Төтенше жағдайдың алдын-алу маңызды
Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерболат Сермановтің сөзіне сүйенсек, қала бойынша техногендік төтенше жағдайлардың орын алуы мүмкін барлығы 2166 нысан бар. Осы бағытта ауқымды шаралар атқарылып келеді. Мәселен, төтенше жағдай салдарынан қалаға қарасты округтерде бірқатар оқыс оқиғалар орын алды. Өрт және көмірқышқыл газдың алдын алу мақсатында халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
– Қазіргі таңда дария аумақтарына тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері 96 өрт оқиғасы тіркеліп, 4 адам қаза тапқан. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында халық көп шоғырланатын жерлерде басқарма тарапынан үнемі тексерулер жүргізіледі. Соның нәтижесінде өрт қауіпсіздігі орнатылмаған 6 сауда орны мен базар анықталған. Одан бөлек қала аумағындағы су айдындарында 5 адам қаза болып, өткен жылмен салыстырғанда ол артып кеткен, – деді Е.Серманов.
Сессияда осы мәселе төңірегінде депутаттар тарапынан ұсыныстар жасалды. Мәселен, суға түсуге тыйым салынған, алайда халық көп шоғырланатын орындарды заңдастыруды қолға алып, жергілікті кәсіпкерлерді тарту мақсатындағы жұмыстарды пәрменді жүргізу ұсынылды. Сондай-ақ, қауіптің алдын-алу мақсатында жазғы мезгілде түнгі кезекшіліктің уақытын созуға байланысты ұсынысын жеткізді.
Ал күн тәртібіндегі «2018-2022 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында діни экстермизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі» мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысы» мәселесі бойынша қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Қаюпов баяндап берді.
– Облыс орталығында қазіргі таңда 18 мешіт, 10 өзге діни бірлестік бар. Өткен жылы діни экстремизм мен тероризмнің алдын алу мақсатында әзірленген 64 кездесу өткізілсе, жыл басынан бері дәл осындай 72 шара ұйымдастырылған. Оның ішінде білім беру ұйымдарында жастарға деструкзивті діни ағымдардың қоғамға қауіптілігін түсіндіріп, профилақтикалық іс-шаралар қала әкімдігімен тұрақты жүргізіліп келеді, – деді Р.Қаюпов.
Келесі мәселеде «Белкөл кенті әкімінің атқарған жұмыстары туралы есебі» болды. Белкөл кентіне қатысты депутаттар қосымша жолаушылар тасымалына бағыт ашу және кәсіпкерлік бағытын жандандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу туралы секілді ұсыныс берілді.
Сонымен қатар, сессияда әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы шешім қабылданды. Аталған мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Сессия отырысын қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қорытындылады. Ол облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жиын соңында халық қалаулылары күн тәртібіне ұсынылған мәселелерді жан-жақты талқылап, тиісті шешімдер қабылданды.
Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ.