МҮШЕЛ ЖАС
Он үште – отау иесі. Бұл тәмсілді бала күннен естіп келеміз. Алайда, оның мән-мағынасына үңіліп, астарына бойлай бермейміз. Ол – адам өмірінің үлкен бір белесі. Бұрын ата-бабамыз он үшінде ақыл-ойы жетіліп, оң-солын тани алатын қабілетке ие болады деп таразылаған.
Бұл кезең алғашқы мүшел болып есептеледі. Қазақ үшін оның орны ерекше. Себебі, әр он екі жыл сайын қайталанатын мүшел жасты өте қасиетті санайды. Мәселен, 25-ке толғанда екі, 37-ге келгенде үш, 49-ға жеткенде төрт, 61-ден асқанда бес мүшел деп есептеледі. Бүгінде ғалымдар осы жылдар ішінде адам ағзасында елеулі өзгерістердің орын алатынын дәлелдеуде. Дегенмен, оны ата-бабамыз қанша ғасыр бұрын білсе керек. Осындайда олардың ақылдылығы мен парасаттылығына іштей қайран қаласың.
Әбір мүшел жастың өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары бар. Атап айтсақ, алғашқы мүшел – балиғат жасқа толумен байланысты. Ал, екіншісі – ат жалын тартып мінген жастың есейген шағы. Үшіншісі – ақыл-парасаттың толысу мезгілі деп айтылады. Сондай-ақ, жарты мүшелге келгенде ұлды сүндетке отырғызып, қыздың құлағын теседі.
Бірде Б.Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың мүшел жас туралы жазбасын оқыған едім. Сондай бір көргенді көріністі айта кеткен артық болмас.
– Қай жылы екені есімде жоқ, қараша айының басында консерваторияның концерт залында Сыр өңірінің әйгілі әншісі, белгілі сазгер Әлмұрза Ноғайбаевтың бір тамаша ән кеші өтті. Бір кезде ол көпшілікке қарап: «Бүгін – менің туған күнім. Жай туған күн емес, мүшел жасым. Халқымыздың бұрыннан келе жатқан дәстүрі бойынша мүшелде адам қимас киімін шын жүректен басқаға сыйлауы керек. Менің киімдерімнің ішіндегі өзім үшін ең қымбаты, бағалысы батыр Бәукең атамыздың қара шаңырағынан киген зерлі шапаным еді. Қадірлеп, қастерлеп үлкен сахналарда ғана киюші едім. Осы күнге аман-сау жетіп, алдарыңызда ән шырқап тұрғаныма Аллаға шүкіршілік етіп, мен де бабалар дәстүрін орындайын, – деп бір кезде өзім иығына жапқан шапанды інілік ізетпен сыйлы бір ағасына кигізді. Сол кезде көрермендер тікесінен тік тұрып қол соғып, қошемет көрсетті.
Осыны оқып үлкендердің мүшел жасқа деген құрметін аңғаруға болады. Расында, ертеректе бұл кезеңге ерекше мән берген. Сондай-ақ, жөн-жоралғыларын бұлжытпай орындап, ас беріп, құран оқытқан. Сөйтіп, өзінің қимас затын сыйға тартқан.
– Бүгінде мүшел жастың қыр-сырына үңіле бермейміз. Себебі, жыл өтіп, заман жаңарған сайын тосыннан келетін тылсым күшке сенбеуді шығардық. Десе де, байқасаңыз, осы кезеңде өлім-жітім, апат, қырсық-кедергілер жиі кездеседі. Осыдан-ақ, бұл уақыттың адам өміріне әсері мол екенін аңғарамыз. Қазіргі жастар «мүшелде киім беру қажет» деп өзінің керексіз затын ұсынып жатады. Алайда, бұрын біз өзіміздің ең жақсы көретін қимас дүниемізді беруші едік. Соңғы жылдары мұндай үрдіс ұмытыла бастады. Тіпті, Алланың үйіне барып, құран оқытып, садақа беруді де жөн санамайды. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Өйткені, мұның қадір-қасиетін түсініп, мүшелге толған күні шүкіршілік етіп, құран оқытып, құнды дүниесін бірінші сұраған адамға беретіндер де жетерлік. Мәселен, мен осы жасыма дейін мүшелге толған күні қымбат киімдерімді, алтын бұйымдарымды туысқандарыма сыйладым. Сонымен қатар, тұрмысы төмен отбасыларына көмек беретінмін. Бұл кезеңге бей-жай қарауға болмайды. Құдайға шүкір, оның нәтижесі де жоқ емес. Сондықтан қазір өзімнің ұл-қыздарыммен, немерелеріме де осыны жиі айтып, оны орындатып отырамын, – деді көп балалы ана Жамал Сермаханова.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ.