ҚАРМАҚШЫДА БОКСТАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ
Аудан орталығындағы спорттық сауықтыру кешенінде 2001-2002 және 2003-2004 жылы туылған бокстан жасөспірімдер арасындағы республикалық ашық турнир басталды.
Бұл шара халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпазы, талантты боксшы Ерлан Нысанбаевты еске алуға арналған. Биылғы турнирдің бәсі биік. Ер Ерланды еске алып, оның ізін жалғауға қазақ боксшыларынан бөлек Өзбекстан спортшылары да келді. Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің кеңесшісі Дастан Нәзікбаев сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Жарысқа келген былғары қолғап шеберлерінің қатары 130-ға жетіп жығылады. Олар 17 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсуде. Аудандық спорт және денешынықтыру бөлімі мен достарының ұйытқы болуымен биыл 4-ші рет жалауын желбіреткен сайыс 26 қараша күні қорытындыланады. Ақтық ойындар да осы күнге жоспарланған.