ШАХМАТ ТУРНИРІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ
Қаладағы «Достық үйінде» жексенбі күні гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың кубогына арналған шахмат турнирінің жабылу рәсімі болып өтті.
Салтанатты жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов құттықтау сөз сөйлеп, жеңімпаз команданы марапаттады.
Айта кетейік, аталған турнирге еліміздің барлық аймағынан және Ресей мен Қырғызстаннан 200-ден аса жас шахматшылар қатысты. Бір аптаға созылған турнир аясында түрлі танымдық және спорттық шаралар өткізілді.
Сонымен қатар, облыстық жастар ресурстық орталығы турнир қатысушыларына арнап экскурсия ұйымдастырып, қаланың көрікті жерлерін аралатты. Аталған орталықта психологиялық тренинг өткізіп, үстел теннисі, стритбол және басқа да спорттық шаралардың өткізілуіне ұйытқы болды.
Бір аптаға созылған ақылдылар сайысында тараздық жеткіншектер 3-орын алса, Атыраудан келген ойыншылар 2-орынды иеленді. Жүлделі 1-орынды Ақтөбе облысының командасы қанжығасына байлап, турнир жеңімпазы атанды.