ӘКІМШІЛІК АЙЫППҰЛДЫ ӨНДІРУ ТӘРТІБІ ТАРАЗЫЛАНДЫ
Жергілікті полиция қызметінің мәжіліс залында Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен семинар-кеңес өткізілді.
Семинар-кеңесте орын алған құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамаларды рәсімдеу кезінде азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету, салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіру шараларын жақсарту мәсеелеріне назар аударылды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2016 жылғы 14 тамыздағы №1024 және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2016 жылғы 18 тамыздағы №570 «Атқарушылық іс жүргізулер бойынша борышкерлерге тиесілі автокөлік құралдарын ұстау және борышкерге бұрын берілген жүргізуші куәліктерінің қолданысын тоқтата тұру тәртібін анықтау жөніндегі өзара іс-қимыл жасау туралы» бірлескен бұйрығын іске асыру мақсатында өткізілді.
Шараға облыстық прокуратура, Әділет департаменті, жеке сот орындаушылар өңірлік Палатасы, өңірлік жеке сот орындаушылар, қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының өкілдері шақырылса, сонымен қатар Әкімшілік полиция басқармасы мен Жергілікті полиция қызметінің жауапты қызметкерлері қатысты.
Бас қосуда әрбір анықталған құқық бұзушылықтар бойынша хаттамалардың сапалы рәсімделуі, заңда көрсетілген мерзімдерде сот органдарына әкімшілік істерді жолдау жағдайы, сондай-ақ аталған бағытта жұмыс жасау барысында туындайтын сұрақтар мен әкімшілік айыппұлдарды мәжбүрлеп өндіру процесіндегі шаралар жан-жақты талқыға салынды.