"Реніш болды": Нұрлан Қоянбаев актерді не үшін сан соқтырып кетті
Нұрлан Қоянбаевтың құйтырқы әрекеттері әшкереленді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі НТК арнасының Ревью бағдарламасына сілтеме жасап.
КВН түлегінің шынайы бетпердесін ашқан тамашаның актері – Саттар Ерубаев. Кезінде кино продюсердің «Бизнес по-казахски» картинасына кастинг арқылы өтіп, рөлге бекітілген Саттар Ерубаевты түсірілім командасы сан соқтырып кеткен. Алданған актердың өкпесі қара қазандай.
Алғашқыда ауылдан келген аңғал Еркоштың образына Саттар Ерубаев таңдалған екен. Қоянбаевтың командасы мен актердың арасында келіссөздер жүргізіліп, жұмысқа кірісуге санаулы уақыт қалғанда киноның түсірілім тобы жауапсыздық танытқан. Өйткені кастингтен өткен өнерпаздың орнына басқа актерды өткізіп жіберген көрінеді. Көгілдір экранда көп бой көрсете қоймаған Рамазан Амантайдың жарқ етіп шыққанына ашуланған Саттар Ерубаев бұл оқиғаның мән-жайын анықтап, себебін білгісі келеді.
«Реніш болды. Нұрланға да хабарласып «Нұреке, не болып қалды? Қандай шикілік болды?» деп айтамын ба деген едім. Себебін білмек болғанмын. Әлі де сұрағым келеді», - дейді актер.
Саттар өзін сан соқтырған Нұрланмен кездесудің сәті түспей жүргенін жеткізді. Бірақ, ойда жоқта актерлік құрамды ауыстырған Қоянбаевтың құйтырқы әрекетіне өзіндік болжамы бар көрінеді. Актердың пайымдауынша, продюсер бұндай әрекетке қаржыны үнемдеу мақсатында барған.
"Мысалы бір миллион аламын деп актер келіп тұр. Бірақ Рамазан жас, енді бастап келе жатқандықтан, ол 500 мыңға келісті де, солай өздерінің бюджетінен үнемдеуі мүмкін", - деп жорамал жасады.
Саттарға сәтсіздік әкелген жоба кинопродюсер ретінде Қоянбаевтың қалтасын қалыңдатып үлгерген. Осы уақытқа дейін үш бөлімін жарыққа шығарған продюсер мен жоба авторлары таяуда төртінші бөлімін таспаға тартпақ. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүргізіліп, көрерменнің талабына сай локация таңдалуда.
«Жақын арада инстаграм арқылы халықтан сұрағымыз келіп тұр. Қай жерде түсірген қызық болатынын. Еуропа, Үндістан және Кореямен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», - дейді продюсер Нұрлан Қоянбаев.