АУЫЛДАҒЫ ҚОЙ КЕЗЕГІ
Біз отбасында бір ұл, төрт қыз өстік. Әкеме қолғанат болар атұстар жалғыз болған соң, мені ағама серік етіп өсірді. Сондықтан болар, "Мынау қыздың жұмысы, анау ұлдың ісі" демей бізді жан-жақты болуға тәрбиеледі. Үнемі әкеміздің бір жағында жүріп өстік. Ал, "Баланы қатты қайырымға сала берме!" дегендерге "Еңбекке үйреткеннің айыбы жоқ" деп жауап беретін. Тіпті, мал бағудың да қыр-сырын жастайымыздан зердемізге тоқып өсірді.
Әсіресе, қой кезек біз үшін үлкен міндет еді. Қойды өрістен түгел айдап әкелу – ағам екеумізге таудай жауапкершілік. Анам алакеуімнен екеумізді оятып, кәдімгідей сапарға кетіп бара жатқан кісіше бізге бар тәуірін ұсынып, шығарып салатын. "Қарындарың ашса, жеңдер!" деп нанмен бірге тәтті мәмпәси орап салады. Аракідік ғана дәмін тататын біз оны көргенде көзіміз балбұл жайнап шыға келетін. Сонда анам таңсәріден көзді тырнап ашып, әрі-сәрі күйде тұрған бізді ұйқысын ашсын деп әдейі істейтін көрінеді. Ал, біз ауылдан ұзап шықпай-ақ әлгі тәтті салынған қалтаның түбін қағып, оны таяқ ұшына іліп алып шаң артынан ілесе түсетінбіз. Жас баланың аяқ адымына қой жеткізсін бе, әлсін-әлсін көз ұшына дейін ұзап кетеді. Әсіресе, ешкілер айдауға көнбей, есті тандыратын. Кейде отарға жете алмай, ебіл-себіл жылап та алатынбыз. Малдан айырылып қаламыз деп қорықсақ керек. Қазір ойлап отырсам, сонда жауапкершілік деген қасиеттің асыл дәнегі бізге сонау бала күннен бойымызға егіліпті.
Әкеміздің айтуы бойынша осылайша бірде қатты қайырып, бірде еркіне жіберіп, әйтеуір қас қарая ауылға беттейтінбіз. Біздің қой кезектегі міндет мұнымен бітпейді. Құлқын сәріден уақ малдың ізінде жүріп, сілең қатқасын енді үйге біреу келіп арыз айтпаса екен деп алаңдап отырғаның. "Қойым келмеді! Бір қозым жоқ! Буаз ешкім ақсап тұр, балаларың таяқпен ұрып жазым еткен-ау, шамасы!" деген сынды сөздерді есту – біз үшін үлкен жазамен тең. Сот алдында жауап бергендей екі көзің жерді тесіп, теңселіп тұрғаның. Онсызда кезекке кетерде әкем "Ұйықтап қалмаңдар! Қойдан айырылмаңдар! Әр төбешіктің түбіне көз салып жүріңдер, жас төлдер ұйықтап қалып кетпесін! Екі көшенің малын қосып алмаңдар! Малды таяқпен ұрмаңдар, біреудің түлігін жазым етесіңдер!" деп қашан ұзап шығып кеткенше құлағымызға құйып шығарып салады. Осыдан соң қалай қателік жібересің.
Әр төбенің түбін түптеп, мыңғырған малды алдыңа салып әкелсең де, ауылдың арызқой ақсақалдары бір кемшілікті табады-ау, әйтеуір. Кейде керісінше, "Жарықтық, пәленшенің балалары қойды жақсы бағыпты. Таяқтай бермей, еркіне жіберген сыңайлы. Өрістен тойып келген мал белгілі ғой" дегенде екі езу құлаққа жетіп, мақтана қомпаңдап қоясың. Баламыз ғой. Ішіміз мақтағанды жек көрмей тұр. Ал, былайынша күндері ауылға құлаған қойларды түгендеп, үйден жем-суын беріп, қораға түгел кіргізу тағы да біз секілді ауыл балаларының міндеті. Ауылдағы күнделікті кешкілік көрініс осы іспеттес басталады. Балалар көше кезіп, әрбір үйдің шарбағына асылып, бөтен қойдың бар-жоғын сұрап жүреді. Арасынан арқасына немесе мойнына белгі салынған өз малын таныса, қорадан шығарып, шыбықтап алып, үйіне қарай тартады.
Міне, ауылдағы өрендер осылайша қаршадайынан еңбекке, төрт түліктің бабын табуға икемделіп өседі. Жастайынан осындай шаруаның қайнаған ортасында өскен бала ержеткен соң да халқымыздың ықылым заманнан тіршілігінің тұтқасына айналған түлікке деген ықыласы ерекше болады. Мәселен, біздің өзіміз ауылға барған сайын қорадағы ащы қи мен тезек исі сонау келмеске кеткен балалықты еріксіз еске салады.
Қой кезекте талай қызық өтті. Бірақ, осы күні қарап отырсақ, осының тәрбиелік мәні зор екен. Бұл алдымен, баланы жатып ішерліктен аулақ етеді. Негізі, қой бағу да – үлкен өнер. Оты мол, суы жеткілікті жерді таңдай білуің керек. Әйтпесе, қой бір орнында тұрмай зырғып, өзіңді ығыр етеді. Екіншіден, жан-жануарды, өсімдіктерді де танисың. Былайша айтқанда, биология мен зоология пәнін далада жүріп өтесің. Сол арқылы тұтас жаратылысты тануға деген зердең ашылады. Бұрын атамыз "Мал бағыңдар! Ең болмағанда жантаққа жайылған қой мен жоңышқа жеген малдың айырмасы қандай болатынын білесіңдер" деп отыратын. Сөзінің әсте жөні бар-ау.
Жалпы, ауылда өскен әрбір қаратабанның қой кезекке шыққаны анық. Ен далада жалғыз жүргенде небір ойдың құшағында қаласың. Бұл құбылыс кезекке шыққан әрбір балаға жақсы таныс. Оңашада әнші де, биші де боласың. Алдағы белгісіз болашақ туралы ойлағанда қиялыңа қанат бітіп, ұшасың. Ал шындап келгенде, мал бағу баланы төзімділікке баулиды. Ми қайнатар аптап ыстық пен ызғырық қыстың күні қой бағу да оңай емес. Шыдам керек. Оның үстіне ойын баласына азаннан қара кешке дейін қойдың соңында салпақтап жүру де осал шаруа емес. Өзіңмен қатарлас өзге балалар асыр салып ойнап жатқанда жалғыз өзің қой айдап, шаң жұтып жүргенің.
Ал, қазір ше? Мыңғырған мал бағып, шелек-шелек сүт сауып, шұбат ішіп отырған қазақ бар ма бүгінде? Өткенде ғана бір ақсақалдың аузынан "Қазір мал бағатын бала бар ма өзі?" деген сөзін естіп таңғалғаным бар. Расында, қарияның сөзінің жаны бар. Жасыратыны жоқ, қазір қала түгілі ауылдың өзінде төрт түлікті қолда ұстап, арқа-жарқа күй кешіп отырғандар саусақпен санарлық. Баяғы ішсе сусын, жесе тамақ, кисе киім, мінсе көлік болатын малдан қол үзіп, атакәсіптен ажырап бара жатқанымыз өтірік емес. Шамасы, бейнетінен қашамыз. Оның үстіне бұрынғыдай мал соңына жүріп, бақташы болуға бүгінгі жастарда құлық та, ниет те жоқ. Бұрын мектеп бітірген екі жігіттің бірі ауылда әкесіне қолғанат болып малшылық кәсіппен айналысатын. Ал, қазір алдымен ата-аналардың өзі балаларын қалаға жіберіп, дәрежелі мамандық иесі атануын қалайды. "Мал соңында қашанға дейін жүреді, қала көрсін, жүрсін, білсін! дейді. Қысқасы, бүгінгі заманда мал баққан жан біреудің азы мен тозындай болып көрінетін көзқарас қалыптасқан. Дұрыс қой! Бәсекелестік қоғамда оқыған-тоқыған орынды. Десе де, халқымыздың байырғы тұрмысынан ойып тұрып орын алған шаруашылықтан біржола қол үзу де атакәсіпке жасалған қиянат деп білген жөн.
Ғалымдардың айтуынша, бабаларымыз 7 мың жылдай уақыттан бері төрт түліктің бабын тауып, аталмыш шаруашылықпен айналысып келеді екен. Ең алғаш жылқы малын қолға үйреткен де біздің халық деседі. Сондықтан да болар, еңбекқор, көреген халқымыз бір-бірімен жүздескенде әуелі "Мал-жан аман ба?" деп хәл сұрасқан.
Ал, қазір мал бағып, кәсіп көзін ашамын деген жанға мемлекет бар қамқорлықты үйіп-төгіп отыр. Несие беріп, жол нұсқап, бағыт-бағдар да көрсетуде. Бастысы, ниет болса болғаны. Ендеше, мүмкіндікті желге ұшырмай, иінін тауып, тұрмыс түзегеннің ерте-кеші жоқ. Тек сәті болсын деп тілеңіз.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.