Шаңырақтың шаттығын бағалай біл
«Судың түбін шым бөгейді, даудың түбін қыз бөгейді» демекші, нәзік жандылардың ерге тән ерлікке толы істері кейінгі толқынға өнеге. Қоғамдағы әйелдер бейнесі тарих сахнасынан өшкен емес. Әр заманның өжет қыздары өрлігімен өнеге танытты. Қай кезде де нәзік жандылар ибалы келін, аяулы жар, болашақ ана, ертеңгі ақ жаулықты әже екендігі ақиқат.
Халқымыз «Қыз аз күнгі қонақ» дейді. Оларға ең дәмдіні жегізіп, тәуірін кигізеді. Бетінен қақпай, үкілеп өсірген. Қызға әке үйінің оң жағынан орын берілген. Десе де оларға қырық үйден тыйым жасаған. Бұл – бұрымды арудың ерсі қылығын түзеп, жөнсіз әрекетке жол бермеуіне бағытталған тәрбиенің алғышарты. Белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева «Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек» деген пікір айтқан екен. Сондықтан ата-дәстүр мен салт-сананы берік ұстанып өскен қазақ қызы кез келген ортада өзінің ерекшелігімен көзге түседі.
Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен аналардың ардақты жолы лайықты жалғасып келе ме? Сан сауал тіл ұшына оралады. Кейбір келеңсіз жағдайлар ойландырады. Ой таразысына салып көрелікші.
Тауқыметке толы тағдырлар
Жасыратыны жоқ, соңғы кезде тұрмыстық зорлық-зомбылық көріп, шарасыз күйде қалған аналардың, дүниеге келгеннен жетімдіктің ащы дәмін татқан сәбилердің, қартайған шағында пана іздеген қарт кісілердің сан қилы тағдыры көз алдымызда орын алып жүр. Статистикалық мәліметтер бойынша елімізде болатын қылмыстың үштен бірі тұрмыс жағдайындағы зорлық-зомбылық салдарынан орын алады екен. Көп жағдайда қарулы ер азаматтың әйеліне қол жұмсауы байқалып қалады. Осындай күйге түскен шарасыз ана шаранасын құшақтап жан-жағынан қамқорлық іздейді.
Қаламыздағы «Қамқорлық» дағдарыс орталығына тұрмыс тауқыметін тартып, ер азаматтарынан зомбылық көрген жандар жиі келеді. Мұнда көмек сұрап келген аналар мен балаларға әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Солардың бірі – Бақыткүлдің «Дағдарыс» орталығына келгеніне 1 ай уақыт болыпты. 1978 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген ол алғашқы некедегі күйеуімен жараспай, көп уақыт өтпестен ажырасып кеткен көрінеді. Одан 5 жасар қызы бар әйел көп ұзамай, тағы да бір ер азаматпен көңіл жарастырған. Десе де тағы да тағдыр талқысына түсті. Жолдасы оған үнемі күш қолданатын көрінеді.
– Күйеуім ащы суға жиі сылқия тойып алады. Не істеп, не қойғанын білмей қалады. Қазір денемнің сау жері қалмады. Тісімнің бәрін сындырып тынды. Тіпті кейде, өлтіріп қоя ма деп қорқамын. Сөйтсем, кейіннен оның ішімдікке есірткі араластырып қолданатынын білдім. Содан амалсыздан осы жерді паналауға тура келді. Қазір құрсағымда 8 айлық балам бар. Енді балаларым үшін өмір сүруге тиіспін деген шешімге келдім, – деді ол.
Келесі кейіпкеріміздің бірі – Сандуғаш 21 жасында Шиелі ауданында бір жігітке тұрмысқа шыққан. Айтуынша, болашақ жарын жете танып білмеген. Тек сыртынан бір-екі рет көрген екен. Болашақ күйеуі осылайша басып алып қашып кеткен. Амалсыздан босағадан аттаған ол сонда қалуға тура келген.
– Ол уақытта өте жас едім. Қолымнан келгенше келіндік міндетімді адал атқардым. Дүниеге 4 бала әкелдім. Жолдасыммен бірге 16 жыл бірге тұрдық. Өткенге көз тастап ойланып қараймын. Сол жылдарда еске алатындай бақытты сәттерім аз екен. Себебі, күйеуім екеуіміздің ортамызға әрдайым енем түсетін. Ол кісіге не істесем де жақпадым. Алғашқы күннен маған тыныштық бермеді. Сәл нәрсені сылтау етеді. Мені күйеуіме арандатып, үйден қуып шығуға тырысты. Анасының сөзіне еріп, күйеуім де маған қол жұмсауды шығарды. Үлкен ұлым биыл тоғызыншы сыныпты бітірді. Үйдің ішінде жанжал туғанда балам маған араша болуға тырысады. Сол үшін сан мәрте әкесінен таяқ жеді. «Бір күнгі ұрыстың қырық күн кесірі болады» демекші, отбасындағы адамдармен татулықта тіл табысу мүмкін еместігін түсіндім. Оны көріп өскен балаларымды ойладым. Міне, енді амалсыздан осы орталыққа келдім. Бұрын да бұл жерді паналадым. Басқа барар жер, басар тауым жоқ. Бұл жердің уақытша екенін білемін. Бірақ, әрі қарай не істерімді де білмеймін, – деді ол.
Қамқөңіл аналардың көз жасы
Ашылғанына тоғыз жылға таяп қалған орталық 60 адамға арналған. Байқағанымыздай, мұнда көбінесе қолында кәмелет жасқа толмаған балалары бар және күйеуінен қорлық көріп, тауы шағылған аналар келеді.
– Қазіргі таңда мекеме 11 отбасы, яғни 44 адамға қызмет көрсетуде. Алғашқы ашылған жылдары 8-10 адам ғана қабылданған едік. Кейін бізге келетін адамдар артты. Ол уақытта орталықтың қызметі жайында жалпақ жұрт біле бермейтін.
Біздің орталыққа келетін жандардың өмірде көрген қиындықтарын күш көрсету, экономикалық, психологиялық деп бірнеше топқа бөліп қарастырамыз. Әрі қарай сол бойынша арнайы психолог мамандар жұмыс жасайды. Дағдарыс орталығына келіп түскен әйелдердің тұрмыс жағдайы мен психологиялық ахуалы әртүрлі. Бірі өзінің күйеуінен қатты соққы алғанын айтып қынжылса, енді бірі отбасы мүшелерінен зәбір көргенін жасырмайды. Олардың барлығы орталықты 6 айға дейін уақытша болса да паналай алады. Мекеменің тиісті мамандары оларға 8 түрлі қызмет көрсетеді. Арасында тұрақты мекен-жайы жоқ немесе әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай отырғандар бар. Ондай мәселесі бар аналарға біз барлық құжаттарын дайындап, мемлекеттен жәрдемақы алуға ықпал етеміз, – деді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов.
Орталық мамандарының айтуынша, педагогтар түрлі әдіс-тәсілдер арқылы мұнда тәрбиеленетін балалардың ой-өрісін дамытып, қалыптастырады екен. Оған қоса, психологиялық зардап шеккен аналармен арнайы психолог маманы жұмыс жасайды. Тағы бір айта кететіні, қамкөңіл аналардың сәбилері кәсіпкерлердің қолдауымен балабақшамен қамтылған. Енді, алдағы уақытта әлеуметтік балабақша тұсауын кескелі отыр.
Отбасы – мемлекеттің іргетасы
Отбасы саясаты, ұлттық құндылықтарды сақтау және нығайту – ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық өңірлік комиссия қызметінің басты бағытының бірі. Осы басымдықты басшылыққа ала отырып, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі кеңестің жанынан «Сыр аналары» қоғамдық қоры құрылды. Аталмыш қор дәстүр мен ұлттық құндылықтарды насихаттай отырып, отбасын нығайту және ондағы тәрбиенің рөлін арттыру мәселелері бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
– Қазақта «Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» деген сөз бар. Отбасылық құндылықтарды сақтауда әйел пен ер адамға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Себебі, отбасы – мемлекеттің іргетасы әрі ажырамас бөлігі. Адамның тұлға ретінде қалыптасуында отбасының алатын орны бөлек. Өкінішке орай, біздің елімізде толық емес отбасылар көп. Соның салдарынан бейбіт өмірдің өзінде мыңдаған балалар жетім атануда. Бірақ, біз мұнымен күресуіміз керек. Мен ажырасуға қарсымын, жастар отбасы құндылығының қадір-қасиетін түсінсе деймін. Біздің «Сыр аналары» қоғамдық қоры әйелдер арасында отбасы тақырыбында түрлі кездесулер мен бас қосулар ұйымдастырады. Онда аналардың мәселелері қозғалады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, – деді облыстық әйелдер кеңесі, «Сыр аналары» қоғамдық қорының төрайымы Нұрсәуле Мұсаева.
Түйін сөз
Қазақтың ақиық жазушысы Мұхтар Мағауин: «Қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне байланған әлемдегі ең ізгі әйел. Қазақ әйелі – бар тілегін перзентінің жолына арнаған әлемдегі ең мейірбан әйел. Қазақ әйелі – бар бақытын некелі ерінің талайынан күткен әлемдегі ең адал әйел. Ұлттың ұйытқысы. Ұрпақтың анасы», – дейді. Иә, біз мысал еткен аналардың тағдыры айтуға ащы болса да қоғамдағы бар жағдай. Бұл мәселе кез келгеннің санасына ой салуы керек.
Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА