КӘСІПКЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН «QAMQOR» МОБИЛЬДІК ҚОСЫМША ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Бас прокуртурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комиттетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары Ыдырыс Сәкен Олжабайұлы мәлімдеді.
Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілерін болдырмау жұмыстары, бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайту Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті қызметінің басты бағыттары болып табылады.
Ағымдағы жылы тексерулердің саны өткен жылмен салыстырғанда біршама азайған. Облыста тексерудің барлық түрі 5 пайызға төмендесе, кәсіпкерлерге қатысты тексерулер 19 пайызға кеміген.
Ағымдағы жылы кәсіпкерлерге көмек ретінде «Qamqor» мобильдік қосымшасы әзірленіп, іске қосылды. Аталған мобильдік қосымшаның ерекшелігі қолданушының (кәсіпкердің) телефонына тексеру тағайындалған жағдайда «Сізге тексеру келеді» мәтінімен хабарлама келіп түсетіндігінде.
Қосымшада тексеруге қатысатын тұлғалар, мерзімі, құқықтық негіздері, тексеру нысанасы туралы мәліметтер көрсетіледі.
Кәсіпкерлерге тексеру басталғанға дейін немесе тексеру барысында орын алған заңбұзушылықтар бойынша шағымын онлайн режимде жіберуге мүмкіндік берілген.
Бизнес қоғамы өкілдеріне өздеріңіздің заңды құқықтарыңыздың мемлекеттік орган тарапынан бұзу фактілері орын алған жағдайда «Qamqor» мобильдік қосымшасын пайдаланып, бізге жүгінулеріңізге болатындығын хабарлаймын, - деді Сәкен Олжабайұлы.