Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақмешіт апталығы

Газет 1994 жылдан бастап шығады
» » Ақсуат: Әкімдер ел айтпай-ақ біледі...

Ақсуат: Әкімдер ел айтпай-ақ біледі...

  Жыл басында әкімдер үшін қарбалас кезең басталды. Себебі, олар қаңтар айында өткен жылды саралап, бір жылда атқарылған жұмысты бағамдау мақсатында халыққа есеп береді. Биылғы кездесудің бір ерекшелігі қалаға қарасты барлық  бөлімнің мамандары жергілікті тұрғынның сауалына жауап беріп, кеңес айтуда.
Біз бүгін Ақсуат ауылдық округінің әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаевтың ел алындағы есебіне куә болдық. Әдеттегідей, мәдениет үйі жергілікті тұрғынға лық толы. Олардың ішінде көнекөз қария мен ақ жаулықты әжелер саны көп. Осыған қарап, мұндағы билік пен халықтың тығыз байланыста екенін аңғарасың. Ауылға кіре берістен-ақ, ондағы тұрғынның әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігінің  жақсы екені көрініп тұр. Өйткені, мұнда тізілген жаңа әрі әдемі зәулім үйлер ерекше көзге түседі.
Қазіргі кезде бұл елді мекеннің сегіз мыңнан астам тұрғыны бар. Оның басым көпшілігі Ж.Маханбетов ауылында тұрады. Сондай-ақ, жыл өткен сайын «Наурыз» шағын ауданы да кеңейіп келеді.
Соңғы жылдары ақсуаттық тұрғындар шағын және орта кәсіпкерлікті қолға алған. Бүгінде мұнда 269 кәсіпкерлік нысан бар. Оның ішінде ерекше айта кету керек, «Алтын Дент» тіс емханасы халыққа сапалы қызмет көрсетуде. Әкім есебінен ұққанымыз, ауылда оң өзгерістер мен жаңашыл бастамалар қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр мұндағы №143 орта мектептің жылу қазандығы жаңартылды. Ал, биыл күрделі жөндеуден өтеді.
Есепті кездесуде қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мінберге шығып, қаладағы атқарылған жұмыс барысын халыққа таныстырды.
Қазіргі кезде Қызылорда қаласы адам танымастай өзгерген. Оны күнделікті күйбең тіршілікте көзіміз көріп, көкейіміз түйіп жүр. Әрине, жұмыс бар жерде сын да қосарлана жүретіні анық. Бүгінде сыннан да нәтиже шығуда. Былтыр дәл осы жерде ақсуаттықтарға уәде берген қала әкімі тұрғындардың алдына биыл тағы да келді. Сол кездегі айтылған әрбір сын түзеліп, халық көкейіндегі сұрақ оң шешімін тапқан. Тек тұрғындарды алаңдататыны «Көгілдір отынның» мәселесі. Шаһар басшысы оның да шешімі биылдан қалмай орындалатынына уәде берді. Десе де, бұл жоба 2021 жылдың еншісінде. Алайда, халықтың сұранысына сәйкес, биылғы жылға енгізуді барынша қолға алуда. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Сонымен қатар, ауылда спорт алаңының аздығы тұрғындардың «Әттегенайы» болып тұр. Бұл мәселе де алдағы уақытта өз шешімін таппақ.
Қиындыққа мойымай, барға қанағат тұтатын халқы бар ауылда береке мен тірліктің лебі есіп тұр. Олардың әрбірінің жүздерінен жылылық пен үлкенге құрмет, кішіге ізеттілікті байқайсың. Осыған қарап-ақ, айналасындағы біршама ауылдан оқ бойы озық келе жатқанын іштей мойындайсың. Қашанда, қай жерде де ауызбіршілігі бар, ынтымағы жарасқан елдің мерейі үстем болмақ. Осындай үдеден көрініп жүрген Ақсуат ауылдық округі 2018 жылы облыс бойынша 264 елді мекеннің ішінен «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы атанса, өткен жыл қорытындысымен «Өркенді ауыл» номинациясынна лайық деп танылды.
Қазыналы қарты, еліне адал басшысы бар ел қашанда биіктей берері анық. Мұндағы халық қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен ауылдық округ әкімі М.Ақмырзаевқа ерекше алғыс айтып, ақ батасын берді.
Атап айтсақ, ақсуаттық ардагер Өмірсерік Әбуұлы тұрғындардың атынан басшылардың ісіне береке, қызметіне сәттілік тіледі. Ал, жылдағы үрдіспен ардагер ұстаз Батырхан Остаев бата берді. Міне, осылайша бір сағатқа жетер-жетпес уақытта бір жылдағы атқарылған жұмыс барысы оң бағаланды.
– Биыл ауылдағы 16 көше орташа жөндеуден өткізіледі. Ал, «Наурыз» шағын ауданында жөнделмеген 7 көше бар. Оның барлығы біздің назарымыздан тыс қалған емес. Әрбір қажеттілікпен кемшіліктен хабардар болып отырмыз. Сондай-ақ, ауылда да жаңадан қоныстанған шет аймақтағы үйлерге жол керек екені де бесенеден белгілі. Осының барлығын биылғы қала бюджетінен қолға алуды көздеп отырмыз. Басты мақсатымыз – қала көлеміндегі, кент және ауылдық округтердегі күрмеулі мәселені шешу. Оның ішінде ең бірінші жол мәселесі. Өздеріңізге белгілі биыл Ақсуат ауылдық оргугі таза ауыз сумен қамтылады. Барлық мәселе осылай өз ретімен шешіледі деп уәде беремін, –деді қала әкімі өз сөзінде.
Расында, айта берсе, бұл ауылда да мәселе жетерлік. Десе де, басшылар өздері біліп, олқылықтың орнын толтырады деп түсіністікпен қарап, сабырлылық танытып отырған халыққа қала әкімі дән ризашылығын білдірді. Осылайша, «Алдағы уақытта ауыл әкімімен бірігіп, жұмыла жұмыс істеп, ел сенімін ақтаймыз», – деп уәде берді.
Ақмарал ОЛЖАБАЕВА.
25 қаңтар 2020 ж. 1 179 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (1693)

28 қараша 2020 ж.

№91 (1692)

24 қараша 2020 ж.

№90 (1691)

21 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 

Суреттер сөйлейдi

ТҮНГІ ҚЫЗЫЛОРДА
01 қараша 2017 ж. 14 421 0
  • Акимата Кызылординской области
  • Сайт президента
  • Нұрлы жол
  • Рухани Жаңғыру
  • Жаңғыру 30
  • Egov
  • Digital Kazakhstan
  • Нақты қадам