Мәртебең биік болсын, мұғалім!
Қазанның алғашқы жексенбісі – мұғалімдердің кәсіби мерекесі. Еңбегі өлшеусіз, ізгі қоғам тәрбиелеуде өзін де, уақытын да аямайтын нағыз ұстаздар қашан да елге сыйлы, шәкіртіне үлгі. Кәсіби мерекеге орай қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Баймұрзаевамен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Динара Қонақбайқызы, «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, осы бір ауыз сөз мұғалімнің қоғамдағы беделін де, жауапкершілігін де айқындап келеді. Қанша уақыт өтсе де мәнін жоймаған ақынның сөзі бүгінде нақылға айналып кетті. Мәртебесін айқындаған заңы бар, табысты мамандыққа айнала бастаған мамандық иелерінің көңіл-күйі қалай?
– Қай кезде де қасиетті мамандық иелері жаңа оқу жылын асыға күтетіні белгілі. Баланың мектебін сағынғаны сияқты, мұғалімнің де шәкірттерін, ортасын сағынып, жазғы демалыстан кейін жаңа оқу жылын қуана қарсы алады. Білім күнін бал-бұл жанған жүздерімен, шәкіртін құшақ жая қарсы алатын сәттің өзі бір бақыт екен. Өкінішке орай, биыл жылдағыдай жаңа оқу жылын қуана қарсы ала алмадық. Әлемді дендеген коронавирус індеті өткен оқу жылдың соңғы тоқсанынан бастап білім ордаларында тыныштық орнатты. Әрине, бұл оқушы, мұғалім, ата-ана, жалпы қоғамға оңай болып тұрған жоқ. Ең бастысы, амандығымызды ойласақ, бұл күндердің де уақытша екендігін түсініп, сабыр сақтауымыз керек. Осындай сын сағатында цифрландыру игілігін пайдаланып, қашықтан оқу тәртібіне икемделген мұғалім мен оқушыға, ата-анаға алғыс айтамыз. Әрине, мектепке келіп, партада отырып білім алғанға не жетсін! Сол күнге қайта оралуымызды бәріміз де асыға күтіп жүрміз.
Шынында да елімізде тұңғыш рет «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды. Бұл мұғалімдерге жаңаша серпін бергені рас. Бүгінде заң аясында барлық білім беру ұйымдарында және білім сапасын қамтамасыз ету департаменті жанынан педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес құрылды. Әдеп жөніндегі кеңес білім беру ұйымдарындағы педагогикалық әдеп қағидаларының бұзылмауын, ұжымдағы ахуалдың тұрақты болуын қамтамасыз етеді.
Мұғалім мәртебесін көтеруде білім беру ұйымдарында еңбек жолын жаңадан бастаған жас педагогтарға тәлімгерлер бекітіліп, тәлімгерлік үшін және магистрлерге қосымша ақы төленуде. Мұнан бөлек жаңа оқу жылынан бастап мектеп директорлары мен орынбасарларының жалақысын көтеру мәселесі күн тәртібіне енгізіліп, ендігі кезекте білім деңгейлері негізінде аттестатталып, мектеп басшылығының еңбекақысы 30 проценттен 100 процентке дейін өсетін болады.
– Коронавирус індеті салдарынан елімізде қашықтан білім беру жалғасуда. Қашықтан білім беру қалай жүруде?
– Жаңа оқу жылының алғашқы тоқсаны еліміздегі ахуалға байланысты қашықтан оқыту форматында басталғаны белгілі. Осы орайда 1-4 сыныптарда білім алатын 30960 оқушының 6964-і кезекші 483 сыныпта оқиды. 1-4 сыныптар бойынша 23996 оқушы қашықтан білім алуда. Кезекші сыныптардың барлығында балалардың қауіпсіздігін сақтау үшін қатаң шаралар қабылданған. Атап айтар болсақ, дезинфекциялық ерітінділермен залалсыздандыратын арнайы туннельдермен, аяқ киімдерді арнайы залалсыздандыратын кілемшелермен, байланыссыз термометрлер, санитайзерлер, кварц шамдары, дезинфекциялық жуып-тазалау құралдарымен толық қамтамасыз етілген. Оқушылардың әлеуметтік арақашықтықты сақтау үшін арнайы жолақтар жүргізілген. Сонымен қатар қаладан шалғай орналасқан, интернет жылдамдығы төмен, оқушы саны 180-нен аспайтын 4 мектепте санитарлық нормаларды сақтай отырып, дәстүрлі білім беру жүргізілуде.
Қаламыздағы мектептердің барлығы оқу процесін қашықтық форматында ұйымдастыру үшін мектеп мұғалімдерінің негізгі сұранысына сәйкес «Білім лэнд» интернет платформасымен келісім шартқа отырды. Оқу форматына қарамастан қазақ және орыс тілдерінде оқитын оқушыларға мұғалімдер мен ата-аналардың көмегімен 1-11 сыныптарға республикалық «Еларна», «Балапан» арналары арқылы телесабақ берілуде. Сондай-ақ жергілікті телеарналарда да телесабақтар ұйымдастырылуда. Өткен оқу жылының соңғы тоқсанында қаламыздағы №3 мектеп-лицей мен «Мұрагер» мектебінің мұғалімдері екі тілде телесабақтар түсіріп, республикалық каналдан көрсетілді. Бүгінде қашықтан білім беруде ешқандай кедергі жоқ деп айта аламыз.
– «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!» деген емес пе ғұлама Абай. Қоғамның қасиетті мамандыққа деген көзқарасы түзелген тұста жауапкершілік жүгі ауыр, ұрпақ тәрбиесіне жауап беретін мұғалім жаңа заман шақыруларына қаншалықты дайын?
– Мұғалім – ізгі де қасиетті мамандық. Сол себепті де кез келген адам мұғалім бола алмайды. Шәкірт жүрегіне жол табу, өз мамандығының мәртебесін әрдайым биік ұстау нағыз мұғалімнің қолынан келеді. Қоғамда мұғалімнің әлеуметтік жағдайын жақсарту, мәртебесін көтеруге жағдай жасалумен қатар оларға артылатын жауапкершілік жүгі жеңілдемейді. Себебі уақыт алға жылжып, заман өзгерген сайын білім саласы әрдайым көш басында тұруға тиіс. Себебі қоғамды алға жылжытатын тек білімді де саналы ұрпақ. Бұл – ұстаз үшін үлкен жауапкершілік. Бұл орайда атап айтарлығы, мұғалімдерді аттестаттау толығымен жаңа жүйеге көшті. Модератордан бастап шебер педагогтар өз біліктіліктеріне сәйкес қосымша ақы алуда. Бір атап айтарлығы, ақылы олимпиадалар мен сатып алынған грамотолар мен медальдар, жалған сертификаттар аттестаттау барысында есепке алынбайды. Бұл министрлік тарапынан қатаң қадағалануда. Мұндай фактілер анықталған жағдайда әрбір мектептің педагогикалық әдеп кеңесінде қаралатын болады.
– Өзіңіз де мұғалімдер отбасында тәрбиелендіңіз. Мұғалім мамандығын таңдауға ата-ананың өнегелі жолы әсер еткен болар...
– Бұл ізгі мамандық атадан балаға жалғасып келе жатыр десем болады. Әкем де, бауырлары да қасиетті мамандық иесі болса, нағашы атам, анам да шәкірттеріне саналы тәрбие, сапалы білім берген жандар. Ата-ананың мұғалім мамандығын қадірлей білгені, олардың көп алдында құрметке ие болуы бізді де мұғалім болуға, қасиетті мамандықты қадірлеуге ұмтылдырды. Сонымен қатар өзіме сабақ берген Беріккүл Алпамысқызының мені оқушы күнімнен алға жетелеп, олимпиадаларға қатыстырып, біліммен ғана жетістікке жетуге болатынын ұғындырғаны мамандығымды қателеспей таңдауыма себепші болды. Ұстаздарым Гүлзада Әбдімәлікқызы, Зайра Қалиасқарқызы, Сәуле Орынбекқызы, Рауаш Әлиқызы, Базаркүл Қодарова, Қарлығаш Дәуменова, Данаш Жүсіпова, Әбет Даниловке шәкірті ретінде алғыс айтып, басымды иемін. Осындай ұстаздардың, ата-ананың, аға-апаларымыздың өнегелі жолының да әсері болар, мен де, бауырларым да мұғалім мамандығын таңдадық. Әрине, бұған мақтанамын.
– Бір қаланың білім саласының тізгінін ұстау – кез келгенге бұйырмайтын мүмкіндік. Білім саласының басшысы ретінде қандай қолтаңба қалдырғыңыз келеді?
– Әр баланың өмір жолының жақсы болуына, жақсы тәрбие, сапалы білім алуына жағдай жасасақ деймін. Мұғалім ретінде, ел алдындағы азамат ретінде әрқайсысымыз сөзімізбен де, ісімізбен де үлгі болсақ деймін.
– Мерекелік лебізіңіз
– Барша ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Мұғалім еңбегін бағалау, мұғалімді құрметтеу тек бір күн ғана емес, әрдайым қоғамның назарында екені сөзсіз. Өлшеусіз еңбек жолында әрқашан абырой биігінен көрініңіздер! Мәртебелеріңіз биік болсын. Шәкірттерімізбен мақтанайық!
– Риясыз әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан:
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА