Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » ЕТІКШІ-КОЛЛЕКЦИОНЕР

ЕТІКШІ-КОЛЛЕКЦИОНЕР

  Таң атты... Күн ұясынан шыққаннан қала орталығындағы «Жайна» сауда базарына асықтым. Бар ойым – ерекше құнды дүниелерді жинауды сүйікті ісіне айналдырған коллекционер Сенбек Дүйсенбаевпен жолығу.
Мамандықтың жаманы жоқ дейміз. Дұрыс қой. Десе де, соның нағыз шебері болу – бұл өз алдына бөлек әңгіме. Олардың арасында қарапайым кәсіпті нәсіп етіп, нәпақасын айырып жүрген жандар баршылық. Ал, біздің бүгінгі кейіпкеріміз етікшілік кәсібімен 20 жылдан бері айналысып келеді. Отбасында 3 бала тәрбиелеп отырған ардақты әке қолына тек балға мен бізді ғана серік етпепті. Ол өзінің сүйікті ісімен де айналысады. Өте сирек кездесетін ашық хат, төсбелгі мен көне тиындарды жинауды өзінің хоббиіне айналдырған. Оның жинақ қорындағы әрбір дүние өткен тарихтан шежірелі сыр шертіп тұр.– Коллекцияны бастағаныма 7-8 жылдың төңірегі болып қалды. Мұндай істі шетелдік ғалымдар фалеристика деп атайтын көрінеді. Алғашқыда Кеңес заманынан бергі тиындарды жинауды бастадым. Бүгінде қолымда 100-ден аса тиын бар. Олардың ішіндегі ең ескісі – 1923 жылы шыққан 10 тиын. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі шыққан қазақ тиындарының бір ерекшелігі – онда халқымыздың ақын-жазушылары мен салт-дәстүріміз бейнеленген. Мәселен, оларда Әлихан Бөкейханов, Әбілқайыр хан, Сәбит Мұқанов сынды өзге де ұлт жанашырлары мен жазушылар бар. Сондай-ақ, олардың арасында қазақтың «сәбиді қырқынан шығару» жоралғысы 20 тиын бедерінде таңбаланыпты, – дейді ол.
Соңғы бес жыл көлемінде ол 500-ге тарта Кеңес дәуіріндегі көне төс белгілерді де жинақтаған. Әрбірінің тарихына қызыққан етікші ең алғашқы болып 1935 жылғы «Знак почёта» төсбелгісін Өзбекстанның Ташкент облысындағы колхоз басшысы Артықбай Тілебаев есімді қазақ азаматына берілгенін мақтанышпен айтты. Сонымен қатар, 1950 жылдардағы «Отличный паровозник», «Ударник коммунистического труда», «Ударник летней четверти» және спорт саласындағы «Чемпионат мира по хоккею. Москва», «Стрельба стендовая», «Акробатика» сынды түрлі төсбелгілерді жинақтапты. Кейіпкеріміз олардың әрқайсысына ерекше қамқорлықпен қарап, жұмыс бөлмесінің қабырғасына қаз-қатар тізіп қойыпты. Бөлмеге алғаш бас сұққанда құдды бір кішігірім музейге енгендей күй кешесің.
Бір қызығы, орыс суретшілерінің ішіндегі ең жұмбақ әрі оқыс құбылыстарды бейнелеуші Архип Куинджидің шәкірті, талантты суретші Зарубин салған пошталық ашық хаттар да осы кісінің коллекциясы қатарынан табылды. Онда суретшінің әр мерекеге арнап жасаған түрлі хаттары бар. Мұндағы пошталық хаттардың ішіндегі ең ескісі де осы кісінің еңбектері көрінеді.
– Шеберхана келушілері де бұларға қызығушылық танытады. Етігін тігіп бітіріп бергенше бұл жинақтардың тарихы туралы әңгіме-дүкен құрамыз. Бір аңғарғаным, мұндай дүниелерге қызығатын адамдар қатары көп екен. Жанымда жүрген балаларыма да есінде қала берсін деген ниетпен олар туралы баяндай беремін. Себебі, тарих – өткен күннің куәсі, қазіргінің үлгісі мен өнегесі, ал болашағымыздың асыл қазынасы. Алдағы уақытта жинақ қорын толықтыра түсу ойда бар, – дейді фалерист Сенбек Дүйсенбаев бізбен әңгімесінде.

Таңшолпан КЕНЖЕБАЕВА.
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
27 ақпан 2018 ж. 1 819 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 420 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам