ӨНЕГЕСІ МОЛ ӨРКЕНДІ ЖЫЛ
Ескі жыл тарих қойнауына еніп, жаңа жыл табалдырығымыздан аттады. Айтулы күн қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтары орталық алаңға жиналып, алдағы күнді көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Бет қарыған ызғарға қарамай жасыл шырша жанына жиналған халықтың қарасы қалың. Салтанатты жиында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылдың жарқын жетістіктеріне тоқталып, жиналған жұртшылыққа мерекелік жылы лебізін жеткізді.
– Тауық жылы – еліміз бен облысымыз үшін тарихи әрі саяси оқиғаларға толы. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық сананы жаңарту, рухани жаңғырудың мазмұнын айқындаған маңызды мақаласын жариялады. Сондай-ақ, өткен жыл біздің өңір үшін де табысты, жемісті болды. Елбасы қамқорлығымен жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың, аймақ басшысының тікелей қолдауы арқасында қаланың әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табуда. Мемлекет басшысы Сыр өңіріне жасаған сапары кезінде шаһар дамуына оң бағасын берді. Қаланың инженерлік инфрақұрылымы дамып, әлеуеті артты. Көп қабатты тұрғын үйлер мен түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Сол жағалаудағы жаңа қаланың құрылысы да қарқын алып келеді, – деді қала әкімі өз құттықтауында.
Салтанатты кеш барысында Аяз ата мен Ақшақар жиналған көпшілікке ақ тілектерін арнап, жаңа жылдық сый-сияпаттан да құр қол қалдырмады. Ал, түрлі кейіпке еніп, ертегілер әлеміне еліткен кейіпкерлер би билеп, кеш көркін одан әрі қыздыра түсті.
Сондай-ақ, мерекеде Сыр өңіріне арнайы келген эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас көпшілікті жаңа жылмен құттықтап, әннен шашу шашты.
– Биыл жаңа жылды Сыр жұртшылығымен бірге қарсы алу бақыты бұйырыпты. Айтулы күнде отбасымызбен Қызылордаға арнайы ат басын бұруды жөн көрдік. Мұндағы өнерге құштар халықтың қонақжайлығы мен қолдауы мені ерекше қуантады. Ит жылы барлықтарыңызға ырыс-несібесімен, бақ-берекесімен келсін, – деді әнші.
Мереке соңы жергілікті өнерпаздардың мерекелік концерті мен жаңа жылдық отшашуына ұласты.Қызылорда аспанын сан түрлі жарық сәулеге бөлеген отшашу жиналғандарға ерекше әсер қалдырды.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.