ТОҚШЫЛЫҚ ПЕН ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ИЕСІ
Қазақ халқы жыл иесі – итті жеті қазынаның бірі деп бағалап келеді. Әрине, адамды сатпайтын сенімді дос. Әйткенмен, итке қатысты біраз ырымдар да баршылық. Бұл жайлы анамнан жиі еститінмін.
«Сендерге иткөйлек кигізгенмін» дейтін анам. Бала кезімізде осы оның мән-мағынасын түсінбей өскеніміз рас. Иткөйлек – сәбидің қырқынан шығарылғанша киетін көйлегі. Жаңа туған шарананың денесіне батпауы үшін тігісі сыртына қаратылып, жөрмелеп, іліп тігіледі. Кейде оны көп жасаған адамның киімінің қалдығынан да ырымдап тіккен. Етек шеттерін бүкпей, кең етіп тігуі нәрестенің жақсы өсіп, жасының ұзақ болуына балаған. Міне, кереметтілігі осында.
Сонымен қатар, үй жануарын қанша қастерлегенімен ас-тағамдарға оның аузы тимеуі тиіс. Киіз үйге ит оңай кіріп кетпес үшін ергенек деп аталатын жіңішке ағаштан жасалған тор есікті ішінен қойған. Қазақта «Есіктен ергенек кетсе, иттен ұят кетеді» деген сөз содан шыққан.
Сондай-ақ, халқымыз оның ұлығанын жамандыққа жорып отырады. Егер ит қысқа-қысқа, үзіп-үзіп ұлыса, жақсылықтың нышаны дейді. Алайда, ол көкке қарай үнін соза ұлыса сол үйдің шаңырағында жамандық болады деген ырым бар. Мұндайда кейде итті өлтіріп, үстіне жеті кісі қара тас тастап, бастырып, түкіріп, бәле-жала өз басыңмен кетсін деп аластап көмген. Бұл ырым-тыйым бізден гөрі Орта Азия халықтары арасында көбінде ұшырасады.
Ата-бабамыз иттің сезуге, көруге, білуге қабілеті жоғары екенін білген. Ертеде ол басқалардың жынын көргіш келеді, бақсы отырған үйдің «босағасын қабады» деп сенген. Сол тәрізді ит жын-шайтанды да көріп, оларға үреді. Егер ит иесіне қарай жүгірсе тектен-тек емес. Ол шын мәнінде иесіне қарай келе жатқан қауіпті көріп, оны хабарлауға ұмтылады екен деген әпсана айтылады.
Өз адамына шын берілген тазы оған қатер төнгенде өзін өлімге қиюға дейін баратын адал үй жануары. Сондықтан қазақта тазының орны бөлек болған.
Келе жатқан жыл иесін түсіңізде көріп қалсаңыз...
Түсіңізде жеті қазынаны көрсеңіз, адал досыңызға сәттілік болады. Жүгірген ит көрінсе, онда өзіңіз жаңа орынға жайғасуға орын іздейсіз. Қара ит енсе, дұшпандарыңыздан сақтану керек. Ақ ит түске кірсе, жақсылықтың нышаны, ырыс кіреді. Төрт көз ит немесе «ақ төсті қара ит» көрінсе, бұлар – дұшпандар болып табылады. Демек, сақтық қажет.
Ал, ит жылы дүниеге келген адамдардың мінездемесіне келсек, ойға алған ісі орындалады, тоқшылық пен молшылық болады, олқылық толып, тыныштық мамыражай шақ келеді деп сенген. Лайым, солай болғай. Сайып келгенде, ит отбасының береке, құты тұрақтайтын «мекені» іспетті.
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ.