Облыс әкімінің орынбасары "Ақтерек" тынығу лагерінің жұмысымен танысты

Руслан Рүстемов оқушылардың тынығу маусымын сапалы үйлестіру үшін барлық қолдаулар мен көмектер жасалғанын, тиісті іс-шаралар жоспары әзірленіп, атқарылуы тиіс жұмыстар нақтыланғанын атап өтті.
Сонымен бірге, тынығушы балалардың ас ішетін, демалатын, ойнайтын және іс-шаралар өткізетін орындарымен танысты. Өз кезегінде аудан басшысы Қайратбек Сәрсенбаев жазғы тынығу маусымын ұйымдастыру бағытында есепті мерзімде атқарылған жұмыстар жөнінде мағлұмат берді.
Тынығу лагерінің материалдық-техникалық базасымен танысқан облыс әкімінің орынбасары сала мамандарына бірқатар тапсырмалар берді. Оқушылар үшін жайлы демалысты қалыптастыру ортақ міндет екенін жеткізді.
Айта кету керек, былтырғы жазғы маусымда «Ақтерек» лагерінде 5 ауысымда 402 оқушы қамтылса, биылғы жылы 6 ауысымда 482 бала қамтылады.
Сондай-ақ, ауданда оқушылардың жазғы демалысын тиімді пайдалану мақсатында биылғы жылы 1-10 сынып аралығындағы 6349 баланың жазғы демалыспен, саяхатпен 5392-і, яғни 84,9% қамтылады деп жоспарлануда.
Аудан бойынша мектеп оқушыларының жазғы маусымдағы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары жасалынып, жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізілуде.