ҚҰСТЫҢ ҚОС ҚАНАТЫНДАЙ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫР
«Біз Құман екеуміз киносынақ кезінде таныстық. Алғашында түк сөйлескен де жоқпыз. Бірақ, күнде түсіру алаңында кездесетіндіктен, бірте-бірте бір-бірімізге бауыр басып кеттік. Сөйтіп жүріп, ғашық боп қалдық қой...» Бұл – қазақ кинотуындысының озық үлгісі – «Қыз Жібек» фильмі арқылы етене таныс Меруерт Өтекешованың өмірлік қосағы – Төлегенімен арадағы іңкәр сезім қалай бастау алғандығы жайындағы бір үзік сыры. Осы сынды театрда түйіскен жанарлар, тоғысқан тағдырлар аз емес. Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрының әртістері Бақытбек Алпысбаев пен оның жұбайы Кәмила Әбжанова да театр сахнасында табысып, өмір мен өнер жолында бірге қанат байлаған жандар. Биыл шаңырақ көтеріп, отау тіккендеріне еңселі 50 жыл толыпты. 27 наурыз – халықаралық театр күні қарсаңында алтын той иелерімен сырлы сұқбат құрудың сәті түсіп, арада әсерлі әңгіме өрбіген еді.
Туған топырағына тартқан талант
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бақытбек Алпысбаев Сырдағы театр өнерінің қарашаңырағына өлшеусіз үлес қосқан бірден-бір өнерпаз ретінде есімі елге бір төбе. Оның өмір мен өнер әлемінде жүріп келе жатқан сара жолы қай қырынан алсақ та көпке үлгі. Себебі, өнер иесі бұл саланы кішкентайынан-ақ жан-тәнімен қалады, сүйді. Өсе келе театрға деген бұл құштарлық оны сахна төрінен бір-ақ шығарды. – Өзім қазіргі Сырдария ауданының тумасымын, 6 сыныпты Асқар Тоқмағамбетов, сол кездегі ХVІІІ партсъезд ауылындағы мектепте бітірдім. Одан кейін қалаға көшіп келіп, орта білімді Гагарин атындағы №1 қазақ мектеп-интернатында жалғастырдым. Интернатта өте белсенді едім. Концерт, кештерді жүргіземін. Өлең де оқимын. Сөйтіп, сол кезден-ақ өзімнің өнерге бүйрегім ерекше бұрып тұратынын аңғардым. Кейін Әбдіоңғар деген ағамыз «Жалбыр» атты пьесаны сахналайтын болып, «Сенен әртіс шықпайды» деп мені бұл қойылымнан ысырып тастағаны әлі есімде. Сондағы Қайрақбай есімді жетімнің образын сомдаушы баланың анасы қайтыс болып, дәл спектакль көрермен назарына ұсынылатын кезде кетіп қалды. Ал, мен бұл кейіпкердің сөзін жатқа білуші едім. Сөйтіп, ойда жоқта аталмыш рөлді ойнап шықтым. Арнайы кәсіби тұрғыда білім алып, елге оралып, ағамызбен қайта қауышқанымда «Әбеке-ау, менен әртіс шықпайды ма екен?» деп әзілдегенім бар. Ал, жұбайым – Кәмила дипломы жоқ әнші ғой. Анау-мынау әншіңді қара жаяу қалдырады. Әнеубір жылдары бас режиссер Рашида Шарипудинова Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы мұғалім» пьесасын сахналайтын болды. Сол кезде режиссер Кәмиланы аталмыш пьесадағы Алтынай деген кейіпкердің жас кезін сомдауға шақырды. Осыдан кейін әнші боламын деген бойжеткеннің арманы өзгеріп сала берген, – дейді сахнаның серкесі бізбен әңгімесінде.
Осылайша мектеп-интернатты бітірген соң бозбала қиялына қанат байлап, асқаралы Алатауды бетке алды. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының студиясына оқуға түсіп, оны екі жылдан кейін бітірді. Көп ішінен қарым-қабілеті ерекше жігітті ондағы сахна майталмандары да жазбай таныған еді. Сонда театр тарландары – Сәбира Майқанова мен қазақ киносының корифейі Асанәлі Әшімов бастаған қайраткерлер дарынды жігітке нағыз өнер ордасында қызмет етуге қолқа салған көрінеді. Жалынды жастың болашағынан зор үміт күткен олар өнерпазды академиялық театрға қалай болғанда алып қалуға оң ниет танытқан екен. Бірақ, ауылдан арман қуып келген жігіттің артында жалғызбасты анасы мен жасы кіші бауырларына қарайлайтын өзінен өзге ешкімі жоқ еді. Осылайша бозбала Бақытбектің үлкен қалада тұрақтап қалуға еш мүмкіндігі болмаған еді. Елге қайтудан басқа амалы жоқ. Сөйтіп, туған топыраққа оралған жайы бар. Содан бері осы облыстық театрда. Саналы ғұмырын туған жердің театр өнерінің дамуына арнаған тұлға бүгінде елге сыйлы, көпке үлгі азамат. Бұдан кейін де жан-жақтағы өнер ордаларынан талантты маманға ұсыныстар мен шақырулар толастаған емес. Десе де, жүрегі туған өлкем деп соққан әртіс өз еліндегі қарашаңырақта қызмет етуді құп көріпті.
– Бізді өнер табыстырды. Алматыда оқып жүрген студент шақтан-ақ бір-бірімізді жерлес ретінде жақын тарттық. Оның үстіне Алексей Иванович есімді ортақ ұстазымыз болған. Ол кісінің адамгершілігі өте жоғары еді. Өмірде де, өнерде де бағыт-бағдар беріп отыратын. Сол кісі үнемі Бақытбекті дарынын да, адамдық қасиетін де әрдайым маған мақтап отырушы еді. Сахнада көп ұшырасатынбыз. Сөйтіп жүріп достық қарым-қатынастың ұлы сезімге ұласқанын байқамай да қалдық. Содан бері біргеміз. Бұрын қол ұстасқан қылықты қыз бен жігіт едік. Қазір бір әулеттің ақылман анасы мен әкесіне айналдық. Өнер – отбасылы жан түгілі, жалғызбасты адам үшін оңай жол емес. Кездескен қиындықты ақылмен шешіп, бір-бірімізге деген құрметтің арқасында осындай абыройлы дәрежеге жеттік, – дейді шаңырақтың ұйытқысы Кәмила ана бізбен әңгімесінде. Иә, қосылған қос аққу секілденіп өнер айдынында бірге жүзген кейіпкерлеріміз бүгінде екі ұл тәрбиелеп, олардан тараған немере қызығына куә болып отыр. Ендеше, Бақытбек ағаны театрдан бақытын тапқан жан деуге толық негіз бар ғой. Ерлі-зайыпты жандардың бір сахнада ойнаған образдары жетерлік. Мәселен, Лидия Егембердиеваның «Көресінді көрмей» пьесасында тағдыр тауқыметін тартқан қос ғашық – Өмірсерік пен Ақдидардың рөлін сомдап, көп қошеметіне ие болғаны бар. 1954 жылдары тың игеру кезеңінде танысып, табысқан жастардың көрген азабы баяндалатын қойылымды көрермен өте жылы қабылдап, жоғары бағалаған еді. «Кәмила бойшаң, әдемі келіншек болғандықтан, әуелгі жылдары сахнада оның қайнысы ретінде де ойнаушы едім» деп әзілдейді әңгіме арасында Бақытбек аға. Режиссер де бір-бірін көзбен ұғынатын жандарға кез келген рөлді сеніп тапсыратын көрінеді. Себебі, қай рөл берілсе де, олар кейіпкер келбетін шырқар биігіне жеткізіп сомдайды. Өнерсүйер халық та оны бес саусақтай жазбай таниды.
Бақытбек Алпысбаев киелі қарашаңыраққа келгелі 200-ден астам, ал өмірлік серігі 100-ге жуық рөлді сахнаға сәтті алып шыққан. Ағамыз өзі ойнаған әрбір образын бөліп-жармайды. Оның әрқайсысын баласындай жақсы көреді. Себебі, әрбірінің тереңінде төгілген тер мен жасалған еңбек жатыр. Ерекшелігі сол, ағамыз ешқашан талдап-талғап рөл таңдаған емес. Кез келген жанрда да өзін көрсетуге тырысты. Образды ашуда да кер жалқаулық танытқан жоқ. Керісінше, сомдайтын образын кең ауқымда зерттеп-зерделеп, оның нағыз мінезіне дөп түсу үшін талмай еңбектенді. Тек жаттанды сөзді ұмытпай айтып шықсам деп емес, сахнадағы әрбір образдан жиналған жұртшылық сабақ алса екен деп тер төгеді. Осылайша 50 жыл сахна төрінен түспей, көрермен ілтипатына бөленген Бақытбек Алпысбаев қазіргі таңда Сыр театрының корифейіне айналды десек қателеспейміз. Ол сомдаған «Еңлік-Кебектегі» Жапал, «Біз үшеу едіктегі» Мұрат, «Күшігінен таланғандағы» Ақсақ Темір, «Жанпида» спектакліндегі Авдий Калистратов, «Біз періштеміз бе?» қойылымындағы Табан, «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» Жантық, Қарабай, «Шие бағындағы» Лопахин образдары – актердің нағыз талант иесі, шеберлігі толысқан сахнагер екендігін айшықтай түскен рөлдер. Талантына талайлар бас иіп, қошемет ортасынан көрінген ерлі-зайыпты әртістердің сомдаған бейнелері көпшіліктің көкейінде сайрап жатыр. Ал, қос сахнагердің бұл еңбегін ел-жұрты да естен шығармай, әркез де еленіп келеді. Бақытбек аға бүгінге дейін «Сахналық ғұмыр номинациясын» иеленіп, «Құрмет орденін» кеудесіне тақты. Сондай-ақ, «Халық əртісі», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген əртісі», «100 жаңа есім жобасының номинанты», «Сахнагер-2017» мен өзге де марапат тұғырынан көрінді. Бақытбек Алпысбайұлы өмірдегі де, өнердегі де серігі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәмила Әбжановамен бірге Сыр театры тарихында есімі алтын әріппен жазылатынына сенім кәміл. Ал, келесі жылы Кәмила анамыз өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтпек. Қарттық емес, қазыналы жасқа бет түзеген қос сахнагер көрерменін әлі де талай қуантпақ ниетте.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.