Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Көне кезеңнің күмбірі

Көне кезеңнің күмбірі

  Қадым заманнан бері қазақы болмысымызды айшықтап тұратын қос ішекті, тоғыз пернелі қасиетті домбыра көне кезеңнің күмбірі іспеттес. Сол бір құдыретті күш тұла бойымызды ерекше сезімге бөлеп, асқақ рух пен елжандылық қасиеттерді алпыс екі тамырымызға таратып жатады. Ұды даланың ұландары ұрпақтан ұрпаққа осы бір қасиетті дүниені мирас етіп, атадан балаға аманатқа айналған асыл қазына ретінде әрдайым жоғары бағалап келеді. Жан-жүрегімізге жарық нұр секілді құйылатын «Домбыра» атты әнде оны қадірі мен қасиеті, мақсаты мен мұраты, құдыреті мен киесі дәлме-дәл көрініс берген. Айтылғандай, домбыра бабамыздың мұңы, анамыздың сыры, даламыздың үні емес пе?
Ертеден екінің бірі домбыра құлағында ойнап, қазақтың әрбір шаңырағында ән мен күй қалықтап жататын еді. Тіпті оны тарта алмайтын алаш баласы некен-саяқ болды. Өкініштісі, бүгінде әрбір отбасының төрінде домбыра ілулі тұратынын көзіміз шала бермейді. Оның құлағында ойнаған былай тұрсын, қастерлеп қалай ұстауды біле бермейтін ұрпақ көбейіп барады.
  Біздің үйге қонақ келді. Орта толып, дастархан сәні қыза түскен сәтте олардың бірі «ән шырқап отырайық, домбыра бар ма?» дегені. Үйде домбыра  жоқ еді. Содан не керек, көрші жағалап кеттік. Өкінішке орай, жақын маңдағы үйлерден оны таба алған жоқпыз.  Бұл – бүгінгі күннің ащы көрінісі.
Қазақ пен домбыра қашанда егіз ұғым. Сол үшін ілгеріде өзін қазақпын деп есептейтін әрбір жан сол бір асыл қазынаны үйінің төріне іліп қоятын. Бір-біріне тарту ететін. Бүгінгі ұрпақ сол қос ішекті қазынаның қадір-қасиетін түсіне ме? Оны қаншалықты бағалай біледі?
Домбыраның қыр-сырына қанығып,бүгінгі ұрпақ бойына сіңіріп жүрген жанның бірі – Олжас Жүнісбаев өнерлі өрендер шоғырын қалыптастырып, дарынды жастардың шығармашылығын шыңдап келеді. Оны өзінің рухани серігіне айналдырған. Жанашыр жан ұлттық аспапқа қызыққан бір өрен болса да, соған үйретуді жаны қалайды. Себебі, әрбір өрен  киелі дүниенің қасиетін ұғынып, қадірін түсіну керек деп санайды. Кішкентайынан музыкаға, домбыраның қоңыр үніне деген ынтызарлық оны осы өнерге алып келді.
– Ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған киелі аспап – әрбір қазақ үшін ерекше бағалы болуы тиіс. Мен үшін де солай. Ол – салт-дәстүріміздің айнасы, ұлты­мыздың бейнесі. Кішкен­тайымнан өнерге жақын болдым. Үйде домбыра ілулі тұратын. Ағам, інім және мен үшеуміз бір-бірімізге оны тартуды үйрететінбіз. Содан кейін ауылдық мәдениет үйіндегі домбыра үйірмесіне бардым. Онда Қалдыгүл Жұмаділдаева деген әуез мұғалімінен үйренгенім көп. Мектепті бітіргеннен кейін, Қазанғап атындағы музыкалық колледжде білім алдым. Онда ұстазым Нұраддин Ахметов деген кісіден алған тәлімім аз емес, – дейді ол.
Бүгінде Олжас облыстық филармонияның оркестрінде қызмет жасайды. Сонымен қатар, шәкірт тәрбиелеп, домбырадан сабақ беріп жүр. 2004 жылы Сырдария ауданы, Амангелді ауылынан әуез мектебі ашылды. Сол уақыттан бастап бүгінге дейін аталмыш ауылда балаларға домбырадан сабақ береді. Әуез мектебінде жұмыс жасағанына 5 жыл уақыт болса да, бірқатар биіктен көрінді. Сондай-ақ, осы ауылдағы «Дала үні» ансамблінің жетекшісі. Олжас ансамбльдің өнер айдынында жетістікке жетуіне аянбай тер төгіп келеді. Соның негізінде Халықаралық «Біз бақытты баламыз» атты байқауда жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін «Дала үні» ансамблі марапатталды
Ал, «Ұстаздан шәкірт озар» демекші ол баулыған талантты өрендер  ерекше орындаушылық шеберлігі үшін аймақтық байқауларда үздіктер қатарынан көрінуде.
– Балаларды нота сауаттылығы арқылы үйретеміз. Бастысы, олардың қызығушылығы жоғары екені қуантады. Бүгінде шәкірттерім Қазанғап, Құрманғазы, Дәулеткерей және Қаршыға Ахмедияровтың күйлерін үйреніп, орындап жүр. Жалпы, киелі өнерді жанына серік еткен жан ешқашан елеусіз қалмайды ғой. Соның әсерінен шығар есейген соң домбырадан дәріс беріп жүргенім.  Үнімен-ақ сыр шертіп, айтқысы келгенін екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұрап жеткізетін, тыңдаған құлақтың құрышын қандыратын, киелі аспап мен үшін қашан да қадірлі. Жалпы, қазақты домбырасыз елестете алмаймын. Шаңы­рағымның төрінде дауысы күмбірлеген домбырам ілініп тұр, – дейді Олжас Жүнісбаев.
Бүгінгі күннің бейнесі, қос ішектің қасиетін ұғынып, мәнісін түсіне бермейтін жеткіншектер өсіп келеді. Ал, домбыра ұлтымызды бір мақсатқа біріктіріп, рухымызды көтеруге септігін тигізеді. Қасиетті қазынаның қадірін кейінгі ұрпақтың санасына өшпестей етіп сіңіру – мәңгілік ел мұратының бірі. Аталарымыз осы ама­натты бізге жеткізді. Біз кейінгіге қастерлеп беруге тиістіміз. Келе­шек ұрпақ халық музыкасымен сусындап, ұлттық үнінен ажырама­сын десек, ұлт аспабы төрімізде тұрсын!
Айтолқын АЙТЖАНОВА.
27 наурыз 2019 ж. 1 334 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 422 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам