Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » КҮЙ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНАТЫ

КҮЙ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНАТЫ

     Облыс орталығында орналасқан филармонияның концерт залында «Бабалар аманаты» атты күйшілер концерті өтті.    Кеш барысында Тұрмағанбет халық аспаптар оркестрі, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі домбырашылары, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледждің талантты жастары өнер көрсетіп, көпшілікті күй күмбіріне бөледі. Сыр өлкесінің дәулескер күйшілері – Құрақтың Досжаны, Мырза Тоқтаболатұлы (Шалмырза), Әлшекей Бектібайұлының мұраларын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шарада олардың «Мамық», «Өттің дүние, кеттің дүние», «Жемнің ағыс күйі», «Бұғының күйі», «Ташауызы» мен ел арасына кеңінен танымал «Мереке» туындылары көрермен назарына ұсынылды.                    
     Ел арасында танымал «Тепең көкті» орындаған өнерпаз Еркін Базарбаев  алдымен өзі орындайтын туындының тарихына тоқталды. Ауылдың Жәнібек деген байы болған екен. Бір күні базардан қайтқан ол жолай қиқулаған аққудың үнін естіп тоқтай қалады. Жан-жағында аққу жоқ. Сәл кейіннен ол домбыра арқылы шығып тұрған дауыс екенін сезеді. Қасындағы атқосшысына «мына адамды тауып маған ертіп әкел» деп бұйырады. Біраз уақыттан кейін атқосшы ауылдың қарадомалақ баласын қасына ерте келеді. Жәнібек балаға қайта-қайта қарап, жөн сұрасады. Сосын кейін баланы сынайды «маған күй тартып берші» дейді. Әлшекей ең алдымен байға, содан соң астындағы атына қарап, аяқ астынан тың күйді төгілте жөнеледі. Бай болса да астындағы аты – мынау, соны байқаған Әлшекей оны түсінікті етіп бейнелейді. Міне, осыдан кейін әлгі күй «Тепең көк» атанып, ел арасында кеңінен таралып кеткен екен.
         Күй – халқымыздың өткені мен бүгінін жеткізуші ерекше сипатқа ие, шексіз өнер түрі. Ол ХIV ғасырда жеке музыкалық жанр болып қалыптасты. Оның да өз тыңдарманы, жанымен түсініп ұғынатын қауымы болады. Қазақтың күйшілік өнері халықтың мұңын жеткізуші және салт-дәстүрімізді орнықтырушы болған.
          – Адам жанын рухани байытып, қазір жастарға үлгі ететін осындай шараларды насихаттау қажет. Мен өз немереммен арнайылап осы концертке келдім. Ертеректе елі үшін өз мұрасын қалдырған ата-бабамыздың шығармашылығын көрсін, білсін деген ойым бар, –деді Анар Баймаханова есімді қала тұрғыны.
         Халқымыздың күйшілік дәстүрінде аттары аңызға айналып, ел есіне мәңгілікке өшпес із қалдырған тұғырлы тұлғаларымыз аз емес. Мәселен, Тәттімбет тәтті мұң мен қоңыр сазға, Құрманғазы жігерлі, Қазанғап құбылмалы төкпе жыр, Дәулеткерей терең толғауға толы шығармаларды ұсынды сынды. Қазақ тарихында қобыз бен сыбызғы күйлері домбырға қарағанда көп сақталмаған. Қобыз күйлері түбі бір түркінің абызы атанған  Қорқыт атадан басталған.
         Сырда туып, елі үшін өшпес мұра қалдырған дәулескер күйшілер бар. Ел арасында Шал Мырза атанған. Мырза Тоқтаболатұлының туындылары өр мінезділігімен ерекшеленеді.Ол орындаған «Бұғының күйі» аңызын елге жеткізген көнекөздер жоқтың қасы. Табиғат аясында құбылыстарды шебер жеткізе білген, аталмыш жануардың өз жаратылысына сәйкес табиғи ниетін адам өміріндегі осы сияқты ұқсас ахуалдармен шендестіре суреттеген.                   – Ал небәрі 8 жасында домбыра тартып, 12 жасына дейін Сыр бойы күйшілерінің шығармаларын орындау деңгейіне көтерілген – Құрақтың  Досжаны. 1878 жылы қазіргі Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов аумағында дүниеге келген. Киелі күй өлкесінде ерекше дәстүрі мен қайталанбас қолтаңбасын қалдырып, өз өмірін күйшілікке арнаған. Досжан да Әлшекей, Қазанғап сынды күйшілерді тыңдап өсіп, өзі де артынан мол мұра қалдырған. Дүлдүл күйшінің «Ақмоншақ», «Кербез төре», «Жетім қыз» секілді көптеген шығармалары бар, – дейді Қазанғап атындағы музыкалық колледж мұғалімі, Тұрмағанбет атындағы халық аспаптар оркестрінің домбырашысы Әлімжан Әбсадықов.
 Досжан шығарған «Жетім қыз» күйі өзі кезіктірген Бәти қыздың жалғыз ағасына байланысты шыққан екен. Бұл күй ағасынан айырылған Бәтидің мұң-зарын көрсетуге арналған. Әр күйші өзі ғұмыр кешкен заманның тарихы, мұңы секілді мәселелерін тыңдап, оны күймен байланыстыра білген. 
         Әлшекей Бектібайұлы Жаңақорған аумағындағы Қаратаудың «Бектібай сазы» жерінде дүниеге келген. Күйшілік өнерді нағашы атасы Рүстемнен үйренген өнерпаздың азан шақырып қойған есімі – Әлішер. Ата-анасының еркелетуімен Әлшекей атанып кеткен. Зерттеушілер 100-ге жуық күйі бар екенін атап кеткен. Алайда, оның 50 шақтысы ғана бүгінгі күнге жетіп сақталған. «Тепең көк», «Егес», «Шертпе», «Нарсоққан», «Тоқырау» секілді өзге де күйлері елге танымал. Жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбек оның күйлері туралы: «Әлшекейдің қолтаңбасы дара. Ол оғыз-қыпшақтың Қорқыт арқылы жеткен эпикалық сарындарына мейілінше жүйрік болған. Күйшілік мектептерді саралағанда оның өнері өз алдына оқшау арна тартып жатады. Ал, бітім құрылыс жөнінен дәстүрлі тік күйлердің де, қоңыр күйлердің де қасиеттері мінсіз кірігіп, тұтастық танытып отырады» деген екен.
Зейін қойып тыңдаған сәтте тұла-бойыңды ерекше сезімге бөлеп, жүрек қылын шерткен осы бір құнды қазына – біздер үшін баға жетпес байлық. Домбыра шанағынан төгілген күй кең-байтақ даласын әсем әуенімен, қоңыр үн барша қазақ баласын бесігінде тербетіп, бойымызда аққан қанмен сіңісіп кеткендей. Ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан осы бір ұлттық құндылығымыз қай кезеңде де өзінің асқар шыңында биіктеп тұра берері сөзсіз.
Күй өнері өрнектелген кеште жүрек түкпірінде ұялаған ой осылайша толғаныс сезімін туғызды. Көрермен өзіне нәр алды. Тағылымы мол кеште жас ұрпақ ата-бабадан аманатқа айналған мол мұраны зердесіне тоқыды.
                                                                                                                 Таңшолпан КЕНЖЕБАЕВА.
20 ақпан 2018 ж. 2 199 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам