ОШАҚ КИЕСІ
Кішкентайымыздан бізге ошақ ұғымының мәнін терең ұғындырып өсірді. Есімде, ауылдағы қарашаңырақта екі ошақ бар-тын. Қара күздің ызғар желі есе бастағаннан әлгі дүниенің бойына қан жүгіре бастайтын. Көмейіне екі-үш отын тығар-тықпастан гүрілдей жөнеліп, үй ішін құстың ұясындай лезде жып-жылы етуші еді. Екі аяғын бір-біріне кезек-кезек соғып, даладан бүрсеңдей енген жан қызып тұрған пешке қос табанын тоса қойса, екі беті алаулап, масайраған жандай қызарып шыға келетін. Сөйтіп, даңғарадай үйге сол екі ошақ жылылық шуағын шашып тұратын. Біз секілді барлық ауылдас балалар да осындай пеш түбінде өсіп, ержетті.
Ал, жазғытұрым шыға бастағаннан қыстай жалын жұтып, қара күйеге қақталған ошақ демін бір-ақ алатын. Халқымыздың киелі қазынасына айналған ол осылайша ала жаздай міз қақпастан тұрушы еді. Анамыздың тапсырмасымен әлгі ошақты ақ мақтадай етіп әктеп, бетін әдемі матамен жауып қоятынбыз. Құдды бір музейдегі көне жәдігердей... Ал, оның үстіне шығып, аяқ бүгу деген атымен болмайды. Үйдегі қатаң тәртіп сол. Анам да жалықпайды, әрі-бері өткен сайын "Ошаққа отырмаңдар, жаман болады!" деп үнемі ескертіп жүргені. Баламыз ғой. "Бізден тас болып қатқан кесегін несіне қызғыштай қориды" деп ойлайтынбыз. Қазір байыптап қарасам, сондағысы ошақ деген қастерлі ұғымның киесін жастайымыздан сіңіріп өсіргендегісі екен ғой. Ал, шын мәнінде оған қаланатын кесектер әуелі сайдың тасындай іріктеліп жиналатын. Себебі, ол жоғары қысымға шыдап, төтеп беретін берік болуы шарт. Оны біздегі үлкендер "қыш кесек" деп атаушы еді. Әдетте, күйдіріліп, анау-мынау қысымға бір бұрышы да сыр бермей қасқайып тұрып алатын кесектерді осылай атайтын.
Ал, анамыз азаннан-кешке дейін сол ошақтың айналасында жүріп, талай тәтті дәмдерді дайындап, дастарқан үстін жайнатып жіберетін. Тамақ та, шәй де сол ошақ үстіндегі қара қазаннан әзір болушы еді. Қара сиырдың тіліндей қып-қызыл жалын қазан түбін жалаған сайын паровоздың түтініндей қалың бу қақпақ шетінен будақтай түсетін. Пеш үстіне піскен күлше нан ше? Шіркін, оның дәмі бөлек қой. Даладан ойын ойнап, үйге діңкелеп кіргенде әжем анамның алдына түсіп, кешкі асқа дейін бір тойғызып қоятыны есімде. Кішкентай қамырды қолмен созып-созып дөңгелектеп, қызып тұрған пешке тастай салғанда әп-сәтте қып-қызыл күлше үлбіреп пісе қалатын. Алақандай нанның иісі бүкіл үйді алып, мұрын жарушы еді. Әжемнің әбден ыстық отқа қақталған салалы саусақтары дайын болған нанды ортасынан қақ айырып, ішіне сары май салып беретін. Оның ерекше тәтті болатыны соншалық, арада қанша жыл сырғып өтсе де, ошақ мойнында піскен күлше дәмі әлі күнге дейін таңдайда қалды. Несіне жасырайық, сөздің орайы келгенде айта өтейік. Осындай ошақтағы табаға піскен нанды көзін ашқалы бері қалада өскен бір қазақтың «боққа піскен нан» деп жиіркеніш танытқанын естіп жағамызды ұстадық. Иә, мал тезегінің шоғына пісетіні рас. Десе де, кезінде ат үстіндегі талай батырға адал ас болған бұл тағамның да иісі қазақ шаңырағы үшін орны ерек екенін ұмытпаған абзал.
Міне, қашанда әр нәрсені үлкен данышпандықпен жасап, оны өз игілігіне жарата білген халқымыз таспен қаланған қарапайым ошақтан да осындай керемет ас мәзірін дайындай білген. Бір жағынан, шаңыраққа жылылық сәулесін шашса, енді бір жағынан тоқшылық тойының себепкері сынды. Көмейіне екі-үш бұтаны сындырып салса болды, үй де жылыйды, тамақ та әзір.
Осындай береке мен мерекенің діңгегі іспетті оны бүгінгі таңда көзіміз шалу қиынға айналып барады. Шалғай ауылдық жерлердің өзінде қолдан толтырылған балон газ құрылғыларын пайдалануға көшкен. Өкіншісі сол. Мүмкін, «Есек жүгі жеңілдеген сайын жатаған келедінің» кері, не болмаса, біз айтып жүрген цивилизацияның бір ұшқыны осы. Оның үстіне «Апандай ошақ үйдің сәнін кетіреді» деген сынық сылтауымыз да жоқ емес. Алда-жалда кей үйден әлгі дүниені көре қалсақ: «Мәссаған, мына үй әлі де от жағады екен» деп тосырқай қарайтынымыз да сондықтан болса керек.
Бала күннен «Ошаққа су құйма! Жаман болады!», «Ошақты теппе!» деген ырым-тыйыммен бойжеттік. Ал, үлкендерден «Ошағыңның оты өшпесін, шырағың сөнбесін!» деген батасын естіп, өстік. Соның да әсері болған шығар, әйтеуір ошақ деген дүниеге үлкен құрметпен қарадық. Оның шаңырақ үшін ерекше киесі барын ұғындық. Сөйтсек, асыл қазынадай қарттарымыз бұл сөздің төркінінде қазақ пен қазан, от пен отбасы ұғымдары тонның ішкі бауындай етене астасып жататындығын жастайымыздан бойға терең сіңіре білгеніне дән ризамыз.
Бағлан ТІЛЕУБЕРГЕНОВА.