«Дәрілік заттардың рецептуралық босатылуы» бойынша түсіндірме жұмыстары жалғасуда

Алдымен Департамент басшысы Ғалия Байменова мен департамент басшысының орынбасары Галима Азирова Жаңақорған ауданындағы аудандық ауруханада емхана дәрігерлері мен фармацевтика нарығының субъектілерімен кездесті. Оған барлығы 57 адам қатысты. Аурухана бас дәрігері Я.К. Шорабаев кездесуге арқау болып отырған тақырыптың қазіргі таңда өте маңызды екендігін атап өтті.
Семинар барысында «Рецептілерді жазу, есепке алу және сақтау қағидаларын бекіту туралы» ҚР ДСжӘД министрінің 22.05.2015 жылғы №373 бұйрығына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша түсініктеме берілді. Сондай-ақ, «Дәрілік заттарды рецептімен босатуға жатқызу қағидаларын бекіту туралы» ҚР ДСжӘД министрінің 28.04.2015 жылғы №288 бұйрығына толықтырулар мен өзгерістер мәселесі мен «Бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекіту туралы» ҚР ДСМ-нің 15.07.2019 жылғы бұйрығы бойынша да егжей-тегжейлі ақпараттар берілді.
Дәл осындай түсіндірме жұмыстары Шиелі ауданында да ұйымдастырылып, оған барлығы 54 адам қатысты.Жиналыс барысында рецептілерді жазу, есепке алу және сақтау қағидаларынан бөлек, дәрілік заттарды тиімсіз қолдану және өздігінен емделу салдарлары, дәрілік заттарды этикалық жылжыту мәселесі де қозғалды.
Жиналыс соңында Жаңақорған және Шиелі аудандары емханасының бас дәрігерлеріне әрі қарай рецептілерді жазу бойынша жұмысты жандандыру және дәріхана қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынас орнату бойынша дәрігерлермен жұмыс жүргізу тапсырылды.