Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Мектепке баруға дайынсыз ба?

Мектепке баруға дайынсыз ба?

 Тамылжыған тамыз айы басталғаннан-ақ қоңыр күздің лебі сезілетіні анық. Шіліңгір шілдедегі аптап ыстықтың беті қайтып, біруақыт кешқұрым салқын самал еседі. Күн алабұртып, ағаш жапырақтары сарғыш түске еніп, сыбдыр қаға бастауда. Бұл қоңыр күздің ақырындап аяқ басқанын аңғартса керек. Тамыз келді дегенше, ата-ана да тағат таппай ала дорбасын арқалап, базарға қарай бет алады. Қыстың қамын жаз ойлаған халқымыз әзірлікті ертерек бастап кетеді. Соның бірі – кезекті оқу жылына дайындық.
Қашанда бар жақсыны баласына беруге асығатын ата-ана үшін жаздың соңғы айы қарбаласқа толы. Бұл уақытта орталық базардың ішіне кірмек түгілі, маңынан әзер өтесің. Жолың түсіп, қай кезде бара қалсаң да ығы-жығы толған халықты көресің. Қала тұрғындарымен бірге аудан мен ауылдан ағылған адамдардың легі қыркүйек айы келгенше еш толастамайды. Осындай қауырт кезеңде нарық бағамы да ырқыңа көнбей кетеді. Маусымдағы мүмкіндікті мүлт жібермейтін саудагерлер тауар бағасын қалауынша құбылтатыны шындық. Бұған алушыларда үйреніп алған. Алайда, ұл-қызына қажеттісін алып, сапалы білім алуына жағдай жасайтын ата-ана үшін бұл кедергі емес. Десе де, қалтаға әжептеуір ауырлық түсірмей қоймайды. Сонымен, сауда бағамын білмекке ұмтылып, базарға қарай бет алдық.
Қала орталығындағы «Талғат», «Жайна» базарында адамның қарасы біз ойлағаннан да көп екен. Бәрінің соңында кемі бір-екі баладан еріп жүр. Олар керек-жарағы жазылған қолындағы қағазға қарап бар затын түгендеп келеді. Ал базардағы сауда әдетінше қызып тұр. Әрбір сөреде ілінген тауарға талғамға қарай таңдау жасай беруіңе болады. Байқағанымыздай, қарапайым тұрғындар үшін ең алдымен көршілес Қытай мен Қызғызстаннан келетін киімге таңдау жасау тиімдірек. Ал сапасы мен матасына мән берген қалтасы қалыңдар үшін Түркия тауары қашанда сұраныста. Десе де әркім көрпесіне қарай көсілетіні анық. Сауда орындарын түгел аралап, бір балаға қажетті киім-кешек пен оқу құралына жұмсалатын қаржының орташа есебін шығарып көрдік. Өткен жылмен салыстырғанда биылғы тауар бағасының қымбаттағаны айтпаса да түсінікті. Саудагерлер «доллар қымбаттады» деген сөзді алға тартып, міз бақпастан отыра беруді әдетке айналдырған.
Шынымен де мектеп жасында бірнеше баласы бар отбасы үшін мектепке киім алу ауырлау тимек. Мұны тұрғындар түгілі, алып сатарлар да құптайды. Әлия есімді сатушы қыз қымбатшылыққа қатысты былай дейді.
 – Өткен жылдың бағасы мен биылғыны салыстыруға келмейді. Себебі, барлық тауар түрлері біршама өскен. Бұған валюта бағамының тұрақсыздығы әсер етеді. Біз шетелдік нарыққа тәуелдіміз. Тауарды сырттан тасымалдаймыз. Жолға кететін шығынды қоса есептегенде ұсынған бағаға сәйкес келеді. Халықтың сұранысына қарай мектеп формасын Бішкек, Қорғас, Анталиядан серия бойынша жинақтадым. Міне, енді сол затымды саудаға шығарып отырмын, – деді ол.          
Айталық, «Талғат» базарындағы тауар бағасы мынадай: ұл балаға қажетті түрлі деңгейдегі ақ көйлек 2000-нан 6000-ға дейінгі аралықты құрайды. Қырлы шалбар 4-5 мың теңгенің көлемінде сатылса, туфлидің ең арзаны 3 мың теңгеден басталады. Оған спорттық костюм мен жәйлі аяқ киімді бірге есептегенде 15 мың теңгеге жетіп жығылады. Аз уақыттың ішінде 30 мың теңгенің қалтадан суырылып шығып кеткенін білмей де қаласыз.
         Ал қыздарға ер балаға қарағанда қаржы көп жұмсалатыны айтпаса да белгілі. Баланың киім-кешегін түгендеумен іс бітпейді. Оқушыға ең керектісі оқу құралы екендігі анық. Сырттай ұсақ-түйек болып көрінгенімен, ол да біраз ақшаны қажет етеді. Мәселен мектепке ұстайтын сөмкеден бастап, дәптер қаламсаптары мен түрлі-түсті қарындаштарына ең кемі 10-15 мың теңге жұмсалады. Оған мектепте берілмейтін жоқ оқулықтардың тізімін енгізіп қойыңыз. Сонда орташа есеппен бір баланың өзіне кем дегенде 50 мың теңге қажет етеді. Ал бір емес үйінде екі-үш баласы бар жандарға жағдайдың қаншалықты ауыр екендігі белгілі болды. Соның бірі – қала тұрғыны Ләззат Қатайқызы.
          – Менің 3 балам бар. Биыл оның үшеуі де мектепке барады. Бәрін бір күнде киіндіру мүмкін емес. Сондықтан өткен айда екі ұлыма киімді Түркістанның базарынан алып келдім. Ол кезде 80 000 теңге қаражатты жараттым. Қазір қызыма 60 000 теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Кез келген ана ретінде балаларымның қатарынан қалмауын тілеймін, – деді ол.
Биыл аймақ тұрғындары үшін жағымды жаңалық та бар. Өңірімізде оқушылар үшін арнайы мектеп формасы дайындалмақ. Аймақ кәсіпкерлері тарапынан жеңіл өнеркәсіпті дамыту мақсатында  «Қызылорда облысының жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының халықтық қауымдастығы» құрылған болатын. Бұл – ата-ана мен оқушылар үшін тиімді.
Бүгінгі таңда фабрика шеберлері «Qobyz» деген атпен бірыңғай мектеп формасын өлшеп, пішіп тігін цехтарына таратуда. Қауымдастық құрамында 19 тігін цехы бар. «ШакДи» ательесінің иесі  Динара Шакирова жоба туралы естіп, әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеуге ынта білдірді.
 – Қазір 300 мектеп формасын әзірлеудеміз. «DalaТех» тігін фабрикасы өндірісrе қажетті жоғары технологиямен жабдықталған. Онымен жұмыс жасау біздің тігіншілерге өте қолайлы. Киімдер бірдей өлшемде пішіледі.  Сол дайын матаны тігеміз. Сапалы киімге сұраныс артуда, − деді ол.
Мата Түркия және Тайвань елдерінен жеткізілмек. «DalaТех» тігін фабрикасында технолог Гүлайна Өтепова киімнің әрбір тігісін тексеріп, қабылдап алады. Мектеп формасы 10 мың теңгеден сатылымға шығарылады деп жоспарлануда. Облыс әкімдігі мен кәсіпкерлер әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға жеңілдіктер қарастырып отыр.
Иә, әрбір ата-ананың арманы баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіру. Бәрі де баласын мектепке таза етіп киіндіруді қаласа да, көпшілігінің оған қолы жете бермейді. Сондықтан ата-аналар жаңа оқу жылына ұл-қызының ең болмағанда «бір киерін» жаңартуға тырысады. Елімізде жеңіл өнеркәсіп өндірісін дамытуды қолға алмай, сыртқы тауарға сұраныстың төмендемейтіні анық.    
Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА
17 тамыз 2019 ж. 944 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 443 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам