Тұлпар мініп, ту алған
Әрісі Алтай берісі Атырау аумағын жайлаған ұлан-ғайыр атырап көшпелі қазақ жұртының ту тіккен байтақ даласы. Сан ғасырлар бойы жаугершілік заманды бастан кешкен халқымыздың ұрпағына қалдырған қасиетті мекені. Бүгінгі егемен ел, іргесі берік мемлекет найзаның ұшымен, білектің күшімен, бабалар рухымен тұғырын бекем орнатты. Елінің тағдырын, ұлтының амандығын, жерінің тұтастығын бәрінен биік қойған батырлардан қазақ кенде емес. Кезіндегі Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай мен кешегі Исатай, Махамбеттер сонау Қобыланды, Алпамыс, Қамбар сынды батырлардың жалғасы. Олардың ұлт тағдыры жолында жасаған ерліктері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ел жадында сақталып келеді.
Қазақтың батырлар жыры, шешендік өнері, мақал-мәтелі – ұлттық тәрбиенің негізгі мәйегі. Сан ғасырдан сарқылмай жеткен асыл қазына жас сананың азығы іспетті. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық мәдениетке, ұлттық кодымызға баса мән берілуі керектігі атап көрсетілді. Бүгінде бұл бағытта атқарылған ілкімді істер жетерлік. Десек те ұлттық болмысты алдымен өскелең ұрпақтың бойына сіңіру керек-ақ. Бабалар руханиятына қаныққан жастан білімді, патриот азамат қалыптасады.
«Qazaq Epos» қоғамдық қоры «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын ұйымдастырды. Ондағы мүдде – өскелең ұрпақты халық поэзиясына, рухани мұрамызға деген сүйіспеншілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу, ерлік пен елдік рухқа, намыс пен қайсарлық қасиетке баулу. Оған еліміздегі 6-10 сынып оқушыларының қатысуына мүмкіндігі бар. Басты талап – халық ауыз әдебиетінің «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау жазған нұсқасын жатқа айту. Сондай-ақ, оған ниет білдірген өрендер алдын ала баспасөз бетінде жарияланған тақырыптар бойынша эссе жазады. Байқауға қатысуға еліміз бойынша 51 мыңнан аса шәкірт талаптануда.
Жаудың дұшпандық ниетімен басталған майдан даласында халыққа қалқан болып, ел қорғаған батырдың асқан ерлігі суреттелген аталмыш дүние – көркемдігі жоғары, әлем халықтарының эпостық жырларымен қатар тұрған шығарма. Ол ең көне шығарма болып есептеледі. Толымды туынды әр заманға сай жаңғырып, өзгеріске ұшырап отырған. Сол себепті оның бірнеше нұқасы қалыптасқан. Қазіргі таңда бізге жеткен 29 нұсқасы болса, соның Марабай жырау жазған түрі кең қолданыста саналады.
Эпостық жырды жатқа айтуға біздің аймақтағы 280 мектептен 3000 мыңға тарта өрен қатыспақ. Қазіргі таңда ұстаздар мен шәкірттері байқауға қызу дайындық үстінде. Олар 132 бет, 5206 жолдан тұратын жырдың кез келген бөлігін жатқа айтуы тиіс. Сондай-ақ, көнерген сөздердің мағынасын түсіндіруі қажет. Оған қоса қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қойылатын қосымша сұрақтарға мүдірмей жауап беруі талап етіледі. Ал, республикалық кезең телевизиялық жоба ретінде жүреді. Онда сахнаға шыққан екі өнерпаз жырды айтқанда тоқтаған жерден мүдірместен жалғастырып әкетуі керек. Сайыста тек шығарманы жатқа айту емес, оқушының әртістік шеберлігі, жырды төгілтіп жырлай білуі, нақышымен айтуы да ескеріледі. Бұл ретте Тасбөгет кентіндегі №11 мектеп-лицейінің 7 «ә» сынып оқушысы Нұрайлым Жаңаберген сайысқа сақадай сай. Ұстазы Гүлбану Жабетова дайындықты ертерек бастағанын айтады.
– «Қобыланды батыр» жырын толық жаттадық. Ендігі жерде ондағы көнерген, тарихи сөздерге талдау жасап жатырмыз. Нұрайлым бұған дейін қазақ тілі пәні бойынша қалалық, облыстық олимпиадада жүлделі орындардан көрініп келеді. Сәтін салса алдағы сайыста да үмітімізді ақтайды деп сенеміз. Жалпы оқушылар арасында мұндай байқаудың өтуі – құптарлық іс. Ол – бүгінгі жас ұрпақтың ата-баба мұрасын, өз ұлтының әдебиеті мен мәдениетін тереңінен тануына зор мүмкіндік әрі баланың әдебиетке деген қызығушылығын арттырады. Бұл дарынды оқушылар мен олардың ұстаздарына үлкен қолдау деп білемін – дейді ол.
«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы көпшіліктен қолдау тапты. Ақпарат және қоғамдық даму, Білім және ғылым министрлігі, «Qazaqstan» ұлттық арнасы мен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен өтетін байқаудың жүлде қоры да қомақты. Үш кезеңнен тұратын сайыста ақтық мәреге жетіп, жеңімпаз атанған оқушыға 1 млн. теңге көлемінде сыйақы беріледі. Бұл ретте жеңімпазды дайындаған мұғалімдер де ескерусіз қалмайды. Аудандық кезеңде жүлдегер болған үміткердің ұстазы Білім және ғылым министрінің арнайы дипломымен марапатталса, облыстық кезеңде жеңімпаз болған оқушының тәлімгерлеріне қомақты сыйақы тағайындалған.
Мәні мен мазмұны, танымы мен тағылымы озық байқауға бүгінде барлық баспасөз құралдары ақпараттық қолдау көрсетуде. Ел руханиятын жаңғырту жолында «Шалқар» радиосы жобаның арнайы бағдарламасын эфирге шығарды. Көрерменге әр сәрсенбі сайын жол тартатын «Тұлпар мініп, ту алған!» бағдарламасында негізгі тақырып аясында ой қозғалады. Байқауға қатысушы өрендер эфир барысында тікелей толқында жыр үзіндісін жатқа айтып, дайындық барысын көрсете алады.
«Қобыланды батыр» жырын жаттауда тек оқушылар ғана емес, елімізге танымал азаматтар да белсенділік танытуда. Олардың арасында байқаушыларды қолдау мақсатында жырдан үзінді оқудың отбасылық эстафетасы басталды. Эстафетаны алғаш боп «Қазақ радиоларының» басшысы Қ.Жұмағали қолға алып, одан әрі қоғам қайраткері Н.Өтешев пен әнші-композитор М.Салықовтың отбасына жолданды. Игі бастама елімізге белгілі азаматтардың отбасылары арасында кең таралуда. Жырдан үзінді оқыған видеолар байқаудың ресми сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған.
Біз халық тұрмысын әдебиеттен бөліп қарай алмаймыз. Ата-бабамыздың тыныс-тіршілігі, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы ауыз әдебиеті арқылы бүгінгі күнге жетті. Сол арқылы өткенімізді біліп, мәдениетімізді, руханиятымызды таныдық. Атадан қалған асыл мұрамызды жаңа дәуірде қайта жаңғырту, жаңаша тыныс беру – игілікті іс. Ендеше, ұлттық құндылық ұлықталатын атаулы байқауға қатысушы әрбір жас өркеннің талабына нұр жаусын дейміз.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ.