Туған тілдің тұғыры биік
Қазақ тіл білімінің, оның ішінде ғылыми терминологияның қалыптасуы мен дамуы туралы сөз қозғағанда алдымен Ахмет Байтұрсынұлы ойымызға оралады. Себебі, ұлттық ғылым тілінің дамып, түп тарихының дұрыс жасалуына ғалымның сіңірген еңбегі зор. Жылма-жыл 5 қыркүйекте қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күні кең ауқымда аталып өтеді. Осыған орай, бұл күн ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 31 қаулысымен Қазақстан халқы тілдерінің күні болып белгіленді.
Атаулы мерекеге орай А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық ішкі саясат басқармасы және «Мәртебелі Қазақстан» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Тіл – татулық тірегі» атты салтанатты жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысып, аймақтағы зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашырларын мерекемен құттықтады.
– Елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл мереке – достық пен бірліктің, түсіністік пен жарасымдықтың жарқын үлгісі. Айтулы шара өткен жылдан бері ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының дүниеге келген күнімен орайластырылды. Қазақ тілінің қолданылу аясы жыл сайын кеңейтіліп, киелі Сыр өңірінде мемлекеттік тілдің мәртебесі өзгеге үлгі болатындай деңгейге жетті. Облыстық тілдерді оқыту орталығында тіл үйренгісі келген азаматтар мен түрлі этностық мәдени бірлестік өкілдерінің тіл үйренуіне мүмкіндік жасалып келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Салтанатты жиын барысында облыстағы бірқатар тіл жанашырлары мен түрлі сала мамандары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Тіл саясаты комитетінің Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Айнұр ТӨРЕМҰРАТОВА