Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» Саф өнердің саңлағы

Саф өнердің саңлағы

Ғұлама жазушы Ғабит Мүсірепов «Театр – тірі тарих» деген екен. Ендеше тірі тарихты жарыққа шығарып, сахнада сан алуан кейіпкердің рөлін сомдайтын әртістер қоғамдағы өнер мен руханияттың айнасы. Ғұмырының жарты ғасырын қазақ өнерінің гүлденуіне арнаған Кәмила Әбжанованың өнерінің жоғары бағалануы Сыр өнеріне деген ерекше құрметтің белгісі.
Н. Бекежанов атындағы облыстық драма театрында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері К. Әбжанованың 70 жылдық мерейтойы мен киелі сахнада өнер көрсеткеніне 50 жыл толуына орай «Сахнамен сырлас ғұмырым» атты шығармашылық кеші өтті. Тағылымды шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті Асанәлі Әшімов қатысты.
Кәмила Әбжанова өнер әлемінде жарқ еткен өмірдегі қилы тағдырлар тоғысының ғажап образын жасаған шебер актриса. Ол 100-ге тарта рөлді шынайы бейнелеп, көрерменнің ыстық ықыласы мен құрметіне бөленген. Өнер иесінің шеберлік таланты – театрдағы кейінгі буын әртістерге үлкен тәлім мектебі. Кейінгі буын өз кәсібіне адал қызмет еткен жанның тәжірибесінен үлгі алып келеді.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов саф өнердің саңлағы, мерейтой иесін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов және Сыр жұртшылығы атынан құттықтады.
– Сіз бүгінгі белеске өзіңіздің шағармашылық шеберлігіңізбен, кәсіби біліктілігіңізбен, сомдаған бейнеңізге деген шынайы құрметіңізбен жетіп, халық ықыласына бөленіп, сүйікті актрисамызға айналдыңыз. Әрбір бейнелеген рөліңіз көрерменнің эстетикалық талғамынан шығып, Сыр театрының тарихында өз орныңызды қалыптастырып келесіз. Театр сахнасы арқылы қазақ әйелінің қасиетті образын жаңғырта білдіңіз, бойымызға рух сіңіріп келесіз. Шекспир, Әуезов, Мүсірепов секілді әлемдік және ұлттық драматургия алыптарының шығармаларындағы жауапты рөлдерді табиғи сомдап, күллі көрерменді тамсандырған кәсібилігіңіз жас артистер үшін зор үлгі өнеге, мектеп деп қабылдаймыз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Бүкіл өмірін қасиетті театр өнеріне арнаған талант иесіне облыстың ең жоғары наградасы – «Құрмет грамотасы» табысталды.
–Кезінде Н. Бекежанов театрының уығын көтеріп, керегесін керген айтулы тұлғалар болды. Сондай аяулы жандармен өнер атты айдында қатар жүзіп, бір сахнада өнер көрсеткенін мақтаныш санайтын Кәмила бүгінде өзі де сахна саңлағына айналып отыр.
Сыр елі – өзімізге таныс, әруақытта жылы шыраймен қарсы алатын өңір, тарихымыздың басталған жері. Бұл жерде талай тұғырлы тұлғалармен, Сәбира Майқановамен бірнеше рет гастрольге шығып, аудандарды араладық. Олармен бірге жүрудің өзі бақыттың бақыты. Жақсы адамдардан жақсы дүние үйренесің. Міне, соның бірі – Кәмила. Бұл той – халыққа да, келешекке де өнеге, – деді Асанәлі Әшімов
Шара соңында мерейтой иесі К. Әбжановаға «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атағы беріліп, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хаты және бірқатар Алғыс хаттар табысталды.
Өне бойы нәзік иірімнен құралған шынайы сезім, әсерлі лирикаға толы шырайлы кештің тұздығы әсем әнмен әспеттелді. Талант иесі өмірінен сыр шертер алтын үзік қойылым ел назарына ұсынылды.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
---
29 қазан 2019 ж. 1 118 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 034 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам