сурет салуды үйренуге жасы 60-қа таяп қалған кісілер де келіп, қызығушылық танытып жатады. Сондай-ақ, жұмыссыз жастар, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбек пен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында шаралар мен ІТ-технологияларды үйрету мақсатында "Шаңырақ" интеллект орталығы цифрлық сауаттылыққа негізделген тегін компьютерлік курсын өткізуде. Ал, кітапханадағы балалар алаңында олар қызықты кітаптар оқумен қатар, сабаққа дайындалуға, логикалық ой-өрісін дамытуға арналған ойындар ойнауға мүмкіндік алады. Теледидардан қызықты бағдарламалар мен сүйікті мультфильмдерін тамашалайды. Тіпті, оған балаларын жетектеп ертіп келіп жатқан әкелерді де көріп, ерекше қуанып қаламын. Сонымен қатар, жастар демалыс уақытында бас қосып, түрлі жоба жұмысын талқылайтын орын таппай қиналады. Біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында коворкинг орталығын аштық. Ал, мұнда тек жұмыс жасап ғана қоймай, жайлылықты сезіну үшін, қолайлы орта қалыптасқан, тегін интернет желісімен жабдықталған "Book кафе" жұмыс жасайды.
         – Кітапхананың жаңа рухани дүниелермен, яғни, кітап-журналдармен толығу көрсеткіші қандай?
         – Өткен жыл көлемінде жалпы облыс кітапханаларының қорына 59 мыңнан аса басылым түсті. Ал, былтыр бізге 4068 жаңа кітап келсе, оның 2000-ға жуығы қазақ тіліндегі еңбектерді құрайды.
Құнды дүниелер көмбесі
         – Үйіндегі ескі әрі құнды кітаптарды кітапханаға тапсырып жататын адамдарды жиі естиміз. Рухани азыққа деген осылай жанашырлық танытатын тұрғындар біздің қалада да бар ма? Бізде әлде немқұрайдылық басым ба?
         – Кітапхана қорын толықтырудың бір көзі – сыйға берілген кітаптар. Бізге көбіне, авторлар немесе олардың туыстары үйінде сақтаулы тұрған кітаптарын ұсынып жатады. Ал, тұрғындар тарапынан мұндай жанашырлық танытатындар қатары жоқтың қасы. Мүмкін, бізде әлі де мұндай мәдениет қалыптаспаған.
         – Расул Ғамзатов: "Аптасына бір өлең оқыған адам – азамат, күніне бір өлең оқыған адам – ақын" дейді. Өзіңіз күнде осы кітаптар көмбесінің ортасында жүрсіз. Алдыңызға келген оқырманға ең әуелі қай шығарманы оқуды ұсынар едіңіз?
         –  Орыстың заңғар жазушысы Л.Толстой "Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей" дейді. Расында да, дәл солай. Әрбір кітап – үлкен тәрбие мектебінің таптырмас құралы. Абайдың қара сөздерінің өзі неге тұрады? Тұнып тұрған – өмірлік пәлсапа. Оқып отырып, көңілге тоқисың. Жұмыс үстеліме де бірнеше кітапты әдейі әкеліп қойғанмын. Қолым қалт етіп босай қалса, кітап бетін парақтау әдетке айналған. Д.Исабеков, Қ.Жұмаділов, Р.Отарбаев сынды қаламгерлер туындыларының мен үшін шоқтығы биік. Жалпы, әдебиеттің қай-қайсысын да бөліп-жарудың қажеті жоқ. Әрбір еңбектің өз тағылымы бар. Тек қажет жерін өзіңе түртіп, өмірлік сабақ ете білсең болғаны. Түбіне жетіп оқи білген, көңілге зерделей білген жанның кітаппен достығы да өмірлікке ұласатынын есте ұстаған жөн.
         – Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге үлкен рақмет!
Сұхбаттасқан Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.      
 
 
01 сәуір 2019 ж. 2 917 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 449 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам