ЖЕЗҚАЗҒАННАН – 7 МЕДАЛЬ
Жезқазғанда еркін күрестен 2002-2004 жылдары туылған жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті. Астана, Алматы қалаларынан және облыс орталықтарынан спортшылар қатысқан ел чемпионатында жерлестеріміз 4 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль еншілеп, өздерінің мықтылықтарын дәлелдеді.
Атап айтсақ, Ж.Баһадүр атындағы облыстық спортта дарында балаларға арналған мектеп-интернат оқушылары Рүстем Төлен (46 келі) мен Бекзат Тәжі (85 келі), аралдық Асқар Жеңісбеков және жаңақорғандық Нұржігіт Мұстафа (69 келі) Қазақстан чемпиондары атанды. 37 келі салмақта Аягөз Нұрадинова - күміс, Аружан Жұмахмет пен 42 келі салмақта Дастан Төлен - қола жүлделерді еншіледі.
«Алғашқы айналым маған өте қиынға түсті. Одан кейінгі белдесулер аса бір қиындық туғызбады. Олардан оңай өттім десем де болады. Финалдық кезең басталысымен қателіктерге бой алдырдым, дегенмен, өзіме-өзім келіп, жеңісті жұлып алдым», - деді алтын медаль иегері Бекзат Тәжі.
Спортшыларды жарысқа Еламан Мұратов, Мейрамбек Рахметов, Ильман Изатов және Бақтияр Сапаровтар дайындады. Сыр балуандары енді қараша айының соңында Көкшетауда өтетін халықаралық жарыста бақтарын сынайды.