Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » СӘБИДІҢ АҚ ОТАУЫ

СӘБИДІҢ АҚ ОТАУЫ

   «Төрінде бесік тұрса, төре де басын иеді» деген халық даналығында. Ал, Бауыржан Момышұлы: «Бесігі жоқ елден қорқамын» депті. Үйімізде анам біз жатқан бесікті әлі күнге дейін қастерлеп, жоғары қояды. Әңгімемді алысқа бармай-ақ, өз отбасымнан бастасам... Үйде екі ағайындымыз. Өзімнен кейін дүниеге ұл келді. Бір қызығы, ол бесікте 3 жасқа келгенше ұйықтап, өсті. Анам үйдің тірлігімен жүргенде, інім ұйқысынан ояна салып, «Мама-ау, шешші» деп айтатын сөзіне әлі күнге дейін күліп аламыз. Аллаға шүкір, бауырым ана мейірімімен бірге бесікке тербеліп өсті.
         Анам үнемі «Бесіктің қасиеті бар» деп жиі айтады. Ол рас. Тағы бір мысал келтіре кетсем, ағайын-туыс болып, көлікпен жол жүріп келе жатқан кез. Көліктің жүксалғышында бесік бар болатын. Бір кезде көлік өзінен өзі айналып, жолдан тайып, аударыла бастады. Аяқ астынан көлік апаты орын алды. Мәселе, апатта емес, бесікте. Бірнеше адам жарақат алды. Әйтеуір, бәрі аман қалды. Бір таңғаларлығы, бесікке ешнәрсе болмаған. Сол жаңа күйінде тұр. Міне, бесіктің қасиеті...
         Дегенмен, бүгінде сәбиін бесікке бөлемейтін аналарымыздың қатары көбейіп барады. Көптеген жас­тар бесік баланың аяқ-қолын таңсақ, қысып тастайды, қимылы азай­ып, аурушаң бо­ла­ды деген оймен оған бөлеуден бас тар­тып жа­тады. Егер бұл рас бол­са, ғасырлар бойы бесікке жатып ке­ле жатқан қазағымның ба­ла­ла­ры­нан алып ба­тыр­лар, шешендер мен би­лер шықпас еді-ау... Керісінше, бесік баланың денсаулығына, ми қызметінің дұрыс да­му­ы­на үлкен септігін тигізеді.
         Жас ана бесікке неге қарсы?
Гүлім есімді жас ананың айтуынша, баланы бесікке көп бөлеуге қарсы.
         – Бесіктің қауіптілігі баланың денесін орап қойғаннан басталады. Мәселен, кішкентай нәрестенің бұлшық еттері қысылып, түрлі ауруларға алып келетінін жасырмау керек. Сонымен қатар, денесін орап қойған кезде қан дұрыс жүрмей, миына толық жетпейді, – деді. «Мұны сізге кім айтты, қайдан білесіз?», – деген сұрағымызға: «Қазіргі жас аналардың көбі бесікті пайдаланбайды. Бесіктің зияндылығын ғаламтордан көрдім. Әйткенмен, әжесі ауылдан қыдырып келгенде бесікке бөлеп алатын кез болады» – деген жауап қатты.
Иә, бұрынғы кезде әже-аналарымыз баланы бесікке бөлеп өсірген. Бесік – қазақ халқы үшін аса қасиетті мүлік. Көшіп жүріп елі мен жерін жаудан қорғаған жаугершілік заманда оны жолда алып жүруге де ыңғайлы болған. Ол – ағаштан, негізінде талдан иіп жасалады. Себебі, тал басқа ағаштай емес иілмелі, морт сынбайды, құрт түспейді. Халқымыз жаңа туған шақалақты бесікке салуды елеулі дәстүр санап, ерекше мән берген. Бала дүниеге келгеннен 7-8 күн өткен соң бесікке салу ырымы жасалады. Бұл жоралғы жолы үлкен немесе көпті көрген тәрбиелі, елге сыйлы, өнегелі әжелерге, кішіге үлгі болар қыз-келіншектерге тапсырылады. Нәрестені бөлейтін әйел «Бісміллә, ата-ененің жоралғысы» деп, «тышты ма» дәстүрін жасап, бесікке бөлейді. Сәбидің жүзі жарқын болсын деп айна, тарақ жастап, бесікті аластайды да жеті түрлі затпен жабады: шекпен, шапан, көрпе, тон, қамшы, жүген, кебенек. Бесікке салған адамға «бесікке салар», яғни, кәделі сый беріледі.
Ал, бесікке баланы бөлемей ұйықтатуға Тасбөгет кентінің тұрғыны, Мейрамкүл Асқарова есімді әжеміз мүлдем қарсы. Алланың берген 3 баласынан бірнеше немере сүйіп отыр. Шаңырақтың шаттығы болған Мейрамкүл әже немерелерінің бәрін бесікке бөлеп, өсіріп келеді. Әжеміз: «Қазір баласын бесікке бөлейтін ата-ана өте аз. Тіпті, оны зиян дейтіндері де бар. Кешегi кеңестiк дәуiрде мединституттың оқытушылары шәкірттеріне бесікті дұрыс емес деп оқытатын болған.
Ол заманда жек көрген нәрсеңізді «ескіліктің қалдығы» десеңіз жетіп жатыр. Дәлелдің қажеті жоқ. Сөйтіп, бесік қолданыстан шығып қалды. Әйтпегенде, жүздеген ғасыр сынақтан өткен бесікті пайдасыз деп кім айтады? Оның ұрпақ үшін пайдасы ұшан-теңіз. Айтайын, қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді. Оның мазасыздығы ананың жүйкесіне де әсер етедi. Мұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыздау болады. Бесiктен шешкен кезде сәби керiлiп-созылып, рахаттанады. Денесінің әртүрлі күйде болуы оған демалыс сыйлайды. Сәбидің тұлабойы таза болып, тазалыққа бойы үйренеді. Бесіктегі баланың денесіне дымқыл, сыз дарымайды. Құрғақ болады. Ол – мықты денсаулық кепілі. Әрі қол-аяғы сыптай болып өседі.
Оған қоса бесік белгілі бір ритммен ғана тербетіледі. Баланың жүйкесі бір жүйе, тәртіпке түседі. Бесік арқылы балаға ана, әже әлдиі әбден сіңеді. Қайырымды мінез қалыптасады. Бесік жырын тыңдаған баланың қанына ұлттық қасиет дариды. Сондай-ақ, бұл сәбиді сырттан келетін кері энергия немесе тiл-көзден сақтайды. Қазіргі күні оны пайдаланбау арқылы қаншама ұлттық дәстүрімізден айырылып бара жатқандаймыз. Жас аналарға, ба­ла­лы аналарға ай­тар кәдем – сәбидің бой­ын бесікке үйретудің қамын жасау керек», – деген ойымен бөлісті.
         Расында да осы күні кейбіреулер бесікке бөлеуге қарсы болып жүр. Бұл оның қасиетін түсінбегендіктен болар... Бір сөзбен айтқанда, бесік көнеден қалған зат емес. Түсіне білген жас аналарға – «ақылды» жиһаз, сәбидің алғашқы ақ отауы. Олай болса, қазақылықтан қашып, бесіктен безінетіндей не көрінді?..
                                                                                        Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.
25 маусым 2018 ж. 1 801 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам