ТЫНЫШТЫҚ КҮЗЕТІНДЕ
Ел тыныштығын қамтамасыз етуде полиция мамандарына үлкен жауапкершілік артылған. Себебі, тәртіп сақшылары күндіз-түні бір тынбайды, тыныштықты қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл саланы таңдаған әрбір азамат – өз ісіне адал, сөзіне берік, әділдікке жақын болуы тиіс.
Қалалық ішкі істер басқармасы криминалды полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Әзиз Шағыровты әріптестері өз саласының білікті, тәжірибесі мол маман ретінде бағалайды. Оның арнайы форма киіп, полиция сапында қызмет етсем деген бала арманы алдамады. Еліміздегі ішкі істер министрлігінің Қарағанды заң институтын бітірген ол Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің қылмысты іздестіру бөлімшесінің жедел уәкілі болып алғашқы еңбек жолын бастады. Табандылығының арқасында өз ісін жетік меңгеруге күш салды. Бүгінде тәжірибесі толысқан оған аса маңызды әрі күрделі істер үлкен сеніммен тапсырылады.
– Қызметтік жолымда кездескен алғашқы іс жаңа жыл мерекесі қарсаңында орын алған оқиғадан басталды. Шиелі ауданына қарасты Алмалы ауылындағы азық-түлік дүкені тоналды деген хабарлама түскен бойда сол жерге жеттік. Анықтау барысында темекі, арақ-шарап ұрланғаны белгілі болды. Ұсақ қылмыс дегенмен жас маман үшін бұл үлкен тәжірибе алаңы еді. Қылмыскерлерді ізін суытпай құрықтадық. Осылайша, күн сайын кездесетін әртүрлі оқиғалар менің тәжірибе жинауыма септігін тигізді. Халықпен етене жұмыс жасау, қылмыскерлерді ұстау оңай шаруа емес. Бұл істе ақ пен қараны ажырата білу маңызды. Біздің жұмыста шыдамдылық аса қажет. Сүйікті ісіңе адал болуың керек. Шын көңілмен жасалмаған шаруаның нәтижесі де мардымсыз. Мен жедел уәкіл қызметін атқарған уақытта адам өлімі сынды ауыр қылмыстар, ұрлық-қарлық жиі кездесетін. Ал, қазір мұндай жайттар азайған. Оған профилактикалық жұмыстардың жүйелі жүргізілуі оң әсерін беруде, – дейді полиция подполковнигі Әзиз Әлиұлы.
Қылмысты ашудағы табанды әрекетін ерлік емес, міндет деп білетін ол кей кездері орын алған оқиғаларды түсінде көретінін айтады. Өз ісіне берілген азаматтарда мұндай құбылыстың орын алуы заңдылық сияқты. Аса жауапты қызметтің тізгінін ұстағандарға әрқашан шыдамдылық керек-ақ. Қазіргі таңда бір тәртіп сақшысы бірнеше міндетті қатар алып жүреді. Қай кезде де бұл саладағы мамандарға артылған жүк жеңілдеген емес. Ал, мұндай сәтте басшылықтың қолдауы мен сенімі олардың жігерін жани түспек. Бұл ретте Әзиз Шағыровты әріптестері ақылшы аға, жанашыр дос деп біледі. Өзінен кейінгіге ісімен де, сөзімен де үлгі бола білген ол бос уақытын спорттық, қоғамдық шараларға арнайды. Әскери қызметкердің физикалық тұрғыда шымыр болып, салауатты өмір салтын ұстанғанын жөн санайды. Бұл тұрғыда ол – өзіне талапшыл адам. Тіпті, құқық қорғау саласының қызметкерлері арасында өткен республикалық сайыстың қолма-қол ұрыстан бірнеше мәрте жеңімпазы атанған азамат. Өз саласы бойынша марапаттан да кенде емес. Ал, отбасында 3 баланың әкесі, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде тек ақыл-кеңесімен емес, ісімен де үлгі болуды құп көреді.
Айдана САЙДУЛЛАҚЫЗЫ.