КӨРЕРМЕНГЕ ЖОЛ ТАРТҚАН "ЗАМАН-АЙ"
Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театр репертуары тағы да бір жаңа спектакльмен толықты. 2 желтоқсан күні театр сахнасында М.Серікбаевтің «Заман-ай» драмасы болып өтті. Спектакльде негізінен қазіргі қоғамдағы теріс ағымдар жайлы айтылады. Бір-ақ, сәтте өзі тәрбиелеп, өсірген азаматының басқа діннің жетегінде кетіп, туған әке-шешесін кәпірге санап, олардан теріс айналуы бәрі осы спектакльде баяндалады.
Бүгін де, асыл дінімізбен мүлдем жанаспайтын жат ағымдар жетегінде кеткен қаншама қандастарымыз өз жақындарынан, достарынан теріс айналып жатқаны баршаға мәлім. Осыған орай, еліміздің жарқын болашағын қалаушы – жас ұрпақтарымыздың санасын улап жатқан жат ағымдардың мән-мағынасын, әсер ету жолдары мен тигізер зияндарын ашып көрсетіп, оларға қысқаша тоқталуды мақсат еттік.
Сондықтан да балалардың бойына жастайынан ізгілік, имандылық, отансүйгіштік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық секілді қасиеттерді сіңіру мен тәрбиелеуде отбасы маңызды рөл атқарады. Демек, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, баланы балабақшадан бастап тұлға ретінде қалыптастыруға, мектеп қабырғасында тілімізді, мәдениетімізді қастерлеуге, жоғарғы оқу орындарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үйретуіміз қажет. Тек сонда ғана осындай теріс пиғылды діни ағымдарға бөгет қоя аламыз. Спектакльдің басты тақырыбы діни ағымдар жайлы болғандықтан облысмыздың орталық мешіттерінен имамдар келіп арнайы тамашалады.
Сонымен қатар, келген көрермендердің көздеріндегі еріксіз аққан жасты көріп спектакльдің жақсы деңгейде шыққанын көруге болады. Спектакльдің режиссері театрымыздың қоюшы режиссері Ақтөре Оразалы болса, басты рольдерде Асқар Оразалиев, «Мәдениет саласының Үздігі» төс белгілерінің иегерлері Нұрлыбек Шыналиев, Зәуре Көздібаева сәтті сомдап шықты.
Балтай ЖӘРДЕСҚЫЗЫ,
театрдың ақпарат бөлімінің меңгерушісі.