Қызылордалық оқушылар тарихи-мәдени орындарға саяхаттамақ
Биыл Қызылорда облысы бойынша 1-10 сынып аралығындағы 147750 баланың 144795-і жазғы тынығу лагерьлерінде дем алатын болады. 1 маусымнан бастап аймақтағы сауықтыру лагерьлері өз жұмысын бастайды.
Қызылордалық өрендердің демалысын қызықты өткізу мақсатында облыста түрлі шаралар қолға алынуда. Мәселен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде мектеп туризімін жандандыру бойынша 20 мың оқушы аймақтағы киелі тарихи-мәдени орындарға саяхат жасайды.
– Облыстағы 9 сауықтыру орталығы мен демалыс лагерінде (6-уы жыл бойы, 3-еуі маусымдық) 10 мыңға жуық бала демалыспен қамтылады. Ал жалпы білім беру мектептерінің базасындағы күндізгі және шатырлы лагерьлерде 96 мың бала тынығатын болады, - деді облыстық білім басқармасының басшысы Майра Меделбекова.
Биыл 2018-2019 оқу жылында облыстағы 261 мектептен 5754 оқушы 11 сыныпты тамамдайды. Оның 4143-і (72 пайыз) маусым айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспақ. Түлектердің 400-і «Алтын белгіге», 285-і «Үздік аттестатқа» үміткер. Сондай-ақ, бітіруші түлектер жыл бойы жұмыс істейтін «Қамбаш», «Талдысу» лагерьлерінде дайындық курстарынан өткен.
– Мектеп бітіруші түлектердің 4662-сі университеттерге, 1 мыңы колледждерге түседі деп жоспарлануда,- деді облыстық білім басқармасының басшысы.
Айта кетейік, маусым айында өткізілетін ҰБТ-ны ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 17,5 млн теңге бөлінген.