Су спортының жаңа базасы
Дарияның қолтығынан ыңғайлы орын таңдалып, бүгінге дейін тұрақты мекен жайы жоқ байдарка мен каноэде ескек есу спортына арнайы база салынатын болды. Оны Нұр-Сұлтан қаласының белгілі құрылыс компаниясы «Bolashak international development» ЖШС жүргізетін болып, қуанып отырмыз. Бұл облыс үшін орны биік құрылыс еді. Рас, дәл қазіргі қауіптің уақытында құрылыс жүргізу де бір батылдық, ал, оны үйлестіру, мән беру ол екінші ерлік. Қызылорда үшін қай спорт түрі болсын, таңсық болмай қалды. Мұз айдыны да салынды. Бокс алаңы да пайдалануға берілді. Теннис корды да жұмыс істейді. Есесіне әрбірінің өз нәтижесі бар, жеңімпаз жаңа есімдер елге танылды.
Елімізде байдарка мен каноэде ескек есу спорты ең кенже қалған спорт түріне жатады. Әлем әрекеттеніп жатқанда біз ұйқыда жатқан едік. Дегенмен жарық дүниеге жақсы көзқарас ұялатып, ұмтылса, талаптанса кемдігіміз толып, кеңдігіміз көрінетіні беп-белгілі. Мәселен, Қызылорда қаласында ол спорт 2013 жылы ғана қолға алынды. Аты бар, заты жоқ мекеме құрылып, жалынды жұмысты бастап кетті. Мектептерді аралап жүріп, жасөспірімдердерді біртіндеп спортқа тартты. Жанашыр жан болса жетістік деген дым емес ғой, сол су спортты аймақ атын аспанға шығарды. Диана Үдербаева мен Мұхиддин Мейірбеков секілді бапкерлер балалардың тек бағбаны емес, спорттың нағыз сайыпқырандары екен. Республикада байдарка мен каноэде ескек есу спортынан біздің аймақ жұмысты ең соңынан бастаса да, алған абыройы жөнінен басқадан бір белес жоғары. Елімізде тұңғыш рет Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен III жасөспірімдер Олимпиада ойындарында жерлесіміз Диас Бахраддин чемпион атанды.
Рас, байдарка мен каноэде ескек есу – бүгінгі таңда Қазақстанда қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі. Сонау 1936 жылдан бастап олимпиадалық спорт түріне енгізілген байдарка мен каноэ есу – спорттың ең әдемі және ауыр түрінің бірі. Бұл спорт түрінің жүктемесі өте ауыр, сондықтан есу спорты шаңғы, биатлон сияқты ең ауыр спорт түрлерінің қатарына жатады. Осындай спортқа маңыз қойып, база салынуы өте құптарлық шаруа.
– Қызылорда қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі бізге бой көтеретін нысанның орнын анықтап берді. Бүгінде таңда құрылыс басында құм жаю және оны тегістеу жұмыстары жүруде. Одан әрі басқа да жұмыстар жүреді. Онда бір қабатты ғимарат бой көтеретін болады. Оның ішінде спортшыларға арналған барлық жағдай жасалады. Ерлер мен әйелдерге арналған киім ауыстыру бөлмесі, көлік тұрағы, медициналық бөлме, жаттығу залы, жаттықтырушыларға арналған тынығу залы, көлік тұрағы сынды орын бар. Одан кейін көл жанында арнайы қайық үшін тұрақ жасалады,– дейді «Bolashak international development» ЖШС-нің директорының орынбасары Айдар Абдрахманов.
Аталған компания «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында 40 адамды еңбекпен қамтып отыр. Бұған дейін «Bolashak international development» ЖШС республика көлемінде бірнеше ауқымды нысанның құрылысын жүргізген тәжірибесі бар.
Біз осы орайда облыстық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Шоңғаловамен байланысып, су спорттың бүгінгі жайын білген болатынбыз.
– Байдарка және каноэ есу спорты 4-5 жыл көлемінде облыста қарқынды дамып келе жатыр. Облыс спортшылары көптеген жетістікке жетуде. Оның бір дәлелі – Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен III жасөспірімдер Олимпиада ойындарында жерлесіміз Диас Бахраддин чемпион атанды. Азия чемпиондары Алтынбек Қожахмет пен Гүлжайна Тыныбекова, Азия ойындарының қола жүлдегері Мерей Медетов сынды саңлақтарымыз бар. Бұл спорт түрі бойынша облыстан ҚР Ұлттық құрамасына 12 жерлесіміз енді. Байдарка және каноэ есу базасының құрылысының бой көтеруі спортшыларымыздың бұдан әрі жоғары жетістіктерге жетуіне септігін тигізеді, – деді Лаура Шоңғалова.
Иә, Лаураның сөзінің жаны бар. Болашағынан үлкен үміт күтетін спорттың бірі осы екені айқын. Ендігі жерде байдарка және каноэ есу спорты базасының құрылысы бітіп, нысан пайдалануға берілсе талай дарабоздың аламанда аты озып келеді деп үміттенеміз. Қазір құрылыс барысы қарқын алып келеді. Оған көзіміз жетті.
Ж.Қуанышбайұлы
Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ