«ҚЫЗЫЛОРДА МАРАФОНЫ - 2017» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫ ӨТКІЗІЛЕДІ
2017 жылдың 23 желтоқсанында Қызылорда облысында Астананың 20 жылдығына арналған «ҚЫЗЫЛОРДА МАРАФОНЫ - 2017» (QYZYLORDA MARATHON - 2017) қайырымдылық марафоны өткізіледі. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «ZangarSport» қоғамдық бірлестігінің өкілі Жандәулет Тыныштықбайұлы мәлімдеді.
Марафонның мақсаты – «Ұлт саулығы» идеясы мен салауатты өмір салтын насихаттау, халықты дене шынықтырумен, бұқаралық спортпен айналысуға шақыру және жас спортшыларды қолдау.
Марафонды Қызылорда облысының әкімдігі, «Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» қауымдастығы, «Жас Отан» жастар қанаты ҚОФ, «Тарлан» спорт кешені, «Zangar Sport» және «Жомарт» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырады.
Марафоннан жиналған қаражат Қызылорда қаласындағы «Жастар үйінің» тұрғындары мен жастарға арналған спорт алаңын салуға жұмсалады.
Марафон Қызылорда қаласындағы Тұңғыш Президент саябағынан басталып, Сұлтан Бейбарыс, Жібек жолы, Абай, Ы.Жақаев (Арбат) көшелері арқылы жалғасып, Орталық алаңда аяқталады. Марафонға қатысу жарнапұлы – әр қатысушыға 500 теңгеден. Марафонға қатысуға тілек білдірген азаматтар 1 желтоқсаннан 21 желтоқсанға дейін «Жас Отан» жастар қанатының облыстық филиалында және «Тарлан» спорт кешенінде тіркеліп, старттық номерлерді алады. Жарнапұлды қолма-қол төлеуге немесе банктік есеп-шотқа жіберуге болады. Спорттық шараға 16 жастан асқан кез-келген адам қатыса алады.