Ақеркенің еншісінде – 139 балл
Сыр өңірінде Ұлттық бірыңғай тестілеуден әзірше ең жоғары баллға Сырдария ауданы Бесарық ауылынан Ақерке Өтеген қол жеткізді. Оның еншісінде 139 балл бар. Осылайша ата-ана, ұстаз үмітін ақтап, үздік аттестатты қорғап шықты.
Бір ғана сұрақ, бір ғана жауап дұрыс болмады. Алайда, Ақерке бұған ренжімейді. Үздік көрсеткішті иеленген ол әзірге аймақ абыройын арттырып отыр. балл жинаған онымен бүкіл аудан халқы мақтануда. Ақерке Мұратқызын жаңа жетістігімен құттықтап, болашақ түлектер үшін ҰБТ-ге дайындалудың тәсілін сұраған едік.
Биылғы жас түлек биология және химия пәндерін таңдаған екен. Алда медицина факультетіне оқуға түскісі келеді. Аталған ауылдағы №147 орта мектебін тәмамдаған. ол тестілеуге дайындықты 10-сыныптан бастаған.
– Дайындықты қазақстан тарихынан бастадым. Бірінші өзім қызығып, талпынысым артты. Содан кейін ұстазым Жанар Сейдахметова тұрақты түрде дайындалдым. Сынып жетекшім Гүлдана Әнетқызына алғысым шексіз. Көп еңбегі сіңді. Кейін таңдау пәні ретінде биология, химия пәндерін бейінді оқи бастадым. Маған сенім артып, нақты пәндерден дайындалуымен көмектескен ұстаздарыма алғысым шексіз. Білім алудан жалыққан емеспін. Керісінше, күнде бір сұрақтың жауабын тауып, соны білуге тырысатынмын. ҰБТ-дағы мақсатым жоғары балл жинау еді. Сынама тесттерден 120-130 сұраққа жауап беріп жүргендіктен жоғары балл алатыныма сенімді болдым. Асып-сасып қорыққаным жоқ. Себебі, 11 жыл бойы оқыған біліміме арқа сүйедім. Жақсы дайындалғандықтан ойдағыдай тапсырып шықтым. Үйге келген соң есімде қалған, күмәнданған сұрақтарды кітаптан қарап шықтым. Оқу сауаттылығы бойынша бір сұрақтан қате кеттім, – дейді ол.
Оның айтуынша, тестілеуге дайындықты оқушылар өзара дайындалғанда көп сұрақтар мен жауаптар есте қалады. Өз арасында сабақ талдаса немесе бір-біріне сұрақ қою арқылы дайындалса болады. Ақерке құрбыларымен бірге көп дайындалған. Тек оқу керек. Ізденіс қажет. Расында, өз біліміңе сенімді болсаң, көп нәрсеге қолың жететіні рас. Мұны Ақерке де дәлелдей түсті.
– Мақсатың айқын болсын. Ата-ананың үмітін ақтауға тырысу қажет. Тек жақсы ойлап, адамдардың ризашылығын алған қандай керемет. Ата-анамның, 11 жыл бойы білім берген ұстаздарымның үмітін ақтағым келді. Ең бірінші нәрсе – еңбек дер едім. Екіншіден, нақты алуға талпынған артық емес. ҰБТ болған соң өзінің қиыншылығы бар. Ең алдымен адамның өзіне сенімділік қажет. Моральдық, психологиялық тұрғыда дайын болуы басты міндет, – деген ойымен бөлісті жас түлек.
Ақеркенің алдағы мақсаты – С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсу. Сонда білімін шыңдап, фармацевт маманы атанғысы келеді.
Айтолқын АЙТЖАНОВА.