АҚМЕШІТТІҢ АЖАРЫ
Келер жылы Қызылорда қаласы 200 жылдығын тойламақ. Осы мерейлі тойға қызу дайындық бүгіннен бастау алған. Ақмешіттің өткені мен бүгінін бейнелейтін 200 жылдық мерейтой төлтаңбасына байқау жариялануы осы сөзіміздің дәлелі. Қашанда қала тойы-халық мейрамы. Жыл сайын қала күні Сыр халқының арасында кеңінен тойланып келеді. Биыл шаһардың 199 жылдығы болды. Ол үстіміздегі жылдың қыркүйек айының үшінші он күндігінің ішінде ерекше салтанатпен өткізілді. Атап айтқанда, ән-жырмен кестеленіп, «Сыр сүлейлері» аллеясында қазақтың дәстүріне сай қолдан өндірілетін қымыз, шұбат, айран секілді түрлі өнімдері мен ұлттық тағам фестивалімен айшықталды.
Жыл өткен сайын Қызылорда көркіне көрік қосып, шырайланып келеді. Сырдың сол жағалауында құрылыс қарқыны екпін алды. Ол көңілге қуаныш, кеудеге щаттық орнатқандай. Құрылыс алаңында алыстан мен мұндалап тұрған крандар мұнаралары бірінен соң бірі тынбай жұмыс жасап жатқанын көргенде қызу еңбектің қарқынын айтпай-ақ ұғасыз. Осы аумаққа жақындай түссеңіз, құрыш білекті құрылысшылардың сом балғасы соғылып, кранға команда беріліп, іргесін көтеріп қалған көп қабатты үйлердің үстіне құрылыс материалдары шығарылуда. Нағыз қызу еңбек майданы. Құрылыс алаңында бір сәт демалу жоқ. Ерсілі-қарсылы көлікпен тасылып жатқан құрылыс материалдары тағы бар. Жаңа қалада жанданған жұмыстың шабытпен атқарылып жатқанын көзбен көргенде көңіліңіз көтеріліп сала береді. Оған іштей сәттілік тілеп, айналаға кең тыныстай қарап, жаңа қаланың болашақ бейнесі мен келешегінің жарқын екеніне шүбә келтірмей, шалқар сезімге бөленесің.
–Мен негізі ауылдан шыққанмын. Есейген соң қалаға келіп оқу оқып,
мамандық алдық. Содан бері қала тұрғынымын. Үйлі-баранды болдым. Инженерлік мамандығым бойынша қызмет жасадым. Сөйтіп, қаланың тіршілігіне сіңісіп кеттік. Қызылордада тұрып келе жатқанымның өзіне жарты ғасырдан асып кетті. Бүгінгі қала келбетін өткен шақпен салыстыруға әсте де келмейді. Бұның барлығы – тәуелсіздігіміз бен бірліктің арқасы. Айтатыны жоқ, сәт сайын қаламыз шарықтап өсе түсуде. Кеше жүріп өткен жолыңда бүгін келбеті келіскен зәулім ғимарат тұрады. «Әнеу күні ғана жоқ еді, қалай байқамағанмын» деп таң қалатын болдық. Осындай жылдамдықпен өсіп жатқан бүгінгі қала келбеті мен сәулетіне көңілім қатты толады. Осындай істерді ұйымдастыра білген жергілікті басшыларға шексіз ризамыз, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер, Муфтулла Қуатов.
Мереке күні кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілікке ұсынып, өз мәзірлері мен өнімдерін келушілерге тегін таратты. Бұл – қазаққа тән кеңпейілдіктің айқын көрінісі екені анық. Бұл шара барысында қалаға қарасты ауылдар мен кенттер де тыс қалмады. Олар этноауыл арқылы халқымыздың салт-дәстүрін кеңінен насихаттай білді. Көрмені көрген көпшілік жоғары баға берді. Қазақ дәстүрінің қаймағы бұзылмағанының тағы бір куәсі болды. Онда өнер көрсеткен әжелер ансамбльдерінің өнеріне көрермен риза болысты. Этноауыл көрмесінің аясында өткен аспазшылар сайысы әртүрлі тамаша тағамдарымен көпшілікті таң қалдырды.
Осы күндері қала көшелері де мерекеге сай бұрынғыдан да түрлене, ажарлана, көріктене, арудай жасана түскенін көзіміз көрді. Биыл қала бойынша 48 мың шаршы метр алқапқа сан алуан гүлдер түрі өсірілген. Ең басты жаңалықтың бірі – биылдан бастап көше бойларын түрлі тастармен көмкеру қолға алынған. Ондағы өткен шақтан сыр шертетін қазақы нақыштар мен керуен, Құсбегі мен қыз қуу бейнелері бүгінгі ұрпақ санасын селт еткізбей қоймайды. Жылдан-жылға жасыл желекпен көмкеріліп келе жатқан қаламызға осы жылдың өзінде 16 мыңға жуық ағаш отырғызылған. Ал, көше бойында саны артқан гүлзарлар мен түрлі архитектуралық мүсіндер қала ажарын айшықтай, айқындай түскен.
Осындай күн санап құлпырып келе жатқан қаланың тазалығын сақтай білу – бүгінгі күннің басты талабы. Оған тікелей жауапты – «Қызылорда тазалығы» ЖШС мекемесі. Бүгінде бұл мекеме заман талабына сай техникалармен толық қамтамасыз етілген. Қыста қала көшелеріне тұз, құм сеуіп, қарын тазалайды. Оған қауқары толық жетеді. Бүгінде барлық техникалар осы іске жұмылдырылып отыр. Жаңбырдың, қардың еріген суын тартып алатын техникалар да бар. Одан басқа темір қоршауды жуатын, көше шаңы мен құмын сорып алатын арнайы техника түрлері де жұмыс жасауда. Қала тазалығын сақтау барысында толымды жұмыстар атқарылуда. Өйткені, Жыл басынан бері Қызылорда әкімдігі «Ашық Қызылорда – «Оpеn KyzyIorda» жаңа жобаны жүзеге асырып келеді. Соның нәтижесінде халық пен билік арасында тығыз байланыс орнатылып, қала тазалығына байланысты мәселелер өз шешімін табуда.
Жыл басынан бері жалпы ауданы 240 580 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлерде 7 мыңға жуық қоныс тойы өтті. Ел тынышытығын күзетуші полицейлерге 69 жеңіл автокөлігі тарту етіліп, 14 полиция бекетінің құрылысы жүруде. Мұнымен қоса 20 спорттық-жаттығу алаңы салынуда. Қатынас сапасын арттыруда маңызды деп саналатын қаладағы 124 көшеге орташа, күрделі және қайта жөндеу жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, тұрғындар өтініші бойынша «Сәулет» шағын ауданының 35 көшесін жөндеу жұмыстарының да сәті түсті. «Нұрлы жол» аясында 27 жоба бойынша 34,4 шақырым ауыз су және 7,8 шақырым кәріз құбырлары жаңғыртылуда. Бұдан басқа қаланың арқа бет жағында Жезқазған автожолына дейінгі аралықта көсіле жатқан Қорқыт көшесі қайта жаңғыртудан толықтай өтті.
Міне, осындай ауқымды жұмыстармен мерей тойды қызылордалықтар зор қуанышпен қарсы алды. Сондықтан да қала мерекесі әртүрлі іс-шараларға толы болды. Оның өзіндік мәні, сипаты, үлгісі, үрдісі, тәлімі, танымы, тағылымы ерекшелігімен көпшіліктің есінде қалды. Өйткені, осы мереке аясының соңғы күнінде өткен қаладағы жәрмеңке жұртшылықтың көңілін айрықша көтере түсті.
Жыл өткен сайын Ақмешіт ажарының айшықтана түсуі, адам жанына арай беріп, көңілге қуаныш нұрын құйып, ерекше сезімге бөлегендей әсер етеді. Өйткені, бұл – Алаштың анасы атанған біздің сүйікті қаламыз! Мерейің үстем бола берсін – Қызылорда!
К. ЕРІМБЕТОВ