Әкім тойды тоқтата алды ма?
Соңғы екі жыл қатарынан облыс бойынша «Үлгілі ауыл» мен «Өркенді ауыл» атағын иемденген Ақсуат ауылдық округінің қазіргі жағдайы қандай? Елді мекенде қандай істер атқарылып, қай мәселе шешімін таппады? Бұл сұрақтардың жауабын ауылдық округ әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаевпен болған сұхбаттан білдік.
– Сынды қалай қабылдайсыз?
– «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, айтылған сыннан нәтиже шығарып, ауылымыздың көркейіп, дамуы мақсатында бар күш-жігерімді жұмсауға дайынмын.
– Биылғы біткен іс?
– Биыл ауылымыз үшін жемісті болып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында біршама жұмыс атқарылды. Ауыл орталығындағы No143 мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. 1982 жылы іргесі қаланған білім ошағы салынғалы жөндеу көрмеген. Бұған дейін ауылда амбулатория, мәдениет үйі жаңадан салынып, енді міне мектеп күрделі жөндеуден өтті. Бұл ауылға деген Мемлекет басшысының, қала әкімінің тарапынан көрсетілген қолдаудың көрінісі десек болар. Одан бөлек, ауылымызға жаңадан қоныстанушы тұрғындарды ауыз сумен қамту жұмыстары аяқталып, ақсуаттықтар толығымен ауыз сумен қамтамасыз етілді. Балаларға арналған спорттық тренажер қондырғысы орнатылып, жол жөндеу жұмыстары да қарқын алды.
– Биыл үлгере алмаған ісіңіз?
– Жаңадан қоныстанушы тұрғындарды электр желілерімен қамту мәселесі. 14 көшені электр желілерімен қамту мақсатында жоба-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.
– Ауылдағы жол сапасы қаншалықты жақсарды?
– Ауылдағы жол сапасын жоғары бағаласақ әбестік болмас. Округ бойынша 2017 жылы 8 көшеге, 2018 жылы 13 көшеге және демеушілер тарапынан 1,5 шақырым болатын 1 көшеге, 2019 жылы 11 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биылдың өзінде 23 көше жөнделді. Одан бөлек демеушілер тарапынан бірнеше көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бүгінде ауылдың жол мәселесі 70-80 процентке шешілген. Әйтсе де ауылымыз жылдан-жылға кеңейіп, нәтижесінде жаңа көшелер қосылуда. Соған сәйкес жол жөндеу жұмыстары алдағы жылы да қарқынды жүргізілмек.
– Ауылға «көгілдір отын» жеткізуге дайындық қалай?
– Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму жоспары бойынша Ж.Маханбетов ауылы мен «Наурыз» шағын ауданын газбен қамту 2021-2022 жылдарға жоспарлануда.
– Той тойлау тоқтады ма?
– Халыққа барынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ескертілуде.
А.ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ